Тірлік түзелсе де,оқулық оңалар емес

Тірлік түзелсе де,оқулық оңалар емес

Тірлік түзелсе де,оқулық оңалар емес
ашық дереккөзі
Оқулықта кеткен олқылықтар жайы қашанда күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, бұл мәселеге ата-аналар тарапынан түсетін шағым көп. «Баланың жас ерекшелігін, ойлау жүйесін, қарым-қабілетін ескермейтін оқулықтардың тілі ауыр, тапсырмасы түсініксіз» дейді кейбіреулер. Шын мәнінде, солай ма? Еліміз тәуелсіздік алғалы бері тілші қауымының жиі қаузайтын мәселесі – оқулықтың жетіспеушілігі мен кемшін тұстары. Талай мәрте жан-жақты талданып, пікірталасқа айналған оқулықтар дауы басылмай келеді. Тіпті, бұл түйткілге қатысты осы салаға тікелей жауапты Білім және ғылым министрлігіндегі мамандарға сұрау салсақ, «ерінбегеннің бәрі сын айтатын болды» деген жауап қайырады. Сонда «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген аталы сөз қайда қалды? Оқулық – мұғалім мен оқушының сенімді серігі һәм білімнің қайнар көзі. Ал қазіргі жарық көріп жатқан оқулықтар осы үдеден шыға ма? Салтанат Тәжиева ханым мектеп табалдырығын жаңадан аттаған оқушыға берілген тапсырманы көріп, жаға ұстағанын айтады. «Қызым 1-сыныпқа барды. Аузынан ана сүті кеппеген, 6-ға енді толатын балаға «Картадан ғұндардың қоныс аударған жерлерін көрсет», «Африка қай жерде?» деген тапсырма берілген. 6 жасар бала дүниежүзі картасымен қалай жұмыс істейді? «Ата мен апа» дегенді енді жазып үйренетін бала бұл картаны қалай түсінеді? Бұл жас ерекшелігіне сай ма? Меніңше, мұндай ақпарат беру ертерек», – дейді ол. «Тағы бір мәселе бар. Бізге берген кітаптың пайдаланылып келе жатқанына 5 жыл болған. Бізден бұрын оқыған оқушы дұрыс жауаптарын бояп тастаған. Дәл сол сияқты ағылшын тілі кітабы да солай. Қысқасы, біздің балаларға мүмкіндік қалмаған. Математика бойынша да есептердің жауабы шешілген. Кейбірі қарындашпен белгілесе де, ізі көрініп тұр. Өшірген сайын, кітаптың сапасы көтермейді. Бұрын «Әліппені» боямай, сызбай-ақ пайдаланушы едік қой. Екіншіден, 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқытуға қарсымын. Үш тілді бірден оқытатын біз ғана екен. Қазір қызымнан сүттің ағылшыншасын сұрасам «молоко» дейді, ал орысшасын «milk» дейді. Балалардың басы «мипалау» болып кетпей ме? 3-сынып оқитын қызым үш жылда ештеңе үйреніп жарытпады», – дейді ол ашынып. Ал белгілі журналист, ақын Мырзан Кенжебайдың айтуынша, қазіргі оқулықтарда қазақ тілі орыс тілінің тікелей аудармасына айналған. «Мектеп» баспасынан шыққан 11- сыныпқа арналған «Биология» оқулығы соның нақты көрінісі сияқты. Мәселен, «Адамның тікелей тарихи дамуы барысында негізгі үш кезеңді ажыратады» деген сөйлемнен не түсіндіңіз? Ал тағы бір мәтінде «элементар оқиғалар» дейді. Бұл деген не? «Философия – ойлау мектебі ретінде» деген тақырыптан не ұқтыңыз? Ау, сонда оқулықтағы мәтінді қарайтын, редакциялайтын маман жоқ па? Неге қолданыстағы оқулықта мұндай өрескел қателер өріп жүр?», – дейді белгілі ақын. Ал бұл туралы оқулық авторлары не дейді? Орыс сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы Гүлбану Қосымованың пікірінше, білім мәтін арқылы беріледі. «Автор ретінде оқулықты шыр-пыр боп қорғап келемін. Бұрынғы кезең мен қазіргі кезеңді салыстыруға болмайды. Әртүрлі пікір айтыла береді. Біреуі – объективті, енді бірі – субъективті. Бұл – жетілдіру, дамыту үстіндегі әрекет. Жамандасаңдар, бағдарламаны жамандаңдар! Оқулықтар бағдарлама бойынша жасалады. 