Күлкінің күбісі қалай қаңсыды?

Күлкінің күбісі қалай қаңсыды?

Күлкінің күбісі қалай қаңсыды?
ашық дереккөзі
«Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім». Сатирик Сейіт Кенжеахметұлы айтқан осы бір сөз әлі күнге дейін мәні мен маңызын жойған емес. Бүгінде елімізде халыққа күлкі сыйлауға ниетті әзіл-сықақ театрларының саны жыл санап артып келеді. Әрине, сатира театрлары көбейген сайын көрерменнің үздік қойылымды таңдап көруіне жол ашылады. Бірақ сан артқанмен, сапаның жақсарғаны байқалды ма? Бұған соңғы кездері көрермендер арасында «әзіл арзандап барады, күлдіру үшін жасалатын күлдібадам дүние қаптап кетті» деген сын-пікірлердің жиілеуі дәлел. Күлдіре отырып, адамға ой сала білу – үлкен өнер. Әдемі әзілмен қоғамдағы келеңсіздіктерді сынға алатын әзіл-сықақ театрларының жұмысы оңай емес екені белгілі. Соған қарамастан, бүгінде сахна төрінде әзіл айтатын топтар, әзіл-сықақ отаулары толып жүр. Одан бөлек, желісі әзілге құрылған бағдарлама да, шоу да көп. Отандық телеарналар да эфирлік уақытын көбіне осындай бағдарламалармен толтырып жүргенін несіне жасырамыз. Алайда олардың сатиралық деңгейі қандай, әзілдері мен қалжыңдарының салмағы қандай? Олар сатираның жүгін өз деңгейінде арқалай алып жүр ме? Кейде сахнадағы сатираның бүгінгі келбетіне қарап, әзіл-сықақ ең басты мақсатынан алыстап бара жатыр ма деген ойға қалатындар көп. Мұндай өнер топтарын ауызға алғанда көпшіліктің пікірі екіге жарылары анық. Бір топ «әзіл-сықақшылар отбасы, ошақ қасының төңірегінен аса алмайды», «арзан әзілге құмартып алды» деген пікірді қолдаса, көрермендердің келесі тобы әзіл-сықақ театрларына әркез қолдау білдіреді. Солай бола тұра дәл қазір сандаған әзіл-оспақ театрларының көрермен алдындағы беделі ғана емес, сатиралық салмағы да, шығармашылық деңгейі де шатқаяқтап тұрғаны жасырын емес. Арзан күлкіге әуестік ең алдымен, әртістердің ізденісін тежеп, шеберлігін шыңдауға кедергі болатынын көптеген әзіл-сықақ театрлары актерлері өздері де мойындап жүр. Олардың да айтуынша, сықақты сайқымазақтықпен шатастырып алатындар аз емес сияқты. Одан бөлек, сахнадағы қазақы қалжыңның сәнінен айрылуына авторлардың жоқтығы да әсер етіп отыр дейді әртістер қауымы. Сондықтан, кәсіби сатириктердің қолынан (жүрегінен) шықпаған туынды өз биігіне жете алмай, жеңіл-желпі тақырыптан (ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керіс, ата-ана мен бала арасындағы жағдай, отбасылық мәселелер, т.б.) әрі аса алмайды. Оның үстіне, бүгінгі әзілкештер «ауыз өзімдікі» деп, көрермен қауымға қарабайыр, тұзы татымсыз әзілдерді ұсынуды әдетке айналдырып, сонысын өздері сұмдық тапқырлық, сықақтың «суалмайтын саптаяғы» сияқты бағалайды. Яғни, көшеде ғана айтылатын ауыр былапыт сөздер де, жексұрын жаргондар да қазақ сахнасынан емін-еркін естілуде. Ал сахнадағы мәдениет қайда? Киелі сахналардың кепиеті атпай ма? Тіл тазалығы деген ұғым қайда қалды? Сатирик-жазушы Нұрмахан Елтай сұхбаттарының бірінде: «...Әттең, ойлы оқырман аз, жеңіл-желпі қылжақ көбейіп кетті. Сахнаға шығып, анекдот айтып, топырлап жүргендерді сатираға қоспаймын», – деп еді. Қарап отырсақ, бүгінгі әзіл әлемінде анайы анекдотпен «жан бағып» жүрген әзілкештер аз емес. Тойда айтатын арзанқол әзілдерін сахнаға сүйреп шыққандар қаншама. Соның бәрін електен өткізіп, сахнадан шет қалдырса, әзірге әзіл-сықақшы атанып жүргендердің талайы тура жолға түсіп, өз үйірлеріне қайта қосылар еді. Қолынан келетін өзге істі атқарып, өзгені де, өзін де ұятқа қалдырмас еді.

