Киелі еменнің саясында өткен кеш

Киелі еменнің саясында өткен кеш

Киелі еменнің саясында өткен кеш
ашық дереккөзі
Алатаудың баурайында орналасып, жасыл желек жамылған қала әркімнің жүрегінен ойып орын алғаны сөзсіз. Тарихы көне болса да, өзі жас Алматыдағы әр жол, әр орын, тіпті, әр талдың да өз тарихы бар. Соның бірі – Алматы сән және дизайн колледжінің аумағында өсіп тұрған емен ағашы. Жалпы, қала бойынша көлемі осындай ірі төрт-ақ емен ағашы бар екен. Сұрапыл соғысқа аттанған жас солдаттар дәл осы еменнің түбінде ата-анасы, жақын туыстары және сүйіктілерімен қош айтысып, вокзалға жол тартқан. Ал бүгін Тәуелсіз таңның жас ұрпағы көпті көрген емен ағашының астында ару Алматының 1002 жылдығын тойлап, мерекелік іс-шара өткізді. Өлең оқылып, студенттердің шығармашылық қиялынан туған әдеби көріністер қойылды. «Қала күні мерекесі аясында өткізіп отырған шара тақырыбын арнайы «Киелі биік тұғырым» деп атап, емен ағашына арнадық. Себебі алып емен ағашы біздің ғана емес, жалпы Алматы қаласына ортақ киелі дүние. Еменге қатысты деректерді көтерген кезде, оның тарихы тереңде жатқанын білдік. Бірер жыл бұрын ботаник ғалымдар келіп, еменнің жасын анықтап кетті. Ол бұдан 170 жыл бұрын егілген. Ол кезде біздің оқу орны болмаған. Ағаш Райымбек даңғылының бойында, көрнекі жерде өсіп тұрыпты. Біздің қасымызда әскери комиссариат бар. 1941-1945 жылдары соғысқа Алматыдан аттанатын жауынгерлерді осы еменнің түбінде жинаған. Еменнің бізге ғана емес, бүкіл Алматы жұртына ыстық болатыны осы себептен. Былтыр біздің колледжге келген өлкетанушы, ғалым Бердалы Оспан емен туралы мынадай дерек айтты. Мариям Хакімжанованың естелігінде: «Әскери комиссариатқа жақын жердегі емен түбінде митинг болды. Оған Жамбыл Жабаев қатысты. Абдолла Жұмағалиев бастаған жас жауынгерлерге атамыз өзі бата беріп, майданға аттандырды. Сол кезде Абдолла «Мәриям апай, мен сізбен майданнан да хабарласып тұрамын» деген еді». Міне, ұрпақтар сабақтастығы деген осы болады. Іс-шара мақсаты – жас ұрпақтың бойында Алматы қаласында орналасқан әрбір тарихи ескерткіштерді қадірлеу, қастерлеу, құрметтеу сынды асыл қасиеттерді қалыптастыру», – деді 1991 жылдан бері колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келе жатқан оқытушы Гүлзия Ауқашева. Алматы сән және дизайн колледжінде бүгінде 900-ге жуық студент білім алуда.