Жаңашыл ұрпақты қызықтырған бастамалар

Жаңашыл ұрпақты қызықтырған бастамалар

Жаңашыл ұрпақты қызықтырған бастамалар
ашық дереккөзі
Елдігіміз – еңселі, бағымыздың баянды болуы үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуын басым бағыт деп белгіледі. Сондықтан жастарды қолдау, олардың сапалы білім алып, ғылыммен айналысуына жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге жыл сайынғы Жолдауларында тоқталатыны белгілі. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да жоғары оқу орны ғылымын дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға назар аударды. Алматы қаласында да жастарды қолдауға бағытталған жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Алматы – жастар қаласы. Қала халқының үштен бір бөлігі – жастар. 14-35 жас аралығындағы жастардың саны 777 909 адамнан асады, мұның өзі елдегі жастардың жалпы санының 45,2 пайызын құрайды. Мемлекет басшысының тұрақты қолдауының нәтижесінде Алматы орталық-азиялық өңірдегі ірі ғылым-білім, мәдениет, қаржы, спорт және жастар орталығына айналды. Мұнда жастардың жан-жақты қызығушылықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жасалған. Жаңа мемлекеттік бағдарламалар, заманауи балабақшалар, мектептер, колледждер және жоғары оқу орындары – олардың мансап бойынша өз дәрежесінде жоғарылауының кепілі. Алматыға жастардың жыл сайынғы көшіп келуі орта есеппен 20 мыңнан астам адамды құрайды. Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының деректері бойынша, өткен жылы «Алматы қаласының 2017-2020 жылдар аралығында жастарды қолдау және дамыту жол картасы» жобасы аясында жастар практикасының құрамын 500-ден 1200 адамға дейін ұлғайту мақсатында 500 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, нәтижесінде 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлерді қолдау және стартап-жобаларға көмек көрсету мақсатында «Жас кәсіпкер», «Zhastar Innovation» сынды жобалар мен бағдарламалар іске қосылып, өткен бір жыл ішінде «Zhastar Innovation» жобасы аясында 3 стартап көрме, 8 семинар-тренингтер, модульдік оқыту мен кездесулер өткен. Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың биылғы жылға бекітілген жоспары бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Алматы жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру және жалпы қаржыландыру көлемін ұлғайту, бұрынғы трамвай паркінің территориясында жастармен жұмыс істейтін екінші Лофт-орталық құрылысы, «Алматы қаласының 2017-2020 жылдар аралығында жастарды қолдау және дамыту жол картасы» аясында 5 жатақхананың ашылуы, 2018 жылы «Алматы қаласының 2017-2020 жылдар аралығында жастарды қолдау және дамыту жол картасын» жалғастыру міндеттері бар. Лофт-орталықта алматылық жастар өздерінің жобалары мен шығармашылық идеяларын іске асыра алады. Бұдан басқа, Лофт-орталықтың базасында тұрақты Englishclub және мемлекеттік тілді оқыту орталығының қызметін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мұның барлығы қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысатын жастар ұйымдарының әрі қарай дамуын және олардың санының өсуі мен сапалық әлеуетінің артуын, сондай-ақ, жастардың интеллектуалдық клубтары мен командалары желісінің кеңеюін ынталандыратын болады. Алматы қаласында 127 қазақстандық университеттің 38-і жұмыс істейді. Жыл сайын Алматы қаласының жоғары оқу орындары 30 мыңнан астам жас мамандарды даярлайды. Бұл елдің жоғары оқу орындарының барлық түлектерінің үштен бір бөлігі. Қалада жастар саясатының инфрақұрылымы бар. Мемлекеттік жастар саясатын Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, Алматы қаласының әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңес, Жастар саясатын дамытудың мемлекеттік қоры, Жастардың ресурстық орталығы жүзеге асырады. Жетекші республикалық жастар ұйымдарының бас кеңселері Алматыда орналасқан. Қалада 38 ірі жастар ұйымдары жұмыс істейді. Олар жастардың мәселелерін шешуде қаланың билік орындарымен тығыз ынтымақтастық жасасады. Жоғары оқу орындарының базасында жұмыс істейтін 200 студенттік ұйымдардың белсенділігі арта түсуде, олар «G38» жоғары оқу орындары аралық студенттік клубының қолдауымен біріккен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы­на сай Ал­маты қаласында жыл басынан бері металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және ІТ-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ, жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясаты бекітілді. Мегаполисте жас ғалымдарды, жастарды қолдау мақсатында жүзеге асырылған жұмыстардың бірі – жас ғалым-педагогтар қауымдастығының құрылуы. Алматыда құрылған еліміздің жас ғалым-педагогтарының басын қосатын қауымдастық Елбасының кезекті Жолдауы негізінде жүзеге асқан. Қауымдастықтың басты мақсаты – жаңаша тұрғыдан ойлайтын жастардың басын біріктіріп, еліміздің білім саласын одан ары дамыту. Тіпті, болашақта шетелдік жоғары оқу орындарымен бірігіп, қауымдастық деңгейін халықаралық дәрежеге көтеру жоспарда бар. Мүшелікке жасы 35-ке дейінгі мұғалімдер тіркеле алады. «Еліміздегі жас ғалымдардың білім саласындағы өзіндік ғылыми ізденістерін ортаға салып, диалог алаңын құру. Және осы слетте жас ғалымдарды басын біріктіру. Жас ғалымдардың қауымдастығын