Халық пен банк кейде тату, кейде...

Халық пен банк кейде тату, кейде...

Халық пен банк кейде тату, кейде...
ашық дереккөзі
«Сүйекпен ұрған ит қыңсыламайды». Шіркін-ай, ит пен сүйек жайлы тәмсіл қалай тауып айтылған?! Жылдық пайыздық мөлшерлемесі қанша есе болса да, несиеге жүгіретін жұртты еріксіз ойға оралтады. Қазақстандықтардың 30 пайызының банктерде қомақты несиесі бар. Статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда қазақстандық жеке тұлғалардың несие қоржыны 5 триллион теңгеден асып жығылыпты. Көп пе, аз ба? «Бір күні «пәленше таптан барымта алынып қалып, пәлен ауылдың жылқысына жау тиіп, айырып қалыпты» десіп, кейде «пәленнің екі-үш жылқысы өткен түнде жоқ болып шығыпты» десіп, тағы бір уақытта қораға ұры кіріп азан-қазан болып қалған ауылдардың түрлі-түрлі әңгімелері естіліп жататын». Мұхтар Әуезов «Барымта» атты әңгімесін дәл осылай өрбітеді. Ол заманда жуанның малын қолды еткен қарақшының «барымташы» деген абыройлы аты болды. Қоңыр тон тозып, заманның озғаны шығар, барымташының да дәуірі келмеске кетті. Оның бедері ұрлықшы болып өзгерді. Байдың орнын қаржы орталықтары басты. Ресми түрде «банк» деп аталатын бұл мекемелерге де ұрлықтың қолы, ұрының аяғы жеткелі қашан. Тарих беттерін парақтасақ, банк ұрлығының ең атақтысы, ең қомақты қаржы қолды болған фашистік Германияның «Рейхсбанк» банкі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы қарсаңында тоналған бұл банкте барлық неміс империясының алтын қоры сақталыпты. Шамамен 3 миллиард 340 миллион АҚШ долларын қолды қылған қарақшылар сол күйі табылмаған. Әсілі, «желмен келген, желмен кетеді» деген сөз жәйдан-жай айтылмаса керек-ті. 2005 жылы Бразилиядағы банк ұрлығы көпті таңғалдырған болатын. Фантастикалық кинофильм кейіпкерлері секілді жоспармен жұмыс істеген ұйымдасқан қылмыстық топ өздерін кәсіби тұрғыда мойындатты. Қаржы мекемесінің қарама-қарсысында орналасқан пәтерді жалдап, банк қоймасына арнайы жерөткел жасап жеткен олар тіпті ұрлықтың кешкі уақытта болатынын ескеріп, жерөткелге арнайы жарықшам да орнатқан екен. Осылайша бразилиялық банк сол жылы 69 миллион АҚШ долларынан бір мезетте айырылып қалған-ды. Ол ол ма? Петербургте 2016 жылдың 11 қаңтарында тағы бір банк ұрлығы тіркелді. Небәрі 4 ұрлықшы банкке баса көктеп кіріп, 7 минут ішінде 1 миллиард рубльді еншілеп кеткен. Және қарақшылардың қос көлікке мініп, қала көшелерімен қашқан видеолары желіге тарап еді сонда. Әйтеуір, «көп асқанға, бір тосқан» дейтіндей банк ұрлығының алды алынса да, арты шуға ұласып жататыны бар. Батыс елдерінде «Банк халықты тонайды, банкті бандиттер тонайды» деген ұғым бар. Сол, сірә, рас шығар?!

