«ҚАНЖЫҒАДА БАС КЕТСІН!»

«ҚАНЖЫҒАДА БАС КЕТСІН!»

«ҚАНЖЫҒАДА БАС КЕТСІН!»
ашық дереккөзі
Кезінде Еуразияны ат тұяғының шаңына көміп, батыс Еуропа мен мен Қытайдың арасындағы кең-байтақ жерге әмірін жүргізген Ұлы дала ұрпақтарының қашанда рухы өр, намысы биік. Бір кезде тұтас бір халықты құраған тайпалар уақыт өте келе көбейіп, ұлттарға айналып, бірнеше мемлекетке бөлінді. Тарихтың аласапыранында сыртқы жаудан жеңілген түркі ұрпақтары соңынан бодандықтың қамытын киді. Солардың бірі – қазақ елі де бірнеше ғасыр Ресей империясына бағынышты болып, тәуелділікте ғұмыр кешті. Алайда түпкі тегін ұмытпаған ер халықтың намысты ұлдары жауға шабар батырлығымен де, шындықты бетке айтар батылдығымен де жұртының арын арлаудан танбады. Соның айқын бір мысалы – 19-ғасырдың екінші жартысы мен 20-ғасырдың басында Ақтөбе өңірінде өмір сүріп, саналы өмірі жат жерлік басқыншыларға қарсы болумен өткен және оны сөзімен де, ісімен де дәлелдеп кеткен ақын Сарышолақ Боранбайұлы еді. Сарышолақ ақын ұлт азаттығын жырлауды жаңа деңгейге көтерген, отаршылдық езгіге сөзі ғана емес, өзі де қарсы шығып – ел намысы үшін майданға түскен тұлға. Ол Исатай-Махамбет көтерілісіне дем берген Махамбет Өтемісұлы, Жанқожа көтерілісінің жалынды жыршысы Төремұрат ақын сияқты, ел намысы сынға түскенде халықтың алдында жүрген жауынгер-ақын. Сөздері ел жадында жүргенмен, жыр-толғаулары ХХІ ғасырдың басына дейін хатқа түсіп, кітап болып шыққан жоқ. Бір кезде «зар заман ақындары» атанған Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері секілді азат ойлы ақындардың шығармалары Қазан төңкерісіне дейін кітап болып шығып, елге тарап, соңынан зымиян қызыл саясаттың кесірінен оқуға тыйым салынса, патша өкіметінің қырына іліккен Сарышолақтың жырларына о бастан тұсау салынған-ды. Соншалықты қауіпті көрінген оның шығармаларының мәні қандай сонда? Патшалық отарлау саясатының астарында не жатқанын ерте бастан түсіне білген Сарышолақ, жат жұрт билеудің ақыры уыздай ұйыған ұлтын сақтап тұрған әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жоғалып, рухының тамырына балта шабылады деп қауіптеніп: Күнде жасып жүргенше, Көздегі шерлі жас кепсін, Құлдықпен өмір сүргенше Қанжығада бас кетсін! – деп қазақты сананың қалғуына жол бермейтін отты жырларымен жебеді. Ұлтын сүйген, тарихын білетін, арғы-бергі қазақ даналығынан хабары мол зерделі ақын: Әулие Мөңке айтқаны, Бұлжымай келді алдыма. Бағымның неге қайтқаны, Тәңірдің көңлі қалды ма? Елімді билеп кете ме, Кешегі келген қаңғыма?! – деп атақты Мөңке биден қалған болжамдарды есіне алып, қауіп айтып – жыр төкті. Оның жырларында сол кездегі халықтың жай-жағдайы айқын көрінеді. Шындықты тайсалмай айтып, болғанды жасырмаған Сарышолақтың: Мезгілсіз соққан  зауалдан Талай қыршын жұлынды, Алшаң басып жүргендер Мылтықты көрсе  бұғынды. Атжақсы  мен  Жайыңды, Ұлы  Ырғыз бен Қайыңды, Ұлы Борсық, Біршоғыр Әлімтау,Тобылғы сайыңды Орыс еркін  жайылды. Қылып  еткенге  түрмесі Шынжырлы  бұғау  сіргесі! Шен  үшін талас елімде, Бүлінді  елдің іргесі... – дегені ақын өмір сүрген дәуірдің қандай екенін көрсетсе керек. Сондай-ақ оның: Шерілерім, менің шерілерім, Күн туғанда тартынбай, Қиынға салар ерлерім, Қысылғанда тарығып, Намысты бермес өрлерім, Қиын-қыстау, баз кешу, Сескенгенін көрмедім, Келелі нардай жампоздар, Жауға тыншу бермедің, Ажалға қарсы бет қойып, Алдаспанды сермедің, Өзгенің қонысы не керек, Қорғаған кіндік өз жерің, Айдын шалқар көлдерің, Нуға тұнған белдерің, Орманды-тоғай өрлерім, Құт мекенді өз жерім, Тартынбай кәпір бас қойды, Істеп ойына келгенін. Дүние тегіс теңселді, Үркінді байлар малымен, Жанталасқа бой беріп, Артынып, ауып барымен. Тыншулы жатқан қалың ел, Ойлағаны бейбіт күн, Зарыққандар жанымен. Кәпір тыныш қоймады, Жөніне жатқан бақуат, Бұзылды елдің қаймағы. Ісін істеп хайуанның, Құртып тынбақ ойлары, Жауыздыққа үйреніп, Жеркенбеді тіпті бойлары, – деуінен халықтың отаршылардан шеккен жәбір-жапасын анық байқауға болады... Тағдырлас ерлер қашанда бір-бірін насихаттап, елге үлгі қылып жүретіні тағылымды қасиет. Исатайдың