«ШЕТ ӨҢІРІ – ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ ҚАЙНАРЫ»

«ШЕТ ӨҢІРІ – ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ ҚАЙНАРЫ»

«ШЕТ ӨҢІРІ – ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ ҚАЙНАРЫ»
ашық дереккөзі
Республикамыздағы тоқсан жылдық торқалы тойларын атап өтіп жатқан біршама аудандардың қатарында Қарағанды облысының Шет ауданы да бар. Осындай тарихы тереңде жатқан көптеген аудандарымыздың мерейлі мерекесіне арналған іс-шаралар үстіміздегі жылдың соңына дейін жалғасатыны айқын. «Тоқсан жылдыққа тоқсан игі іс» қозғалысы осының дәлеліндей. Кез келген мереке мәдени іс шарасыз өтпейтіні тағы белгілі. Бұл шараның ең бастауында, әрине елді мекендерді жаңа үлгіде жаңарту, абаттандыру, заманауи талаптарға сай технологиялық үрдістерді енгізу, халықтың салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру сынды шарттар тұрғаны айқын. Шет ауданының тоқсан жылдығына арналған осындай шара орталық кітапханадағы қазақтың біртуар ақыны, мұзбалақ ақын М.Мақатаевқа арналған әдеби кештен басталды. Кітапханашы Айнагүл Төлеукенова жүргізген бұл кешке келген қонақтар аудан тарихы мен оның танымал тұлғалары жайлы тың деректерге куә болды. Кезінде  Қарқаралы уезінен бөлініп шыққан Шет ауданы Тәуелсіздіктің жемісіндей болып, қанатын кеңге жая түскен өркенді аудан. Әсем Алматыдан астананы Арқаға көшірер тұста осынау тоғыз жолдың торабына айналып сала берген Ақсу-Аюлы селосы – ауданның орталығы болып саналады. «Болашағы жарқын шежірелі Шет өңіріне 90 жыл» атты кітап көрмесі де көзге жылылық, көңілге қуаныш сыйлағандай. Ауданның торқалы тойымен қатар келген ауданның атақты күйшісі Д.Сәуақасов жайлы көрсетілген көрсетілім де көпшілікті бейжай қалдырмады. «Шет өңірі – шертпе күйдің қайнары» апталығында домбырашылар байқауы өткізіліп, осы өңірден шыққан жас күйшілер бір серпіліп қалды. Әсіресе, Мұқағали жырларын нақышына келтіре орындаған оқушылардың көпшілік көңілінен шыққаны даусыз. Ы.Алтынсарин атындағы мектеп интернатының оқушылары Т.Резентюк, Н.Самай, В.Варволалиев, К.Батырхан секілді өзге ұлттың балалары тебірене оқыған ақын жырлары көпке дейін ғимарат ішінде жаңғырып тұрғандай әсер етті. «Туған жер» бағдарламасы аясында осы ауданның Жарылғап батыр ауылында өткен шара «Ауылым – алтын бесігім, ақ босағам» деп аталды. Жан-жақтан жиналған осы өлкенің тумалары ауылды өркендету мәселелерін ортаға салып, тың жобаларды талқылады. Күзге салым кең көлемде аталып өткелі отырған тоқсан жылдыққа дайындық осылай жалғасын табуда. Аудан әкімі М.Жан­дәу­летов мырза да елжанды, намысшыл азамат. Тікелей аудан басшысының тапсырмасымен Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты М.Жакиннің авторлығымен «Шет өңірінің тарихы» атты ғылыми монография мен жазушы К.Жүністегінің «Тасқа тұнған құпия» атты этнографиялық-танымдық кітабы жарық көрмек. Аюлы тауының етегінде, Нұра өзенінің бастауында орналасқан Шет ауданы жер қазба байлықтарымен де мақтана алатын өңір. Мұнда мырыш, молибден, вольфрам, темір, алтын, кварцит, мыс өндіретін кен орындары бар, сондай-ақ, гранит, қиыршық тас, құм, саз сынды құрылыс материалдарымен де танымал. Сарыарқаның оңтүстік, оңтүстік батыс аумағындағы бұл аудан Бұғылы, Тағылы, Қотыр, Қызылтау таулары мен Тектұрмас шоқысымен де ерекшеленеді. Ал оңтүстігіндегі Балқаш көлі, оңтүстік шығысында Қызыларай таулары мен Тоқырауын өзені, одан әрі Шерубай-Нұра, Жақсы, Сарысу, Есен, Талды, Байқасқа, Манақа өзендері жер шырайын одан сайын шырайландырып жатса, батысындағы тізбектелген Батпақдала, Қызылтау, Ақтау, Ортау таулары Арқаның осы бір әсем аймағының көркіне көрік қосады. Жері ұсақ қырқалы, шоқылы болып келетін жазық. Шежірелі Шеттің тарихы қазақ тарихының бір тарауы. Ол сонысымен де құнды, сонысымен де қымбат.