Ядролық сынақсыз өткен 27 жыл

Ядролық сынақсыз өткен 27 жыл

Ядролық сынақсыз өткен 27 жыл
ашық дереккөзі
1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында тұңғыш рет атом бомбасы сынақтан өткізілген болатын. Арада тура 42 жыл уақыт өткеннен кейін ғана – 1991 жылы зұлматты сынақтарға нүкте қойған «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Президент Жарлығы шықты. Осынау 40 жылдан астам уақыттың ішінде полигон аумағында «мыңдаған Хиросималар жарылған» еді.  Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін азуын айға білеген қос держава – КСРО мен АҚШ қарулану «бәйгесіне» түсті. 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына түскен атом бомбалары – ендігі кезекте ұзаққа созылар бейнетті соғысқа оп-оңай нүкте қоя салатынын екі алпауыт мемлекет жақсы түсінген. КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында Семей полигонын ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілгенімен, айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жеткен. Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді. Полигонда жүргізілген жарылыстардың салдарынан миллиондаған кісі дертке ұшырап, бақилық болды. «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Президент Жарлығына 1991 жылдың 29 тамызында қол қойылды. Әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тарту жөніндегі маңызы зор тарихи құжат бұл. 2016 жылдың 29 тамызында «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей полигоны жабылуының 25 жылдық мерейтойы – бұл қиямет қаруын шектеудегі күрестің жаңа бірегей мүмкіндігі» екенін атап өткен еді. «Семей полигонын жабу туралы шешім біз Кеңес Одағы құрамында болған кезде қабылданған еді. Одан ары сынақтар жүргізу үшін полигонды қалай болғанда да сақтап қалуға ұмтылған қуатты одақтың әскери командалық машинасының қарсылығын еңсеруге тура келді. Дегенмен КСРО  күйрегеннен кейінгі кезеңде біз әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға ие болдық. Бірақ біз ядролық қаруға ие ел болуды жөн көрмей, жасампаздық жолын таңдадық. Мұны ядролық қарудан бас тартудың қазақстандық тәжірибесі, үлгісі деп толық айта аламыз», – деді Елбасы сол конференцияда.