Қос тойы қабат өткен

Қос тойы қабат өткен

Қос тойы қабат өткен
ашық дереккөзі
Аудандар Қазақстанда ең алғаш рет 1928 жылы құрыла бастады. Биыл сол өңірлерде тоқсан жылдық мерейтой лайықты аталып өтуде. Қарағанды облысының Шет ауданы да тоқсан жылдықты тойлады. Бұл тойдың бір ерекшелігі Шет ауданында туған қазақ ауыз әдебиетінің соңы, жазба әдебиетіміздің басы, зар заман ақындарының ішіндегі адуындысы Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі. «Қос тойың қабат болсын» деген қазақ. Шет ауданының әкімдігі екі айтулы мерекені бірге ұйымдастырды. Ән мен жыры шалқыған, мерейі асып, берекесі тасыған Шет ауданының 90 жылдығына арналған салтанатты шара орталық стадионда өтті. Аудан әкімі Мұратбек Жандәулетов: «Құт қонған Арқа төсінде, қазақ жерінің кіндігінде аудан тұрғындарының дәулетті де сәулетті ғұмыр кешуіне барлық жағдай бар. Елбасының сындарлы саясатының арқасында елімізде болып жатқан ұлы үрдіске Шет ауданы да белсенді түрде қатысып, өзінің даму бағытын белгілеп, қай салада болмасын зор жетістіктерге қол жеткізуде», – деген алғысөзбен тойдың шымылдығын ашып берді. Шежірелі өлкенің өткен тарихын кейінгі ұрпаққа дәріптеу үшін ауданның бұрынғы басшылары да келіп, мінберден табылды. Аудан атын алты құрлыққа танытып жүрген өрендер еңбегі еленіп, арнайы марапаттарға ие болды. Олардың қатарында палуан Ержан Шынкеев, самбошы Бейімбет Қанжанов, шахматшы Аңсаған Қожанәсіп сынды тарландар бар. Көпшілікке қазақ тарихынан сыр шертетін қойылым сахналанды. Би-батырлардың, хан-төрелердің, ел үшін жанын қиған боздақтардың салиқалы шешімдері мен ерліктері ел назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Шортанбай Қанайұлының құрметіне орай жаңа экспозицияның тұсауы кесілді. Этнографиялық музейдің басшысы Салтанат Дәрітайқызы келуші қонақтарға музей тарихы мен ондағы экспонаттардың мән-маңыздылығын айтып берді. 30 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан музей Шет ауданының 60 жылдық тойы қарсаңында бой көтерген. Ширек ғасырдан астам келушілерге тарихи құнды жәдігерлердің түпнұсқасын ұсынып отырған музей аудандағы маңызы зор мәдениет ошағы. Негізгі қорында ерте және қазіргі заманғы 1000-ға тарта жәдігер сақтаулы. Музей басшысы Салтанат Дәрітайқызы: «Музейдің тұрақты экспозициялары мен көрмелерін, қор коллекцияларын пайдаланып, бұқаралық ғылыми-ағартушылық жұмыстар жүргізу, киелі, шежірелі өлкемізге қатысты тарихи тұлғаларымызды дәріптеу, аға ұрпақтың өнегелі өмірі мен еңбек жолдарын көрмелер арқылы насихаттау – өсіп келе жатқан жас  буындар үшін маңызды тәрбие құралы», – деп ағынан жарылды.