Автоұрылар суреті Алматы көшелеріне ілінеді

Автоұрылар суреті Алматы көшелеріне ілінеді

Автоұрылар суреті Алматы көшелеріне ілінеді
ашық дереккөзі
Алматы полициясы автобөлшектерді ұрлауды кәсіпке айналдырған әккі ұрылардың суретін қоғамдық орындарға ілмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Атап айтқанда, бұрын оңай олжа таппақ болып  бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған аса әккі 19 «кәсіби» ұрының портретін енді көпшілік жақсы танитын болады. «Бұл тізім ақпараттық-талдау орталығының былтырғы мәліметтеріне сәйкес жасалды. Әр қылмыскер аз дегенде 3 қылмысқа қатысы бар. Олардың ішінде 1 адам қылмыстық жауапкершілікке 33 рет тартылған. Тәжірибе көрсеткендей, ұрылардың көпшілігі қамаудан жазасын өтеп шыққаннан кейін де түзеліп кетпейді . Көп ұзамай ескі кәсібіне қайта кіріседі. Халық олардың бет-жүзін көруі тиіс. Алматы полициясы мұның алдында осыған ұқсас формат арқылы оң нәтижеге қол жеткізген. 2 жыл бұрын қоғамдық көліктерде, сауда үйлерінің алдында, адам көп шоғырланған жерлерде ұрылардың суреті жарияланған болатын», - деді баспасөз қызметінен. Полиция қылмыстылықпен күресте қоғамдық пікірді қалыптастыру оң нәтиже беретінін жеткізді. «Көбінесе бұл жұмысқа БАҚ өкілдерін, басқа да әлеуметтік коммуникациялық жүйелері пайдаланамыз. Осы бағытта азаматтық қоғамның ойнайтын рөлі өте жоғары. Кез-келген қылмысқа қарсы пікір қалыптастыратын азаматтарға үлкен алғыс», - деді  полициядан.