«Астана Банкі» лицензиясынан айырылды

«Астана Банкі» лицензиясынан айырылды

«Астана Банкі» лицензиясынан айырылды
ашық дереккөзі
ҚР Ұлттық банкі «Астана банкін» банктік және өзге де операцияларды жүргізу лицензиясынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 214 қаулысына сәйкес «Астана Банкі» АҚ-ты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 48-бабы 1-тармағының в), г) және м-1) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша төлем және аудару операциялары бойынша шарттық міндеттемелерін жүйелі түрде, пруденциялық нормативтерді және орындалуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзғаны, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның үстеме капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін банктік және өзге де операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Банкке 2015 жылғы 20 сәуірде берген № 1.1.32 лицензиясынан 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап айыру туралы шешім қабылданды», – делінген хабарламада. Мәліметке сай, банктің активтері мен міндеттемелерінің банк секторының активтері мен міндеттемелеріндегі үлесінің төмен болуына байланысты (1%) банкті лицензиядан айырудың басқа қаржы ұйымдары үшін тәуекелдері болмайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 352 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органының өкілеттіктері өтті. Банктің уақытша әкімшілігі өз қызметін Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейінгі кезеңде жүзеге асырады. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға, Банкке түскен ақшаны есепке алуға байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция 2018 жылғы 19 қыркүйектен бастап тоқтатылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа Банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен жүгінеді. Сот Банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап Банкті ұстауға жұмсалған ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, кредиторлардың Банкке талаптары тарату ісінде ғана ұсынылады. Банк жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады, соған байланысты депозиторларға белгіленген тәртіппен кепілдік өтемақысы төленетін болады.