Қазақстан-Түркия: Бауырластық қатынастардың стратегиялық болмысы

Қазақстан-Түркия: Бауырластық қатынастардың стратегиялық болмысы

Қазақстан-Түркия: Бауырластық қатынастардың стратегиялық болмысы
ашық дереккөзі
Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 26 жылында Еуразия құрлығында болып жатқан маңызды өзгерістерге байланысты екі ел арасындағы қатынас аса өзекті. Бір жағынан өңірдегі оқиғалар екіжақты қарым-қатынастарға әсер етуде, енді бір жағынан Астана мен Анкараның ұстанымы аймаққа өз ықпалын тигізіп отырғаны айқын. Осы жағдайға байланысты Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарын түсіну аймақтың бүгіні мен ертеңін талдаудың кілті болып табылады.

Еуразияның қауіпсіздік кепілі

Мәдениет және ұлттық болмыс тақырыбы – Қазақстан-Түркия қатынастарының негізі. Өйткені екі ел арасындағы татулыққа стратегиялық тереңдік беріп тұрған жайт – екі тарап арасындағы мәдени байланыстар. Бір қарағанда, мемлекеттер арасында мәдениет саласы маңызды саналмаса да, шын мәнінде ұзақ мерзімде шешуші рөл атқаратыны шындық. Расында да, соңғы кезеңге дейін, әсіресе, қырғи-қабақ соғыс біткенге дейін халықаралық қатынастар мамандығында және мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастарда мәдениетке көп мән берілмейтін. Мысалы, дипломаттар дайындайтын сараптамаларында өздері тұрған елдің қауіпсіздігі, экономикасы және саясатына назар аударып, мәдениет саласына немқұрайдылықпен қарап келді. Басқаша айтқанда, дипломаттар мәдениет саласына басымдық бермейтін. Осыған сәйкес, мәдениет атташелері, басқа дипломаттарға, әсіресе, әскери атташелерге қарағанда төменгі дәрежеде тұратын. Ал шын мәнінде, мәдениет адамдардың болмысын, ұстанымын және дүниетанымын белгілейтін ең маңызды жайт. Сондықтан соңғы кезде ірі мемлекеттер мәдениет саласына көп көңіл бөліп келеді. Самуэл Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» еңбегінде айтылғандай, халықтардың мәдениеті, діні, тілі және өздерін қай өркениетке жатқызуы жаңа халықаралық тәртіпте маңызды мәселе болып саналады. Өйткені бұл құндылықтар елдің сыртқы саясат таңдауларын анықтайтын негізгі түрткі күш. Осы тұрғыдан «Түркі әлемі» және «түркілік болмыс» ұғымдары Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарының геомәдени тереңдігін қалыптастырады. Екі елдің ұлттық бірегейліктерін мұқият зерттейтін болсақ, түркілік болмыстың маңызды екендігін байқаймыз. Мысалға, Түркия Республикасының қалыптасу кезеңінде түркілік, мұсылмандық және еуропалық ерекшеліктері анық байқалады. Бұл бағытта, Зия Гөкалыптың «Түркілену, исламдану, заманауиласу» ұранын Түркияның қандай ел болып қалыптаса бастағанын көрсететін маңызды ұғымдар десек болады. Осы үш ерекшелік, яғни түркілік, Ислам және модернизация Түркияның сыртқы саясаты бағыттарын қалыптастыратынын айта кетуіміз керек. Расында да, Түркия бір жағынан Еуропа-Батыс әлемімен, екіншіден Ислам-Араб әлемімен және үшінші жағынан Еуразия-Түркі әлемімен ықпалдастық жүргізіп келеді. Басқаша айтқанда, Түркі әлемі Түркияның үш сыртқы саясаты бағытының бірін құрайды. Анкара тұрғысынан Түркі әлемі бағыты тек Түркияның ықпал аймағын кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге түріктерге халықаралық аренада сенімділік те береді. Демек, Түркия үшін Түркі әлемі және соның ішінде Қазақстан қажетті және өзекті болып табылады. Қазақстанның ұлттық болмысы талқыланғанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық ұғымы арқылы елдегі қазақ-орыс тепе-теңдігін, сыртқы саясатта Славян әлемі – Түркі әлемі тепе-теңдігін құруға талпыныс жасап жатқандығы байқалады. Осы жерде Түркия Түркі әлемінің ең ірі мемлекеті ретінде Ресейге қарсы қолданылуда. Назар аударсаңыз, Қазақстанның Ресеймен экономикалық интеграциясы Астананың Түркі әлеміндегі белсенділігінің артуымен қатар жүріп келеді. Қазақ ұлтшылдарының көпшілігі елдегі Ресей ықпалын азайту үшін Түркиямен ынтымақтастықты тереңдетуді қолдайды. Өйткені елдің түркілік болмысының күшеюі қазақы болмыстың нығаюы болып саналады. Демек, Қазақстанның Түркия және түркі әлемімен қарым-қатынасы ұлттық болмыс тұрғысынан стра­тегиялық маңызды болып есептеледі. Түркия мен Қазақстанның ұлттық болмыстары және осы болмыс қалыптастырған сыртқы саяси көзқарастары екі ел арасындағы ынтымақтастықты күшейтуде. Түркі әлемі интеграциясындағы екі елдің көшбасшы рөлі айқын. Түркия Түркі әлемінің Батысқа ашылған есігі болса, Қазақстан Шығысқа ашылған қақпа болып табылады. Түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы болып саналатын ТҮРКСОЙ-дың Анкара қаласында орнасалуы, ал осы интег­рацияға ғылыми тереңдік беретін Халық-аралық Түркі академиясының Астанада ашылуы екі елдің бұл үдеріске қаншалықты мән беретіндігінің көрсеткіші. Қорыта айтқанда, мәдениет және ұлттық болмыс мәселесі Түркия мен Қазақстанды стратегиялық әріптеске айналдыруда. Мәдениет саласы саясат пен экономика секілді үнемі өзгермейтін тұрақты сипатта болғандықтан, тараптар арасындағы бұл серіктестік ұзақ мерзімге ұласады деп болжауға болады.