құрамыз деп отырмыз. Осы слет негізінде қауымдастықтың ережесін және жарғысын талқылаймыз», – деді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова. Сонымен бірге, Алматыда жоғары оқу орындары мұғалімдерінің бастамасымен қала университеттерінің Альянсы құрылды. Альянс құрамына оңтүстік астанадағы барлық 38 университет кірді. Бұл ұйым қаладағы барлық университет мұғалімдерінің тәжірибе алмасуына көмектесетін жаңа шығармашылық және ғылыми алаңға айналады және университеттердің рухани жаңғырудағы драйвері болуына ықпал етеді. Альянс жоғары оқу орындарының түрлі ғылыми тәжірибелер алмасуына, маман-кадрлар дайындау жолындағы мәселелерді талқылауға және әртүрлі әлеуметтік жобаларды бірігіп жүзеге асыруға қолайлы алаң болмақ. Өткен жылдан бастап «Алматы қаласы жастарын қолдаудың 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Жол картасында 5 негізгі қызмет бағыты анықталған: сапалы білім беру, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, мәдени және салауатты демалыс, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау, белсенді жастар қаласы. Бағдарлама жастардың өзін-өзі жетілдіруі мен жан-жақты дамуына, олардың қала өміріне белсенді тартылуына және мегаполис жағдайындағы өмірге бейімделуіне жағдай жасауды мақсат етеді. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету және оларды дамыту мақсатында Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқармасы бірқатар жобаларды қолға алды. Мәселен, «Көзқарас», «Selfmade», «Жастар Innovation», «Zhastar Online» сынды жобалар табысты жүзеге асырылды. Жастарды қолдаудағы тағы бір маңызды міндет – баспанамен қамту. Бұл ретте Алматының тәлімгер жастарына арнап 2020 жылға дейін 20 жатақхана салынбақ. Олардың бесеуі биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 35 жасқа дейінгі жас отбасылар мен өзге жастарға да жатақхана салу жобасы қарастырылып жатыр. Қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мәліметінше, Елбасы бастамаларының бірі – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін Алматыдағы 4 жоғары оқу орнымен уағдаластыққа қол жеткізіпті. «Қай жоғары оқу орнының жер телімі бар, қаражаты бар ма, қандай жобасы бар, болашақта салам деген қандай жоспарлары бар? Мына 4 меморандум дегеніміз 4 жоғары оқу орны. Олардың нақты қазіргі таңда жобасы не қаражаты, жері бар ма? Одан бөлек, мына басында айтып өткен биылғы 5 жатақхана, ол жоғары оқу орындарының өз қаражатымен, өздерінің жерлерінде жоспарлап, бастап салып жатыр», – дейді Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Шыңғыс Бескемпіров. Тағы бір айта кететін жайт, Алматыда өткен Универсиада ойындары үшін арнайы салынған атлетикалық қалашық та бүгінде жас ғалымдардың баспаналы болуына көмектесуде. Мәселен, сәуір айында алматылық 10 жас ғалым аталмыш қалашықтағы пәтер кілттерін иеленді. Жалпы, Алматы қаласы әкімдігі жастар арасындағы баспана мәселесін шешуге ерекше күш салып отыр. Мегаполисте былтыр «Алматы жастары» деген атаумен тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып, 100-ден астам отбасыға аса арзан бағада пәтерлер берілген болатын. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге де бөлінген еді. Енді қала билігі биыл аталған бағдарламаның екінші кезеңін бастады. 2018 жылы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл соманың былтыр бөлінген қаражаттан екі есеге көп екенін ескерсек, биыл баспаналы болатын отбасылардың саны екі еселенеді деген сөз. «Алматы Жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі – пайыздық төлемнің төмендігінде, яғни жобаға қатысушылар жылдық мөлшері 5 пайыз болатын 10 млн теңгеге дейінгі жеңілдікпен несие ала алады. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі төлем қабілетіне қарай 3 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта жеке жасалынады. Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамту ісі де маңызды мәселе болып отыр. Бұл ретте Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасы нақты шаралар жүргізіп келеді. Мәселен, өткен аптада Алматы қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен, Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры «Мобильді жұмыспен қамту» шарасын өткізді. Шараның басты мақсаты – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға тұрақты жұмыс немесе уақытша жұмыс орындарына орналасуға көмектесу, соның ішінде: жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыс орнына орналасуға көмек қолын созу. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың наурыз айында өткен «Жас Отан» жастар қанатының кезекті съезінде жастарға жолдаған хатында: «Мен жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, соған басымдық бердім. Өйткені сендер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып білуге, ең бастысы, әрқайсыңды өз салаларыңда әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын. Сендер, ата-бабаларымызға арман болған, біздің буын негізін қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді лайықты жалғастыруға тиіссіңдер!», – деген болатын. Ал Елбасы айтқан міндеттерді орындап, білікті маман болып қалыптасып, Қазақстанның дамуына үлес қосуды мақсат еткен жастарды қолдау шаралары жалғасын таба беретіні сөзсіз.