жанына серік болған Махамбеттің тағдырынан хабардар Сарышолақ Боранбайұлы оны ақындықпен астасқан батырлығын өзі де құрметтеді, жұртқа да өнеге етті. Бұл оның: Ерлер  еді  келіскен, Жайық  бойы Беріштен, Өзім  білер Махамбет – Егеулі  найза  қолға  алған, Қысылғанда жол  салған, – деген жыр жолдарынан көрініп тұр. «Тегіне тартқан тек озар» демекші, ол – ел үшін майданда қан төккен Айтұлы Тілеу батырдың сойынан-ды. Тілеу батыр (1630-1684) Әз-Тәукені таққа отырғызған кезде ұлықтау рәсіміне қатысқан белгілі адам. 1681 – 84 жылдары жоңғарлармен болған Сайрам соғысына 17 мың қол бастап барып, соғысқан. Ұлт азаттығы жолында 1684 жылы Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болған. Міне, осындай батыр әулеттен шыққан Сарышолақ неден тайынушы еді? Сарышолақ Боранбайұлының ақын-азамат ретінде жарқырап көрінген тұсы Ресей отаршылдарын жеріне кіргізбеймін деп, жатжерлік басқыншыларға қаймықпай қарсы тұрған, ел мен жер үшін басын бәйгеге тіккен Мырзағұл Шыманұлының қозғалысына қатысқан тұсы. Өзі ру биі, болыс болып ел басқарған, тіпті 1878 жылы қазақ зиялыларының құрамында Санкт-Петербург пен Москваға барып, ІІ Александр патшаның қабылдауында болған Мырзағұл соңынан орыс империясының пиғылын анық түсінген тұста отаршыларға қарсы шыққан. 1882 жылы маусымда өткен Орал, Торғай облыстарының болыстары мен билерінің құрылтайында шығып сөз сөйлеп, патша үкіметінің жер саясатын ашық сынаған. Осыдан соң екі мәрте наразы елдің патшаға қарсы толқуына басшы болып, біріншісінде алты ай түрмеде отырып шықса, екіншісінде сотталып, Орынбор түрмесінде қаза тапқан. Міне, осындай ерлердің жанына серік болған Сарышолақ басқыншы елдің отарлық саясатына ашық қарсы болып, оларға ащы да улы сөзін аямаған. Мырзағұл толқыған елге бас болғанда: ...Ретті  жерде  ұмтылмай Орынсыз  босқа  сыңсыдық, Қамытты  өзің кигенше Өлелік  одан  жұлқынып! Кәпірдің  ойы немеде Ісінен бұрын  құлқын ұқ. Қарсыласар  азайды, Бас  көтерген құртылып. Кәпірге  жайған дастарқан Шұлғау болды-ау  жыртылып. ...Ертеңге  қалмай  жақсы  ісің Жүргейсің әсте  тындырып, Ойқастап жаудың  ордасын Салалық  ерлер бір бүлік, – деп халыққа жігер берді. Бірақ күші тең емес соғыста қазақтар жеңілді. Толқу басылған соң талай қазақ жазаланды. Алайда Мырзағұл өлген соң да Сарышолақ қарап жатпай, елге рух берумен болды. Тіпті, 1916 жылғы толқу тұсында кішігірім қозғалыстың да басында жүрген. Ол қазақтың басына зұлмат болған патшалық Ресейдің әкімдерін ғана емес, ел ішіндегі билікқұмар, пасық қандастарын да жек көріп, күні үшін жанын жалдаған жағымпаздардың ит терісін басына қаптайды: Бисымақтар болып алған белсенді, Осыларға қалай ғана ел сенді. Ақ жарылқап күнім туса алдымнан, Үзер едім бірінші боп еңсеңді. Бұл уақытың тұрақтамас мәңгілік, Арман болмас шындық жүзін көрсем-ді. 1858-1929 жылдар арасында өмір сүрген Сарышолақ Боранбайұлы кеңестік кезеңді де көзімен көрген. Бірақ о бастан халқына тырнағы батқан зорлықшыл казак-орыстардың залымдығын көрген ақын, баяғыша қазақты билеп-төстеген Кеңес өкіметіне іші жылымай өткен. Алайда болашақтан үміт үзбеген оптимист ақын: Үміт шіркін болашағым болар ма, Әлде арман – қайғыменен солар ма? Ұрпақтарым жетісетін күн болар, Ендігі ойым жалын атқан соларда. Сарышолақты еске алатын жан туар, Үміттеніп әр нәрсеге талпынар. Жалғыз болып туғанменен анадан, Ер жігіттің әрқашанда халқы бар,  – деп ұлтының түптің-түбінде азаттық алып, еркін елге айналатынына бек сенеді. Сарышолақтың шығармаларындағы отаршылдықты тұспалдаған «орыс» сөзі кеңестік кезеңде оның әдеби мұрасын жарыққа шығаруға мүмкіндік бермесе де, ақынның асыл мұрасы елінің жүрегінде сақталып, бүгінге жетті. Қазақты тарихтың талай сынынан сақтаған рух болса, сол рухтың бір дем берушісі Сарышолақ Боранбайұлы секілді от жүректі, батыр ақын екені айқын. Қазақ ақынның жалынды жырларымен табысып, ұрпаққа үлгі етер мұраларын қастерлегеніне көп бола қойған жоқ, дегенмен ел тәуелсіздігінің қадірін біліп, көздің қарашығындай сақтау үшін Сарышолақтай ақындардың ұлт деп соққан жүрегіне әлі де үңіле түсуге тиіспіз.