Қазақстан-Түркия қатынастарының геосаяси тереңдігі

Қазақстанның орналасқан геосаяси ортасы және Түркияның геосаяси ортасы екіжақты қарым-қатынастарды қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі. Екі ел түркі әлемін басқа аймақтармен байланыстырып тұр. Түркия Еуропа-Батыс әлемімен шектессе, Қазақстан солтүстік және шығыста Ресей және Қытаймен шекаралас. Осы орайда Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-батыс шекарасы және Түркияның шығыс шекарасы Түркі әлемінің тереңдігіне ұласады. Осы тұрғыдан Түркі әлемі өңірі екі ел үшін қауіпсіз артқы шеп болып қабылданады. Түркияның Батыс әлемімен дағдарыстары оны Еуразия аймағына қарай ығыстыруда. Осы орайда Анкара Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттері құрған Шанхай ынтымақтастық ұйымына қызығушылық танытуда. Түркияның сыртқы саясат басымдығын Батыстан Шығысқа ауыстыруы Түркі әлемінің нығаюына жол ашады десек болады. Соңғы кездерде Түркия мен Ресей ынтымақтастығының тереңдеуі Анкараның АҚШ-тың алдыңдағы позициясын күшейткені белгілі. Ал Астана үдерісі шеңберінде Түркия-Ресей-Иран ынтымақтастығының дамуы жаңа Еуразиялық осьтің қалыптасуының сигналы ретінде бағалануда. Қысқаша айтқанда, Түркі әлемі Түркияның геосаяси маңыздылығын арттырады. Осылайша, Қазақстан сыртқы саясаты тұрғысынан Түркия геосаяси мағынада тепе-теңдік құралы ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, ол Түркия да Қазақстанды аймақтағы тепе-теңдік үшін қолданады. Осы өзара қажеттілік екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің геосаяси тереңдігін құрайды. Осы орайда Қазақстан Түркияның ШЫҰ мүшелігін қолдайды. Себебі Үндістан мен Пәкістанның ұйымға мүше болуымен ықпалы азайған Ресей мен Қытай Түркияның толық мүшелігімен ұйымда одан әрі әлсірейді. Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста геосаяси фактілерді елемеуге болмайды. Өйткені геосаяси жағдай екі елді ынтымақтастыққа итермелеп отыр. Тіпті Анкара-Астана қатынасын Еуразияның қауіпсіздік кепілі деп сипаттасақ болады. Қорыта айтқанда, аймақтағы ғаламдық державалар арасындағы геосаяси бәсекелестік екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда.

