Үздік жобалар анықталды

Үздік жобалар анықталды

Үздік жобалар анықталды
ашық дереккөзі
Қостанайда «Қазақстанның әлеуметтік үздік жобалары» республикалық байқауы аймақтық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау өзекті, тағдыр тәлкегіне тап болғандарға көрсетілетін қызметтерді қоса алғандағы мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік бастамашыл жобаларды қолдау мақсатында өткізілді. Байқауды «Нұр Отан» партиясы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бірлесіп ұйымдастыруда. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында Қостанай облысы бойынша 23 тапсырыс жарияланып, оның 3-еуі марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Дерек» ҚБ-нің «Алақандағыдай өмір» жобасы 1-орынға лайық деп танылып, бірлестікке 1 млн теңгенің сертификаты тапсырылды. Жоба 2012 жылдың ақпанынан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде бұл жоба бойынша облыс халқының қолдауымен 159 баланың  емделуіне және қалпына келтірулеріне 625 млн теңге көлемінде көмек  көрсетілген. Екінші орын Павел Сидорчуктің «Екінші тыныс» жобасына беріліп,  оған 700 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Жоба өз жұмысын 2015 жылы бастаған. Лисаковск қаласының спорт клубында түрлі деңгейдегі 20, оның ішінде арбаға таңылған 5 мүмкіндігі шектеулі азамат спортпен шұғылданады. Осылардың ішінен соңғы екі жыл ішінде паралимпиядалық ойындарда жоғары көрсеткіштерге ие болған 4 азамат Қазақстан құрама командасына мүше болды. Ал 3-орынға «Қостанай облысының «ГРиН» азаматтық альянсы» ие болып, 500 мың теңгені қанжығаларына байлады. Бұл альянс әлеуметтік аз қорғалған топ өкілдерінің, яғни зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың компьютерлік және цифрлық сауатын ашуға көмектеседі.  Жыл басынан бері 100 адам осы бағытта білім алған. Сондай-ақ, ынталандыру мақсатындағы 100 мың теңгелік сертификаттар «Рудный мүгедектерінің ерікті қоғамы» ҚБ-ның әлеуметтік шаштаразы мен Жітіқара ауданынан келген Екатерина Гусейноваға тапсырылды.