Су үнемдеу – заманауи үрдіс

Су үнемдеу – заманауи үрдіс

Су үнемдеу – заманауи үрдіс
ашық дереккөзі
Алматы облысы жасыл экономиканы дамыту бағытында бірқатар істі қолға алып отыр. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақши ауылында су үнемдеу жүйесі іске қосылды. Жерасты суы жылыжайда да пайдаланылады. Жылдар бойы жерасты суынан зардап шегіп келген Ақши ауылындағы түйткіл түбегейлі шешілді. Көктемде көтерілетін жер­асты суы 5 шақырымға жуық дренажды жүйе арқылы ауыл шетіндегі жасанды көлге жиналып, әрі қарай жаңадан тұрғызылған 10 жылыжайды суаруға пайдаланылмақ. Нәтижесінде, 36 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал ауылдық мектепте су үнемдеу және кәріз суын қайта пайдалану жүйесі іске қосылып, оқушылар үшін күн энергиясын пайдаланатын ауызсу станциясы қойылған. Сонымен қатар, кәріз суы биологиялық тәсілмен қайта тазартылып, көгалды суаруға жұмсалады. Сондай-ақ, мектепте және балабақшада су үнемдеуші сенсорлы крандар да қойылған. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропалық одақтың ортақ жобасы. Жерасты суларын тиімді пайдалану мен дренажды жүйе жұмыстарына 1,1 млн доллар жұмсалған. Жалпы, мұндай жоба еліміздің бес аймағында іске асырылып отыр. Қаржыландыру құны 7,1 млн еуроны құрайды. БҰҰ өкілінің айтуынша, Алматы қаласы мен облысында жасыл экономиканы дамытуға қолдау көрсету одан әрі  жалғасады. – Біріккен Ұлттар Ұйымы жасыл экономиканы дамыту мақсатында осындай бірқатар жобаға қолдау көрсетуде. Мысалы, табиғи бақтарда туристік орталықтар ашылды. Балқаш, Қапшағай, Алматы қалаларының жасыл экономикасын дамытуға да үлес қосып жатырмыз. Енді көктем мезгілінде жерасты суларынан зардап шегетін  Еңбекшіқазақ ауданындағы отыздан аса ауылдың түйткілі шешілмек. Себебі жаңа жүйенің тиімділігін көрген жергілікті билік оны өзге ауылдарға да пайдаланамыз деп отыр, – дейді БҰҰ-ның тұрақты өкілі Норимаса Шимомура.