Қытайды қымыранға қарық қылмақ

Қытайды қымыранға қарық қылмақ

Қытайды қымыранға қарық қылмақ
ашық дереккөзі
Түркістандағы түйе және бие сүтін өңдеп, одан құрғақ ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Зауыт 30 тамызға дейін пайдалануға беріліп, сынақ мерзімінде жұмыс істейтін болады. Ал желтоқсан айында толық іске қосылмақ. Зауытта 80 адам жұмыспен қамтылады. Оның онға жуығы қытайлық маман, қалғаны жергілікті тұрғындар болуы көзделген. Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе сүтін қабылдап, одан құрғақ ұнтақ шығарады. Дайын өнімді қайнаған суға езіп, шұбат қылып ішуге болады. Қытай инвесторларының қаржысына салынған зауыт құны 7 жарым млрд теңге. Бірлескен кәсіпорынның 95 пайызы Қытайға, қалған 5 пайызы Қазақстанға тиесілі.  Дайын тауар толықтай экспортқа шығарылатындықтан өнім сапасына қойылар талап та жоғары. – Түйе және бие сүтін өңдейтін «Golden camel» зауыты қазақ-қытай инвесторларының қаражатына тұрғызылған. Мұнда тек Түркістан ғана емес, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы түйе шаруашылығымен айналысатын тұрғындарды кооперацияға біріктіріп, сүтін зауытқа өткізу көзделіп отыр. Біздің есебімізше, Түркістан облысында қазір 29-30 мың түйе бар, Қызылорда облысында – 47 мыңға жуық және Жамбыл облысында – 13-15 мың түйе бар, –  дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметов. Келісім бойынша, зауыт түйе сүтін базар бағасынан 50-100 теңгеге қымбатырақ қабылдайтын болады. Себебі мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер, жеңілдетілген несиелер бар. –  Қазір түйе сүтін Қытайға жібереміз, одан кейін Еуропа елдеріне, АҚШ, Австралия сияқты мемлекеттерге де кейін экспортқа шығару жоспарда бар, – дейді зауыт директорының орынбасары Жазира Озатқызы. Бүгінде Түркістан облысында өндірілген 1 млн 800 мың тоннаға жуық өнім экспортқа шығарылып келеді. Облыстың жеміс-жидегі, қауын-қарбызы мен жүзімдері Ресей мен Германияға жеткен.