Сенім мен кіршіксіз сезімнің куәсі

Сенім мен кіршіксіз сезімнің куәсі

Сенім мен кіршіксіз сезімнің куәсі
ашық дереккөзі
Махаббаттың құдірет күші әлдилеп, Екі жастың табыстырған жүрегін, Жастық жалын, асыл арман, ақ ниет, Бақыт сыйлап ұсыныпты гүлдерін. Әндете оқып, көз алдыңызға бұрынғы Алматы мен Неке сарайынан шығып келе жатқан бақытты екі жасты және оларды қоршай, мәз болып тұрған достарын елестеттіңіз бе? Айнала жастар, шаттық, махаббат. «Той жыры» махаббат гимніне айналған «Дос˗Мұқасан» тобының құрылғанына биыл 51 жыл толыпты.  Ал махаббат мекенінің символы Неке сарайының құрылғанына 47 жыл толмақ. Тарихи сәулет ғимараты 1971 жылы 22 қарашада ашылған. Дәл сол күні 4 жас жұп отбасын құрып, жыл соңына дейін 229 жұп отау тіккен. Сол күннен бері бақыт пен қуанышқа, сенім мен кіршіксіз сезімге  куә ғимаратта 100 мыңнан астам жастың некесі қиылған көрінеді. – Неке сарайында неке қию отбасылық дәстүрге айналған. 20, 30, 40 жыл бұрын некесін бізде қиған кезіндегі жастар, қазіргі ата-әжелер, ата-аналар махаббаттары адал болсын, біздің жолымызды берсін деп, балаларын әдейі осында әкеледі, – дейді Неке сарайының менеджері Роза Омарова. Алматы қаласының маңызды сәулет ғимараттары қатарына кіретіндіктен Неке сарайында реставрациялық жөндеу жұмыстары да жүргізілген. Басты мақсат ғимараттың ең алғашқы архитекторлары М.Меңдіқұлов пен А.Леппик салған Неке сарайын қаз˗қалпына келтіру. Бір таңғаларлығы, биыл ерекше аталуға тиіс делінген 08.08.18 күні Неке сарайында неке қидырған ешкім болған жоқ. Қызметкерлер бұл дата жұмыс күніне сәйкес келгендіктен деп болжап отыр. Ал былтыр 07.07.17 күні 10 жас жұп отау құрыпты. Десе де, 18.08.18˗ге алдын-ала жазылған 11 жұп бар екен. Болашақта Неке сарайында неке қидырып жатсаңыз, босағада Орталық цирктің аттары байлаулы тұрады, сарай қызметкерлері қос ғашықты ханзада мен ханшайымдай күтіп алып, Әуезов театры әртістері шағын концерттік қойылым көрсетіп, әдемі гитара үнінен рухани ләззат алатын боласыз. Себебі ғимарат қызметкерлері екі жастың бақытты күнін ерекше өткізу үшін жанындағы екі көрші мекемемен келіссөз жүргізуде.