20 жыл тәжірибесі бар авторлар не істеп, не жазып жүргенін біледі. Олар жолдан көлденең қосылған мамандар емес», – деп қысқа қайырды. Осыдан біраз жыл бұрын, яғни министрлік тізгіні Бақытжан Жұмағұловтың қолында болғанда оқулықтардың төрт жыл сайын жаңарып отыратыны айтылған. Жаңа жүйе бойынша оқулықтар төрт жылда бір рет қайта сараптамадан өтіп, қайта басылып шығады делінген. Егер бұрын шығарылған кітаптың сапасы төмен болып, оған наразылық көп туындаса, білім сапасын жақсартуға мүмкіншілік бермейтін болса, онда ол кітап тізімнен алынып тасталатын еді. Алайда қазір бұл жүйе жоқ. Бұрынғыдай төрт жылда емес, қатесі мен олқылығы көп оқулық жыл сайын жарық көруі мүмкін. Бұл мемлекет пен баспаға тиімді ме? Бұған сол кезде-ақ жауап берген Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева: «Оқулық шығару барысында үлкен көлемде қаржы айналымға түседі. Және бұл жүйенің әр деңгейінде әрбір тиын біреудің немесе бірнеше қалтаға түсіп кетіп жатыр. Соңында осының бәрінен біздің балаларымыз зардап шегеді. Сондықтан оқулықтарды бәсекелестер ортасында жасалуына тосқауыл қою керек. Оқулықтардың құрастырылуын мемлекет қадағалап, сараптама жасап, «Міне, мынау оқулықтар тізімін біз бекітеміз» десе, міне, сонда баспаханалар оқулықтарды шығаруға таласа берсін...», – деген еді. Біз оқулық төңірегіндегі қордаланып қалған мәселелер жөнінде Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Саят Құсайынұлын әңгімеге тартқан едік. Саят Омаров, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары:

 width=

Монополия бар жерде даму болмайды

– Оқулықтағы олқы тұстар туралы дау бұған дейін де толастаған емес, қазір де толастамай келеді. Әсіресе, ата-аналар қазақ тілінде жарық көрген оқулықтан мән-мағына кетті дегенді айтып шыр-пыр болуда... – 2011 жылдан бері осы орталықтамын. Иә, бәрін де естіп, біліп жүрмін. Ол қателіктің көбі техникалық тұрғыдан кетеді. Ал жалпы оқулықтың құрылымы, мазмұны, әдістемесі дұрыс. Тұжырымдамасы қате деген пікір жоқтың қасы. Бәрі оқулықта бір сөйлем дұрыс аударылмаса, сөйлем дұрыс байланыспаса, соған жабысып алады. Ал жүйелі түрде сын айтылмайды. Ата-ана, журналистердің қарайтын оқулығы – қазақ тілі, тарих. Басқа физика, химия, математика оқулығына қатысты сын айтылып жатқан жоқ. Бәрі тарихшы, бәрі қазақ тілінің маманы. Мәселенің байыбына бармай жатып, бетіндегі көрініп тұрған жеңіл-желпі жайтты ғана айтады. Әрине, грамматикадан қате кетіп, сөйлем дұрыс мағына бермеуі мүмкін. Бірақ бұдан оқулықтың мазмұны мен маңызы төмендеп кетпейді. Қазіргі оқулық пен осыдан 10 жыл бұрынғы оқулықты салыстырсаңыз, айырмашылық жер мен көктей. – Ал оқулық жыл сайын қайта жарық көрсе де, сол жетіспеушілік мәселесі өзектілігін жоймайды ғой... – Оқулықты өңдеп тұру керек. Қазір бір сатып алынған оқулық бағдарлама өзгермесе, пайдаланыла береді. Тек жергілікті атқару органдары жетпей қалған оқулықты сатып алуы мүмкін. Бұрын оқулық төрт жыл сайын өңделіп, қайта жарық көретін. Қазір бұлай емес. – Шын мәнінде, оқулықтың көбі тікелей сөзбе-сөз аудармадан тұрады. Сөйлем­аралық байланыс жоқ. Оқушының жас ерекшелігі ескерілмейтін сияқты... – Иә, аударма жағынан мәселе бар. Сол оқулықты нақты көруім керек. Кейбіреулер жалған ақпарат айтуға құмар. – 11-сынып оқушыларына арналған «Биология», «Адам және қоғам» оқулығын шолып шыққанымызда, тұнып тұрған шала аудармадан бас алмадық. Мәселен, «Адам және қоғам» оқулығында бір биік ғимарат