Сергей Кириенконың қырағылығы

Еуропа, АҚШ банктерін сөзімізге тегін тұздық етіп отырғанымыз жоқ. Қап-қап ақшаны желге ұшырып, сан соғып қалатын алпауыттар неге осы қылмысты болдыртпау үшін бір айла ойлап таппай келеді. Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде Қазақстан банктері де едәуір көп тоналды. Елдегі банк ұрлығының ең атышулысы Талғардағы «Kaspi банк» бөлімшесінің тоналуы болған еді. Қарақшылар төбедегі вентилляциялық люктен тура кассаның тұсынан түсуі, екі қызметкерді байлап-матап, ақшаны алуға кіріскені Голливуд блокбастерлерінен асып түсердей болған-ды. 2016 жылы Алматы мен Астанадағы банктерге қаруланған қарақшылар шабуыл жасап, 140 миллион теңгені қолды етті. Абырой болғанда, «қаңғыған» оқ ешкімді жараламаған. Ал 2009 жылғы Петропавлдағы «Цеснабанкті» тонамақшы болғандар өздерін кино түсіріп жатқан шығармашылық топ секілді ұстаған. Қылмыскерлер 15 ай бойы банктің астынан туннель қазған. Онымен қоймай, туннелге рельс жүргізіп, электр жарығын кіргізген. 15 ай бойы жоспарланған, дайындалған қылмысты банк күзетшісі бір күнде тас-талқан еткенді. Өз ісін адал атқарған күзетші едендегі өзгерісті байқап қалғанын кейін айтып та берген. Қызметтегі асқан қырағылығы мен жауапкершілігі үшін кейіннен күзетші Сергей Кириенко марапатталды. Қайбір жылы Алматыдағы «Альфа банк» бөлімшесін де белгісіз біреулер тонап кетті. ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев сонда: «бетперде киген біреу банктің қоймасына кіріп, тапаншаға ұқсас затпен қызметкерлерді қорқытып, 65 млн теңгені алып кетті. Жедел іздестіру шараларының барысында банктің қызметкері мен экс-қызметкері ұсталды. Олардан электрондық кіру билеті, ұрланған ақша, пневматикалық тапанша алынды», – деп мәлімдеме жасаған еді. Өткен айда ғана лицензиясынан айырылып, Халық банкіне қосылған «Казкоммерцбанк» та тоналу процесін басынан өткерді. 2009 жылы банк ғимаратына кірген қарақшылар «Гарант» ЖШС-на тиесілі 93 млн теңгені шу көтермей-ақ алып кеткен. Кейіннен құқық қорғау органдары аталған іс бойынша алаяқтықпен айналысқан 7 адамды ұстады. Олар ақшаны басқа банкке жасанды құжаттар арқылы аударып жібергені анықталған. Күдіктілерге көп ұзамай сот үкім шығарды. Тағы да сол Петропавл, тағы да күзетшінің ерлігі. Кезекті жемтік – «Еуразия банкі». Самбоның әдістерін меңгерген күзетші қарақшының тапаншасын тартып алып, ел есінде қалған еді. 2010 жылы Сәтпаев қаласындағы «Халық банкіне» түскен ұрыларды да күзетшілер тоқтатқан. Кассадан 19 млн теңгені алып бара жатқан қарақшыға күзетшілер қарсылық білдіріп, оның соңы атысқа ұласып еді. Соның салдарынан қарақшылардың бірі мен инкассатор қызметкері жараланды. Банкке кірмес бұрын олардың көшедегі көлік жүргізушісін өлтіріп кеткені анықталған. Жоғарыда келтірген дерек пен дәйектің бәрі «қайырсыз пайда» қайда да орға жығатынын дәлелдейді. Тіпті, қазақ «қайырсыз пайдадан – қайырлы залал» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндепті. Барымта жайына келсек, қалта қамын ойлаған қылмыскерлерге ол атақтың ауылы алыс болмақ.

