Қаламгерлер – қандас елдердің рухани елшісі

Қаламгерлер – қандас елдердің рухани елшісі

Қаламгерлер – қандас елдердің рухани елшісі
ашық дереккөзі
Қазақстан Жазушылар одағы мен Түркия Жазушылар бірлестігі меморандумға қол қойды. Басты мақсат – діні бір мұсылман елдерінің бауырластығы мен достастығын, рухани жақындастығын арттыру. Меморандум бойынша қазақ ақын˗жазушыларының кітаптары түрік тіліне аударылып, қазақ әдебиеті біртіндеп түркі жұртына таныстырылмақ. Келісілген жоспарға сай алдағы үш айда, яғни қыркүйек, қазан, қараша айларында алғашқы үш ақынның кітабы Түркияға жіберіледі. – Біз қазақ ақын-жазушыларының көбін білеміз. Оларды әуелі өз елімізде танытып, әдеби ынтымақтастығымызды одан әрі дамытқымыз келеді, – дейді Түркия Мәдениет министрлігіне қарасты Жазушылар бірлестігінің төрағасы Мехмет Нури. Түркияда 2016 жылы 15 шілдеде болған әскери төңкерістен кейін түрік халқы ауыр хәлді бастан кешті. Елдегі төтенше режим 3 айға созылып, жағдай тұрақтанды. Ең алғаш қоңырау соққан да, ниеттестігін білдіріп келген де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. – Қазақ елінің түрік халқы үшін осылайша алаңдағаны біздің жүрегімізге жылу ұялатты. Осыдан кейін біз барша түркі жұртын әдебиет арқылы тағы бір жақындастыра түссек деген ойға келдік, – деп ризалығы мен алғысын да білдіріп өтті Мехмет Нури. Келер жылы Қазақстанға 20 мың түрік тілді кітап сыйлыққа тарту жоспарланған. Ал биыл бастама көтеріп отырған бірлестік сыйлық ретінде Әзірбайжанға 6 мың түрік жазушысының 15 мыңға жуық кітабын жіберген. – Өте жақсы бастама екен. Біз қоштаймыз. Қазақстан Жазушылар одағы Еуразия Жазушылар одағының 25-тен астам елдерінің әдеби журналдарымен байланыс орнатқан. Бірақ, өкінішке қарай, бізде түрік ақындарының өлеңдері көп аударыла бермейді. Осы меморандум аясында ол олқылықтың орны толады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет. Жалпы келісім бойынша екі ел қаламгерлері бірлесе жұмыс істеп, алдағы уақытта Қазақстанның 100 ақын-жазушысы түрік тілінде, ал Түркияның 100 ақын-жазушысы қазақ тілінде сөйлемек. Бір ескеретін жайт, кітап авторларының жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмайды. Сондай-ақ, меморандумға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезек, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып және «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат қатысты.