жайында «Әлемде аналогы жоқ құрылыс» делінген. Мұны «әлемде теңдесі жоқ немесе баламасы жоқ» деуге болмайтын ба еді?.. – Аударма жағынан ақсап жатыр. «Время» газеті тарих оқулығын сынай отырып, «өзім тарихшы ретінде айтайын, осы оқулықта шіркеу екі рет салынды делінген» деп жерден жеті қоян тапқандай жазады. Шын мәнінде, шіркеу екі рет салынған. Бір мәрте салғаннан бұзып тастайды да, кейін уақыт өте келе қайта салады. Оны газеттен кейін, телеарналар шығарды. Задында, оқулықта берілген ақпарат дұрыс. Ал адамдарда «бұл қате екен» деген көзқарас қалыптасты. – Сіздіңше, мектеп табалдырығын аттаған 6 жасар балаға «дүниежүзі картасынан әлем елдерін тауып бер» деген тапсырма дұрыс па? – Оны контекстен жұлып алып, айтты. Оған дейін бала не оқыды, мұғалім не үйретті? Соны айту керек қой. Кез келген нәрсені жүйелі түрде қарау керек. Былтыр жалған ақпараттар көбейіп кеткен соң, Ішкі істер министрлігіне жүгінуімізге тура келді. Ең бастысы, бірден идеалды оқулық жарық көрмейді. Барлық адамның көңілінен шығатын оқулық болуы мүмкін емес. Мәселен, қолыңдағы смартфон біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Әркімнің өз көзқарасы бар. «Көш жүре түзеледі» демекші, бұл оқулықтар ең алғаш жарық көрді. Олар біртіндеп өңделуі керек. Шетелдің, тіпті мына Ресейдің оқулықтарын қарасаңыз, 40-шы рет басылып шыққан деп тұрады. Олар да қайта өңдейді. Міндетті түрде жетілдіріп отыру керек. Қолына қалам алған маман ретінде білесіз, бүгін жазған мәтінге он күннен кейін басқаша қарайсыз. Сол кезде «былай жазсам оқылымды болар ма еді?» деген ой келеді. – Жалпы, сараптама кеңесі немен айналысады? Сондай кемшіліктерді дер кезінде тексеріп, саралауға болмай ма? – Бірінші, қазіргі оқулықтың бәрі ғылыми және педагогикалық сараптамадан өтеді. Ғалымдар мен іс жүзіндегі мұғалімдер қарайды. Одан кейін бұл оқулықтар министрлік бекіткен сынақ мектептерінен өтеді. Мұғалімдер қай жерінде қандай кемшілік бар екенін жазып береді. Ал баспалар сол пікірге келіссе, өңдейді. Келіспесе, оны айтады. Бұдан өзге қоғамдық бағалау жұмыс істейді. «Оқулық» орталығында «Оқулықты қоғамдық бағалау» деген баннер бар. Оқулықтар сараптамадан, сынақтан өтіп жатқанда бүкіл оқулық сонда қойылады. Кез келген адам өз пікірін қалдыра алады. Ол пікірді біз және оқулық авторлары көріп отырады. Авторлар сол кемшіліктермен жұмыс істейді. Тағы да сараптама өткізіп, министрліктің екі комиссиясы жұмысқа кіріседі. Әр пән бойынша комиссия бар. Оның құрамында ғалым да, мектеп мұғалімі де, автор да бар, бас-аяғы он-он бес адам. Сосын республикалық комиссия қарайды. Оның ішінде ата-аналар, мектеп директорлары, журналистер, қоғамдық ұйым өкілдері бар. Себебі оқулық таңдағанда бәрі ашық, бәрі обьективті болу керек. Кім біледі, кейбір авторлар басқа жолмен де өз оқулығын өткізіп жіберуі мүмкін ғой. Республикалық комиссия пәндік комиссияның ұсынысын қарайды, талқылайды. Сенаторлар, мемлекеттік орган өкілдері, мектеп директорлары. Ең соңғы шешімді осы комиссия бекітеді. «Мына оқулықты қолдануға болады» деген тізімді ұсынамыз. – Қазір оқулық шығару ісінде танымал баспалар бар. Ал соңғы жылдары мектеп оқулығын шығаруға аты бар, заты жоқ баспалар кірісіп жүр. Бұл жерде де мемлекеттік тапсырысты бөлу түйткілі қылтиып тұрған жоқ па? – Оқулықта тендер, байқау деген жоқ. Иә, Қазақстанда оқулық жазу тәжірибесі бұрын болды, бірақ там-тұмдап қана. Саусақпен санарлықтай. Бізде жүйе болған жоқ. Бұрын