Қазақ қыздарын «нысанаға» алған ба?

Көрермендер әзіл-сықақ театрларының кештеріне неге келеді? Ең алдымен, көптеген көрермендер күнделікті күйбең тірлікті, санадағы сан мыңдаған түйткілді аз уақытқа болса да ұмытып, көңіл сергітуді ойлайды. Бірақ көрерменнің ол үміті концерт залында ақтала қояды дей алмаймыз. Өйткені әртістердің аузынан ақтарылар арзан күлкі жан жадыратпақ түгілі жабырқатады. Уақыт өткен сайын көрермендер бұдан да жалыға бастаған сыңайлы. Бүгінде қазақ сахнасында жүрген «Шаншар», «Алдараспан», «Шымкент-шоу», «Әзіл әлемі», «Өнер қырандары», «Ерекше шоу («Нысана»)» сынды театрлар көрерменге жақсы таныс. Аты аталған театрлардың кештеріне халық та көп жиналады. Бұл көрермен қауымның осы әзіл-сықақ театрларына деген қызығушылығы жоғары екенін білдірсе керек. Бірақ олардың барлығы бірдей жоғары деңгейде өнер көрсетеді деуге бола ма? Мәселен, бір кездері «Нысана» деген атаумен танылған әзіл-сықақ театры қазір жиі сынға ілігіп жүр. «Бауыржан-шоу» театрының әртісі Әбунасыр Серіковтің жетекшілігімен құрылған бұл театр бүгінде өз алдына бөлек отау болып шықты. Сөйтті де, атауын «Ерекше шоу» деп өзгертті. Атауы өзгерген театрдың әзілдері де өзгерсе екен деген тілек болды көптің көкейінде. Бірақ... Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосындының мәні өзгермейтінін дәлелдеді бұл театр. Аталмыш театр актерлері кезінде «Жайдарманнан» түлеп ұшқан жігіттер. Көңілді тапқырлар клубы (қазақша КВН) сахнасында өнер көрсеткен өрендердің әзілдері сол баяғы «әләулайдың» деңгейінде қалып қойғандай көрінеді кейде. Әбден таптаурын болған тақырыптар, анайы әрекеттер, мәдениетсіз сөздер «Нысана» театрының басты көзірі сияқты. Тіпті, кей кездері бұл театрдың қойылымдарын ата-аналар мен балалар бірге отырып тамашалаудан ұялады. Бүгінде бұл театрдың өнер сахнасында жүргеніне 10 жыл болды. Осы 10 жылда театр талай сынға ілікті. Қазақ «сын түзелмей, мін түзелмейді» деуші еді. Ал «Нысана» айтылған міннің де ешқашан түзелмейтінін дәлелдеді. Талай жылғы ескертулерді елеп-ескерген театр әртістерін табу қиын. Кілең жігіттерден құралған театрда нәзік жандылардың рөлін де ерлер сомдайды. Әйелдердің образын сомдауға құмар жігіттердің көп екеніне көзіміз үйренгелі қашан?! Сондықтан, «Нысананың» да бұл қадамына еш ренжімейміз. Бірақ қазақ қыздарын соншалықты, тәрбиесіз, мәдениетсіз, жеңілтек етіп көрсетудегі мақсат не? Жігіттердің сахнада жын ұрған адамдай аласұрып, тебініп жүруінің сыры неде? Жұртты күлдіремін деп ауызға келген сөзді айту дұрыс па? Бұдан көрермен қандай тәрбие алмақ? Не үйренбек? Күллі көрермен алдына шығып өнер көрсететін әртістің айтар ойы, үйретері болуы керек емес пе? Бұл театрдың сахнадағы анайы әрекеттері мен мәдениетсіз сөздерін тыңдап, көріп өскен өскелең ұрпақ солардың іс-әрекетін қайталап жүрсе қайтпекпіз? Мұндай театрдың көрермендерінің көптігі де жаныңды қинайды. Сапасы сын көтермейтін, қазақы қарапайым мінезді мазақ еткен әртістердің ойындарына күліп, қол шапалақтап отыратын жандарға не айтасыз? Қортық та – қазақ, быртық та – қазақ, даңғой да – қазақ, сәнқой да – қазақ. Тағы бір айта кететін жайт, көптеген театрлардың таңдаған тақырыптары да құлаққа жағымсыз, көзге оғаш. Әжесі қатарлас ұстазына үйленетін оқушы, өзін зорлаған жігітті іздеп полицияға келетін қыз, төбелес құмар әйел, т.