ОҚУ  ҚИЫН, СӨМКЕ АУЫР...

ОҚУ  ҚИЫН, СӨМКЕ АУЫР...

ОҚУ  ҚИЫН, СӨМКЕ АУЫР...
ашық дереккөзі
Қала халқын біраз әбігерге түсірген аптап ыстықтың беті қайтып,  жақындап қалған алтын күздің  жанға жайлы қоңыр лебінен хабар жетті. Бәріміз жайма шуақ қалыпқа түскендейміз. Бірақ тұрғындардың жүзінен әлденеге алаңдаушылықты байқау аса қиынға соқпас. Әдеттегі жаңа оқу жылының алдындағы қарбалас! Ата-аналарға қиындық туғызып отырған  ерекше мәселе – бірінші сыныпқа баратын балаларының жағдайы. Яғни, оқулықтардың шектен тыс көптігі мен ауырлығы.  Жыл сайын сөз болып, мәселе қозғалатыны да сондықтан, бірақ нәтиже шамалы. Оқулықтардың мазмұны сана-сезімі әлі толық жетіліп бітпеген балалардың түсініп, есіне сақтауы қиынға соғатын, тіпті, үлкендердің өзі шешімін таппай қиналатын  қиын есеп-қисаптарды айтпағанның өзінде,  мектепке барып-келуі талай  қиындықтар туғызып отыр. Таяуда  Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ж.Бекшин жаңа оқу маусымына дайындық қалай жүріп жатқаны жайлы арнайы жиын өткізді. «Мектеп сөмкесін немесе рюкзагын таңдаған кезде, гигиеналық талаптарды сақтау қажет. Ең алдымен, ортопедиялық арқалығы қатты сөмкені таңдаған жөн. Арқаға асып алатын кең иықбаулары болуы керек. Иықбау жұмсақ матадан жасалғаны абзал. Сөмкенің салмағы мен көлемі баланың бойы мен жасына сәйкес болуы керек. Бос сөмкенің салмағы бір келіден аспауы керек»,– деді ол. Сондай-ақ, Бас санитарлық дәрігер оқулықтардың салмағына баса мән берілетінін атап өтті. Ол қазақстандық оқулықтардың салмағы қанша болуы керектігін арнайы айтып, оқулық салмағы әр оқушы үшін маңызды екеніне тоқталды. «1-4 сынып, яғни бастауыш сынып үшін әр оқулықтың салмағы 300 грамнан,  5-6 сынып үшін – 400, 7-9 сынып оқушылары үшін – 500 грамнан, ал жоғары сыныптар үшін – 600 грамнан аспауы тиіс. Біз оқулық салмағына қатысты мәселені үнемі бақылауда ұстап отыратын боламыз»,– деді Бекшин  қорытынды сөзінде. Оның айтуынша, өткен жылы «Алматы кітап» баспасы әзірлеген екі оқулықтың салмағы жоғарыдағы  нормативтерге сәйкес келмеген. Қазақ тілінде оқытатын 1 сыныпқа арналған оқулық  норма бойынша 300 грамм болуға тиіс десек,  «Орыс тілі» оқулығының салмағы – 402, ал  орыс тілінде оқытатын 1 сыныпқа арналған «Қазақ тілінің» салмағы да нормадан асып кеткен. Баспаны тексеру барысында аталған оқулықтардың санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан өткені туралы қорытындының жоқтығы анықталған. Сондықтан «Алматы кітап» баспасына заң бұзушылықты жою жайлы санитарлық нұсқау беріліп, бір ай мерзімге сауда қызметін тоқтатуына тура келіпті. Оқулықтардың тым ауырлығы ескеріле келе, биылғы оқу жылында оқушыларға оқулықтардың электрондық нұсқасын пайдалануға  мүмкіндіктер жасалады екен. Бұл 3,6 және 8 сыныптарға арналған жаңа оқулықтарды планшеттерге жүктеп алуға болады деген сөз. 2018-2019 оқу жылында  осы  сыныптарға арналған жаңа оқулықтар осылай іске асырылмақшы. Баспалардан басылып шыққандары біраз өңірлерге жіберіліп те үлгерді. Бұл оқулықтарға олардың электрондық нұсқалары QR-коды орналастырылған. Оқу бағдарламасына қазан айынан бастап енгізіле бастайтын болады.  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл оқулық шығару жұмысымен таныстыру мақсатында өткен баспасөз туры барысында мәлім болса керек. «Оқулық» орталығының сайтында «Қоғамдық бағалау» атауымен осы оқулықтардың макеті орналастырылып, порталға төрт мыңнан астам пікір мен ұсыныс түскен. Ол ұсыныстар жұмыс барысында кеңінен пайдаға асқаны,  А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері, мұғалімдер мен журналистерден құрылған Жұмыс тобы осы  оқулықтарға пәндік  комиссияның ескертуі бойынша түзету енгізіп, лингвистикалық сауаттылық және әлеуметтің қабылдауы тұрғысынан сараптама жүргізілгені сөз болды. Білім берудің осындай жаңартылған мазмұнына көшу баспалардан шығармашылық ізденістер мен  жаңа  идеяларды, оқулықтарды басып шығаруда жаңаша әдіс-тәсілдерін қолдануды талап етеді. Сондықтан да баспаларда  авторлар, редакторлар, әдіскерлер, дизайнерлер, бет қаттаушылар сынды мамандарға қойылатын талаптар да күшеймек. Ал ол қалай жүзеге асып, оқушылар қалай қабылдайтыны оқу жылының барысында көрінетіні сөзсіз. Қайткен күнде де жаңалыққа ұмтылу жақсы нышанның белгісі болар. Ғұмырымызды білім саласына арнағандықтан, бұл үрдістерге құлақ түріп, қолдап отыруды өзімізге мақсат-міндет санаймыз. «Бар жақсымыз – балаларға» деген ұран болушы еді,  бүгінде бар ынта-жігеріміз – болашағымыздың сауатты, саналы болуы жолында екені және даусыз.

Алма Сейіт,

дербес зейнеткер