физика, химия, биология, тарих оқулығы дайындалған жоқ. Қазақстан тарихынан жұқалтаң келген оқулық қана болды. Қазір бәрін өзіміз жазып жатырмыз. Жаңа баспалардың, жаңа авторлардың пайда болғаны жақсы. Неге? Себебі ол бәсекелестікті күшейтеді. Мысалы, сіз «Қазақ әдебиеті» оқулығын жаздыңыз. Сізден басқа бұл оқулықты жазатын адам жоқ. Сіз білгеніңізді байыппен жазып шығасыз. Ал егер тағы үш автор болып, соның біреуінікі ғана өту керек десе, керемет оқулық жазу үшін жанталасасыз. Қалай болғанда да, қалған екі автордан оқ бойы озық тұруыңыз керек. Дәл осы мәселе баспаға да қатысты. Монополия болған жерде даму болмайды. Бұл жерде ешқандай қитұрқы саясат жоқ. Бір саясат бар, ол – ең сапалы оқулықты таңдап алу. Кеңес Одағы кезінде, ешқандай байқау болмаған кезде қару-жарақты қалай таңдап алды? Бірнеше ұйымдар өз бұйымдарын әкеледі, мамандар сол жерде пайдаланып көріп, таңдап алады. Сізге мемлекет ақша беріп, оқулық жаз десе, не істейсіз? Мемлекет бағдарламасын береді, болды. Сіз де оқулық жазуға құқыңыз бар. Егер сапалы, сауатты оқулық жазсаңыз, ол сараптамадан өтсе, пайданың астында қаласыз. Бұл – ынталандырады. Ал бәсекелестік болмаса, жаңа авторлар, жаңа баспалар пайда болмайды. – 2011 жылдан бергі қызметіңізде оқулық мәселесінде кездескен ең бірінші түйткіл не? – Бірінші мәселе – уақыт керек. Қазіргі оқулықтың сапасын уақыт көрсетеді. Екіншіден, авторларға қайта өңдеуге мүмкіндік бермей жатырмыз. Ешқашан автор әдейі қате жібермейді. Кейбіреулер «ақша құртудың амалы. Сол үшін қайта шығарады...» деуі мүмкін. Мүлдем олай емес. Қазіргі авторлар мектепте, жоғары оқу орнында істеп жүрген мамандар. Олар негізгі жұмысынан тыс бос уақытында оқулық жазады. Өйткені мектепте істемеген, ғылыммен айналыспаған адам оқулық жазбауы тиіс. Білмейтін салаға бас сұқпағандары жөн. – Әлгінде «Қазақстан тарихы» оқулығы жазылмай жатыр деп қалдыңыз. Бұл мәселе тарихшы ғалымдарды да мазалайтыны рас. – Мәселе – оқулықта емес, ғылымның өзінде. Көптеген тарихи оқиғалар, даталар жөнінде ортақ пікір жоқ. Ол оқиғаның себеп-салдары қалай екенін ғылыми тұрғыдан зерделеп, нақтылау керек. Мәселен, Құрманғазының туған күні туралы үш түрлі дерек бар. Бұланты шайқасы туралы да осылай. Оқулық жазған адам бәрін ойдан алмайды. Тарихшы ғалымдардың өзінен неге бұлай деп сұрағанымда, «Бұл тарихшылардың қандай мұрағат қорымен жұмыс істегеніне байланысты» дейді. Көбі Ресейдің мұрағатынан алады. – Ал электронды оқулықтың «жыры» не болып жатыр? – Сізге бір қызық айтайын, шетелде оқулықты көп пайдалана да бермейді. Биыл қазан айынан бастап бүкіл оқулықтарға QR-код қойылады. Сол арқылы Білім және ғылым министрлігі оқулықтардың электронды нұсқасын тегін жүктеуге мүмкіндік береді. Яғни, баспа сайтына оқулықтардың электронды нұсқасын салып қояды. Әлемнің бірде бір елінде бұл тегін емес. Бірақ баспа және біз оқулық авторларына ата-аналарға көмектесу керектігін айтып, оларды да көндірдік. Демек, кімде кім электронды нұсқасын көшіріп алып, пайдаланам десе де, өз еркі. – Әңгімеңізге рахмет! P.S. Ата-ана оқулықтың қателігін айтса, баспа мен автор төл дүниесін қорғап әлек. Ал «Оқулық» орталығы ешкімнің еңбегін жоққа шығармайды. Айналып келгенде, бәрінің илегені «бір терінің пұшпағы». Бәрі де оқулықтың сапалы болуы үшін жандәрмен күреске кіріскен. Десек те, біздегі тілек – «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалмай, олқылық түзеліп, оқулықтар оңалатын күнге жету ғана.