с.с. Мәселен, «Нысана» театрының «Біртүрлі жанұя» (авторы: Ә.Серіков) деп аталатын қойылымы бар. Оқиға аяғы ауыр келіншектің қуанышты жаңалығын әуелде ешкімге айтпаймын деп ойлағанымен, құрбыларының бәріне телефонмен хабарласып, жағдайын жеткізуінен басталады. Мұнымен автор қазақ әйелдерінің сыр сақтай алмайтынын, өсек әңгімеге жаны құмар екенін ұғындыруға тырысатындай. Қойылымның ортасында жанұядағы 9-сынып оқитын ұлдың мұғалімі келіп қосылады. Ол отбасы мүшелеріне ұлдарынан аяғы ауырлап қалғанын жеткізеді. Соңында ұстазы баланың әжесінің сыныптасы болып шығады. Ал енді дәл осы қойылым кімге қандай үлгі көрсетеді? Жұртты күлдіремін деп қазақ қыздарын, қазақ отбасын осыншалықты қаралауға бола ма? Әсілі, «Нысана» жігіттері қазақ қыздарын неге сонша қорлайды екен?» деген сұрақпен бас қатырасың. Театр әртістері қазақ қыздарының ибалылығын, инабаттылығын, ар-ұятын аяқ асты етуге барын салып жүрген сияқты. Әрине, соңғы уақытта қазақ қыздарына қарата айтылатын сын сөздер аз емес. Ең бастысы, қазақ қыздарының әдептілігі мен әдемілігін әлем мойындайды. Сүйсінеді. Оны талай жерде шетелдік қонақтар ризашылықпен айтып та, жазып та жүр. Ал «Нысана» әзілдеріндегі қыздардың бейнесі қазақылықпен еш қабыспайды. Қазақ қызы деген асқақ ақ атаудың өзін аяққа таптауды басты мақсат еткен сияқты құдды бір. Ең сорақысы, қазақтың тектілігін жоққа шығаратын мұндай қойылымдар отандық арналардан еш шектеусіз көрсетіледі. Бұл тағы да «әй дейтін ажа, қой дейтін қожаның жоқтығынан». Бүгінгі әзіл-сықақ театрлары сахналайтын тақырыптардың бірі – ене мен келін, ене мен күйеу бала арасындағы қарым-қатынас. Аты аталған «Нысана» театрының репертуарында «Бажалар» деп аталатын қойылым бар. Бір үйдің қыздарын алған азаматтар 8 наурыз қарсаңында енелерін мерекемен құттықтаймыз деп әзірлік жүргізеді. Сөйтіп, ащы суға тойып алған бажалар тұрып алып енелерін жамандауға кіріседі. Ең өкініштісі, енені жамандаудан алдына жан салмайтын театрлардың қатары көбейген бұл күнде. Бәрінің әзілі енелерді ең сүйкімсіз адам ретінде көрсетуді мақсат ететін тәрізді. Жалпы, енесін жамандау туралы әзілдерді орыстар жиі сахналайды. Ал қазақ театрлары осы бір ессіз әдетке неге әуестенді екен? Қазақ қашан ата-ананың сыртынан күле қарап, таңдап алған жан жарын дүниеге әкелген ананы қылжаққа айналдырып еді? Ең өкініштісі, қазір әзіл-сықақ театрлары сахналаған осы тектес қойылымдардың кесірінен қайын енелерді сыртынан әжуалау қоғамда әдетке айналып кетті. Сізге «сүйкімсіз» ене екінші қазақтың туған анасы екенін ұмытпаған ләзім.

Жауыр болған тақырыпты талғажау етіп...