Қазақстан-Түркия қатынастарының геоэкономикалық тереңдігі

Геоэкономика геомәдениет және геосаясат сияқты Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста маңызды болып саналады. Тарихқа назар аударсақ, Еуразия құрлығында орналасқан Түркі әлемінің халықаралық саясаттағы орнының төмендеуі еуропалықтардың құрлықтан өтетін Жібек жолын алмастырған теңіз жолдарын ашуымен тікелей байланысты. Әлемдік сауданы өз бақылауын алған Батыс елдері басқа өркениеттерге қарағанда алдыңғы қатарға шықты, тіпті, бүкіл дүниежүзін отарларына айналдырды. Осы себепті Еуразия құрлығынан өтетін сауда және тасымалдау бағыттары түркітілдес мемлекеттердің қарым-қатынастарында бірінші қатарға шығып отыр. Бұл тұрғыдан Түркі әлемінің шығыс қақпасы Қазақстан мен батыс қақпасы Түркия ынтымақтасуға мәжбүр болып отыр. Еуразиядағы Шығыс-Батыс сауда және тасымалдау маршруттары жобаларында Қытайдың көшбасшылық рөлі байқалады. Қытайдың бұл жердегі мақсаты – Таяу Шығыс елдерінен өзінің энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру және өз тауарларын Еуропаға жеткізу. Түркі әлемінің географиялық орналасуы осы жаңа Жібек жолы жобасынан пайда табуға мүмкіндік береді. Мұнда Қазақстанның орны өте маңызды. 2013 жылы Қытай президенті Ши Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» жобасын Астанада жариялауы тегін емес. Сол сияқты, Түркия да – бұл жобада маңызды ел. Қытай мен Еуропаның арасындағы тасымалды күшейтуге бағытталған Жаңа жібек жолдары үш бағытты қамтиды: солтүстік, оңтүстік және орта. Солтүстік бағыт Ресей арқылы өтсе, оңтүстік бағыт Ираннан өтеді. Ал Қытай-Орталық Азия-Каспий-Оңтүстік Кавказ-Түркия арқылы өтетін «орта бағыт» Түркі әлемінің маңыздылығын арттырады. Сондықтан бұл жолды «Түркі әлемі Жібек жолы бағыты» деп айтуға болады. Түркі әлемі елдерінің де өздерінің геоэкономикалық маңыздылығына сай саясат жүргізіп отырғанына назар аударуымыз керек. Мысалы, 2017 жылы Баку-Тбилиси-Карс темір жол желісі ашылуына Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев пен Түркия президенті Реджеп Тайип Эрдоган, Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев және Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтың қатысуы бұл жолдың Түркі әлемі үшін маңыздылығын көрсетіп тұр. Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық қарым-қатынастардағы тағы бір маңызды мәселе – энергетикалық ынтымақтастық. Қазақстан мұнай мен табиғи газға бай ел. Ал Түркия шетелден энергия импорттайтын ел. Сондықтан Қазақстан мен Түркия экономикалары бір-бірін толықтайды. Бұл тұрғыда 2014 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуға шақыруы өте маңызды қадам болды. Одаққа Түркияның мүшелігі Анкараның күшін арттырады әрі Түркі әлеміндегі Ресейдің қысымын азайтады. Сондықтан Шығыс пен Батыс арасындағы халықаралық сауда және тасымал бағыттарының дамуы Түркия-Қазақстан стратегиялық әріптестігінің геоэкономикалық тереңдігін арттыруда. 2017 жылы Түркия, Ресей және Иранның кепілдігімен басталған Астана үдерісі Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің жаһандық саясаттағы инициативаны өз қолдарына ала бастағандығын көрсетіп тұрған маңызды көрсеткіш болды. Астана үдерісінің жетістікке жетуі басқа зерттеу тақырыбы болса да, бұл оқиғалар Түркі әлемі интеграциясының жаңа деңгейге өтуі керектігінің белгілері болып табылады. Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің ынтымақтастығының болашағы Түркі әлеміндегі интеграциялық үрдіске байланысты. Осы тұрғыдан Қазақстан мен Түркияның жауапкершілігі зор. Еуразиядағы геомәдени, геосаяси және геоэкономикалық жағдай Астана мен Анкараны ынтымақтасуға мәжбүрлейді. Шындығында, екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық тереңдігі конъюнктуралық болып табылатын ерекшелік емес. Керісінше, тараптар арасындағы қатынастардың тамыры өте тереңде. Осы себепті, Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары ұзақ мерзімде стратегиялық сипатта болып қала береді. Екі елдің тепе-теңдік саясаты тек Түркі әлемінде ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығына ықпал етеді. Себебі Астана-Анкара қатынасы аймақтық дағдарыстардан тұралап қалмайды. Сондықтан екі ел «тепе-теңдікті сақтаушы» және «дәнекер» ретінде әрекет етеді. Бұл жағынан Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастарын аймақтың қауіпсіздігінің кепілдігі деп атасақ болады.

Дінмұхаммед Әметбек