Латын графикасына көшу - рухани жаңғырудың негізі

Латын графикасына көшу - рухани жаңғырудың негізі

Латын графикасына көшу - рухани жаңғырудың негізі
ашық дереккөзі
Қазақ жазуының латын графикасына негізделген әліпбиге көшуі – елімізді рухани жаңғыртудың басты өзегі. Ұлттық жаңғыру бағытындағы атқарылатын шаралардың бірі ретінде Елбасының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі туралы айтқан ойлары бүгінде нақты іспен іске асырылуда. Қазақстан Президенті латын қарпіне көшу туралы бастаманы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кезекті рет еске салған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деген болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінде терең талқыланған тақырыптың тамыры тереңде жатыр. Өйткені бұл бастама біздің тарихымызбен, болмысымызбен үндес. Тіл мамандары мен ғалымдар күш біріктіріп көршілес елдердің тәжірибесін ескере келе латын қарпіне көшу мәселесінде уақыт оздырмай нақты іске кірісті. Ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу уақыт талабы болып отыр. Латын қарпі – болашақтың кілті десек, ал оған көшу еліміз үшін аса маңызды кезеңдердің бірі болатыны ақиқат. Ал Елбасы айтқандай латын графикасына кезең-кезеңімен өтуге басымдық беру  жаңа әліпбиді терең меңгеруге жол ашады. Бұл тұста әрбір Қазақстан азаматы жаңа бастамаға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмылып, қоғам болып  үлес қосу керек. Жамбылдық мамандар латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиінде әлі де тың өзгерістер орын алуы мүмкін екендігін айтады.  Өйткені,  бас-аяғы 9 бөлім, 148 баптан тұратын емле-ережелер қайта талқылаудан өткізілуі қажет. Бұл туралы бүгін жоғары оқу орындары және мектептердегі тіл мамандарымен  өткізілген жиында сөз етілді. Жамбыл облысындағы жоғары оқу орындарының лингвист ғалымдары  әліпбидің  қолданылу аясы халыққа тиімді болу керектігін айтады. Ол үшін, жаңа әліпби орфографиялық, терминологиялық және пунктуациялық қателерден арылуы тиіс. Осы мақсатта әдебиет пен тіл  саласы мамандарына аталған мәселелерді жіті талқылау міндеттеліп отыр. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты түрде латын қарпіне көшуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал, тіл тазалығы басты назарға алынатынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ,  жиын барысында латын графикасындағы кей бөлімдерді қалпына келтіру мен қате тұстарды түзету керектігі де айтылды. Яғни, жаңа ұсыныстар сараптаудан өткізіліп, «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жолданатын болады. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімідігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастырумен «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бастар жол» тақырыбында семинар өтті. Жиында тіл жанашырлары,  жоғары оқу орындарының латын әліпбиін зерттеуші ғалымдары мен тілдерді оқыту  орталығы қызметкерлері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Семинар алдында қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ақын аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және Қазақстан халқы тілдері күніне орай Тілдерді оқыту орталығынан, латын әліпбиі кабинеті ашылды. Мұндағы мақсат – латын графикасына негізделген қазақ тілі мен әдебиетін түсіндіру, жаңа әліпби тізбегіндегі әріптерді үйрету сонымен қатар, әдістемелік көмек көрсету.  Латын графикасына негізделген қазақ жазуына көшу – бүгінгі заман талабы, уақыт сұранысы. Сондай-ақ, жиында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылатындықтан, латын әріптеріне көшу мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуде де маңызы зор екендігі айтылды. Бүгінде әлемнің дамыған елдері латын әліпбиін қолданады. Сондықтан тілдің дамып өркендеуі, әр ұлттың өзіндік ерекшелегі оның тілімен айқындалатындығы анық. Жиынды қортындылаған тіл жанашырлары, Латын әліпбиіне  көшу – түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашатындығын айтты.