Оңай олжа орға жығады

Өткен жылдың басында Алматы қаласының тұрғыны Әбен Нарынбаев 65 мың доллар мен 2 млн теңге тауып алып, иесіне қайтарды. Сол жылдың жаз мезгілінде Астанадағы Ұлттық ұлан сарбаздары да 5 миллион теңге тауып, тиісті мекемеге өткізгенін естігенбіз. Обал, сауаптың қадірін ұғынған адал жандар ғана осылай істейтіні ақиқат. Әйтпесе тек жүрмей, банктен ақша алып шығып бара жатқан инкассаторға шабуыл жасалғанын да жұрт естіген. Көп ұзамай күдіктілердің бірі ұсталған. Олар ақша әкелу уақыты мен оны жеткізу тәсілін нақтылай отырып, бірнеше күн бойы айырбастау пунктін аңдыған. Белгіленген күні, кассир-инкассатор көлікпен айырбастау пунктіне ақшамен келгенін күтіп, оған шабуыл жасайды. Инкассатордың басынан темір құбырмен ұрып жығып, 100 мың АҚШ долларын және 8 миллион теңгені иеленіп, көлікке мініп іздерін суытып үлгерген. Қолға түскен күдікті ұрланған ақшаны өзара бөлісіп алғандарын айтыпты. Ақшаға құныққан кейбір қаскөйлер банктен қомақты ақша алып шығып бара жатқан тұрғындарға да талай шабуыл жасағаны мәлім. Банк әкімшілігі мен құқық қорғау мекемелері адамдар қауіпсіздік қызметкерлеріне беретін 5-10 мың теңгесі өз қалтасында қалғанын қалап, ондай қызметке жүгінбейді депті. Қауіпсіздік қызметкерлерінің өзін қауіпті жағдайға түсіріп жатқан баукеспелерге таңданбасқа шараң жоқ. Ақшаның буы бар деген сөз рас болғаны ма? Әлем зерттеушілері ақшаға деген құмарлықтың бар екенін, тіпті, қажеттілікті ысырып қойып, қажет болмаса да ақша ұстағысы келіп тұратындардың бар екенін айтып жүр. Ұрлық түбі, жалпы жамандықтың арты бір күні болмаса да бір күні ашылатынын, оның залалы болатынын кімде-кім болса да біледі. Соны біле тұра «судан құрғақ шығамын» деп кеуде керетіндердің қатары қашан азаяды? Асыл дініміз исламда ұрлап-тонаумен қатар пайыз мәселесінің де үкімі қатал. Бақара сүресінің 275-аятында: «Пайыз (өсім) жегендер қиямет күні қабірлерінен қояншық ауруы бар адамдай есеңгіреп тұрады» делінген. Сондай-ақ, «Аллаһу та’ала пайыз (өсім) алған және бергендердің мал-мүліктерін жояды. Ізін де, белгісін де қалдырмайды. Зекет бергендердің мал-мүліктерін әлбетте арттырады» (Бақара сүресі 276) деп жазылған. Көсегесі көгермей жүрген кемшіннен өсім жеп өсіп жатқан банктердің жоғарыда айтқан ұрлыққа тап болу себебі осы емес пе екен? Сонымен кім-кімді тонап жатыр? Кейде банктерді пайыздық мөлшерлемесі көп деп сынға аламыз. Ал сол банктерден несие рәсімдеген 5,1 миллион қазақстандықтың 1 миллион 200 мыңға жуығы алған несиесін қайтара алмай жүрген көрінеді. Белгілі экономист Мақсат Халық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Біздегі әрбір үш адамның екеуінде несие бар деп айтатын болсақ, оның бір адамы несиелерін қайтармай кеткендер немесе төлемей жүргендер. Содан соң банктер төлемей жүрген немесе біржола төлемей кеткен адамда кеткен есесін (ақшасын) үстемелеп қайтарып алу үшін, төлеп жүрген тұтынушыларына деген пайызын жоғарылатады» депті. 4-5 адам сыбайласып, банктерден миллиардтарды арқалап кетсе, көшедегі ақша тасымалдаушы инкассаторды ұрып-соғып қолындағысын тартып алса, біздің банктер соған ерегісіп пайыздың мөлшерін көбейте беретіндей болып көрінеді қаймана жұртқа. P.S: Қазақстанда соңғы жылдары алты адам жүзден астам несие рәсімдепті. Оның ішіндегі бір азамат алты жыл ішінде 135 рет банктерден несие алған. Банк туралы дастарқан басында әңгіме басталса болғаны, «халықты тонап жатыр, пайызы көп» деген желеу естіледі. Оған статистика да дәлел. Тонауын тонап жатыр-ау, 1 миллион 200 мың адам жалпы сомасы 1 триллион 2 миллиард теңгені төлеуден қашып, өз еселерін жібермеуге тырысып бағуда. Ара-арасында сыбайласқан 4-5 адам банк ұрлап, тағы бір соққы жасайды. Халық пен Банк дейтін екі алыптың арасындағы текетірес немен аяқталары беймәлім. Әзірге кім-кімді тонап жатқанын айту да қиын-ақ.