Қазақ сахнасында «Базар жоқ» деген театр пайда болғанда көзіқарақты көрермен осы ұжымның атауын сынға алған. Мәдени ортада мұндай атаудың оң қабылданбайтынын театр мүшелері де о бастан білген шығар. Ал атауы бірден назар аудартатын театрдың көрермендері ә дегеннен-ақ көбейді. Көрермен жинап алғаннан кейін театрдың атауы жылдам өзгерді. «Әзіл әлемі». Қандай әдемі атау десті осы кезде көрермен. Әзілдері де көптің көңілінен шығып жүрген. Уақыт өте келе монолог оқитын театр әртістерінің тақырыптары жаттанды әңгімеге айналып, көрерменін жалықтырып алғандай болды. Әр актердің таңдап алған тақырыбы бар. Олар сол шеңберден айналып шықпайды. Бірі әртістерді, екіншісі әйелін, үшіншісі енесін, төртіншісі базардағы жағдайды, бесіншісі жануарларды әңгіме қылады. Бірсарынды әзілдерден әйтеуір бір күні көрерменнің жалығатыны заңдылық. Ендеше, театр әртістері неге жаңашылдыққа ұмтылмайды? Неге ізденбейді? Қазақ қоғамында әзілге қосып, сынға алатын түйткіл жоқ па? Бүгінгі қазақтың бар тақырыбы – отбасылық мәселе ғана ма? Әлде сатушы мен сатып алушының ұрыс-керісі ме? Әрине, қазір «Әзіл әлемін» сүйіп көретін көрермендердің қарасы қалың екенін жұртшылық жақсы біледі. Алайда жаттанды тақырыптар қашанға дейін көрермендерді матап ұстап тұрары белгісіз. Айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпты сан мәрте қайталап көрсетуден әзіл-оспақ театрлары ештеңе ұта қоймас. Бір жаңалық күтіп, әзіл кештеріне келген көрермен «сол баяғы жартасты» көріп, күлмек түгілі көңілі құлазып қайтатын күндер де алыс емес сияқтанады кейде. Жауыр болған әзілдерімен көрерменнің көңілін суытып жүрген «Әзіл әлемі» ғана емес. Бүгінгі барлық әзіл театрларына тән өзекті мәселе бұл. 90-жылдары бір ғана «Тамаша» ойын-сауық отауы жұмыс істеді. Сол бір ғана ұжымның өзі көрерменнің есінде мәңгі қаларлықтай тамаша дүниелерді ұсынды. Қазір кезінде «Тамаша» орындаған сондай салмақты әзілдер жоқтың қасы. Театрлардың бәрі жеңіл күлкіге құмар. Бүгінгі оншақты театрдың бәрі жабылып, бір «Тамашаның» әзілдерін ұсына алмай жүр дейді жұртшылық. Оған еш дауласа алмаймыз. Бұған не себеп? Әзіл жазатын мамандардың жоқтығы ма? Бұл да бір себеп екені анық. Яғни, нағыз сатираны жазатын авторлар жетіспейді. Кезінде «Тамашаны» жұрттың сүйікті театрына айналдырған Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Марат Сахатов, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлының сатиралық шығармалары емес пе? Кез келген театрда әртіспен қатар режиссер мен сценарий авторларының да маңызы зор. Бірақ қазіргі әзіл-сықақ театрларында автор да, режиссер де, орындаушы да – әртістің өзі. Әртістер арасында «әмбебаптық» деген сәнге айналғалы қашан. Бұл күнде театр ашу да оңай шаруаға айналып кеткен сияқты. Мәнсіз, мақсатсыз театр ашқысы келетіндер көп. Солар сахнаны жеңіл, желөкпе сайқымазақтық ордасына айналдыруда. Мұндай театрлардың басты мақсаты – ақша табу. Бұл баршаға мәлім. Ал пайда табуды көздейтін театрлардың көбейгеніне кімді айыптайсыз? Театр ашып, жеңіл-желпі әзілмен жұртты күлдіріп, пайда табамын деушілерге кім тосқауыл болады? Осыдан біраз жыл бұрын «Бауыржан-шоу» театрының негізін қалаған актер Бауыржан Ибрагимов Қазақстан эстрада әртістерінің одағын құрған болатын. Одақ бүгінгі сатираның сапасын жаңа сатыға көтеруге күш салуы тиіс еді. Әзіл-сықақ театрларының барлық мәселелерін шешіп, кем-кетіктерін түзейтін ұйым осы болады деп үміт артқан көп жұрт. Бірақ көрерменнің үміті ақталмады. Әзіл-сықақ театрларының деңгейі, сахнадағы сатираның бүгінгі сиқы, мәнсіз күлкі, арзан әзіл жайында үнемі айтылып келеді. Ал одан нәтиже шығар күннің ауылы әлі де алыс секілді. Бүгінгі қазақ сахнасында арзанқол, мағынасыз әзіл айтып жүрген әртістерден үлгі алған жас ұрпақ ертеңгі күні ұлттық һәм мемлекеттік мүддемізді қорғай ала ма? Ең қорқыныштысы, осындай сайқымазақтық пен бос қылжақ қазақтың ұлттық мәдениетіне айналып кетсе қайтпекпіз? Бұл мәселені ойланатын күн әлдеқашан туған. Бірақ...