ЖАҢҒЫРҒАН ЖАСТАР ҚАЛАСЫ

ЖАҢҒЫРҒАН ЖАСТАР ҚАЛАСЫ

ЖАҢҒЫРҒАН ЖАСТАР ҚАЛАСЫ
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары   «ақылды технология», «ақылды қала» атты тіркестер  күн өткен сайын өмірімізге дендеп еніп келе жатқаны даусыз. Әсіресе, «ақылды қала» деген ұғым құлаққа ұнамды-ақ. Бұрын «қатыгез қала», «безбүйрек қала» деген тіркестер құлағымызға әбден сіңіп, қала атаулыны жақтырмай жыр жазған ақындарды іштей аяушы едік. «Өйтіп күңірене бергенше, кетпей ме ауылға?» деп күстәналайтынбыз. Қалай десек те, еліміздің ғылыми және мәдени орталығы саналатын Алматы әрбір қазақтың жүрегіне тым жақын. Сондықтан да журналистік зерттеу мақсатымен бір күнімізді қала тіршілігін көзбен көруге арнадық. Соңғы кездері жағымды қоғамдық пікір қалыптастырып үлгерген қала көшелерінің тазалығы мен жерасты өткелдерінің санитарлық жағдайларын шолып шығуға ниеттенген едік. Ең алдымен, қала көшелерінде жаппай жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары, қысқа дайындық бірден көзге ұрады. Орталық көшелердің біразында көліктер бір бағытта ғана қозғалып, тұрғындар тірлігіне оңтайланғаны да атышулы  кептеліс дегенді ұмытуға жетелейтін әдістің бірі. Өйткені  жұмысқа барар-қайтар жолдардағы тығырыққа тірейтін  кептелістің азабын көріп те, естіп те жүрміз. Бірыңғай жолаушы автобустары жүретін жолақтың пайда болғанына да біраз уақыт өтті. Мұның өзі қоғамдық көліктегі жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасаудың бір тетігі.  Ал  елуге жуық жерасты өткелінің бүгінгі көрінісі, тіпті көз қуантады. Алдымен қаламызды қақ жарып, оқтай болып  созылып жатқан әсем көшелеріміздің бірі – Абай даңғылымен жүріп,  Абылайхан  атындағы көшеге көлік тізгіндедік те, баяулатып жаяу жүргіншілерге ілестік. Жер­асты өткелінің қабырғаларына салынған көз тартар суреттерден бұрын құлаққа жағымды әуен естілді. Қазақтың дара әншісі Роза Рымбаеваның орындауындағы халық әні «Бір бала» өткен-кеткен жүргіншілерді әдемі бір күйге бөлейтіндей. Өткелек тап-таза. Қабырғада майлы бояумен салынған, жалы желмен желбіреген күреңбел торы аттың суреті... одан ары қарай халқымыздың ұлы ақыны Абайдың портреті мен «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Желсіз түнде жарық ай»,  «Көзімнің қарасы» өлеңдерінен жекелеген шумақтар  мен  «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген нақыл сөздері жазылған. Абай даңғылы мен Достық даңғылының қиылысындағы жерасты өткелінен де жанға жайлы, көңілге жылылық пен қимастық сезімін құятын Т.Мұхамеджановтың «Бақытты балалық» атты туындысы әудем жерден құлағымызға жетті. Қабырғалар мен еденді жуып жатқан тазалықшылардың қолдары қолдарына жұқпайды. «Әрине, – деп ойладық ішімізден, – мынандай тап-таза, жап-жарық өткелді тазалаудың өзі бір ғанибет емес пе?! Тек... қазақы әуендерді неге қаттырақ қоймайды екен? Жұрттың құлағы үйрене беруі керек емес пе? Әншейінде шетелдің әншілерін барынша бақыртып қойса да, ешкім ренжімейді ғой». Бұрын  күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын өткелдер жүргіншілердің жиіркенішін туғызатын. Шыны керек, мұндай өткелдердің көбі жабайы сауда дүңгіршектерін былай қойғанда, талай қылмыстың орны да болған.  Бұл қаланың орталығы болған соң ғана әп-әдемі  шығар  деген оймен Райымбек даңғылының Мұратбаев көшесімен қиылысатын тұсындағы жерасты өткеліне ат басын бұрдық. Бұл да тамаша,  жап-жарық. Жарық шамдар қосымша қабырғалармен бекітіліпті. Кейбір «бұзақылар» электр шырақтарын сындырып, не ұрлап  әкете алмайтындығы  ойластырылған болса керек. Бұрындары  бір жерінде дүңгіршек, екінші бір шетінде жеке газ балондарын пайдаланып, бәліш пісіріп, сатып жатқандардан аяқ сүрінетін еді. Мұнда да сырлы музыка, жанға жайлы жарық, әдемі суреттер. Қаламызда тағы да екі жүздей көше мен отыз шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолдарында  күрделі жөндеу жұмыстары жүретін көрінеді. Біздіңше, Алматы таяу жылдары-ақ  «ақылды қалалар» керуенін бастайтын болар. Қазақ ұлыларының ұлағатты сөздерін қабырғаға жазып қана қоймай, үлкен экранды теледидардан жүгірме жолдар арқылы да беріп тұратын болса, өте тағылымды болар еді. Оқыған жан ойланады, ойланған жан – жақсылыққа қарай өзгереді. Сонда ғана сүйікті Алматымыз шынымен толықтай «ақылды қалаға» айналады.