Диқандарды шошытқан дизель отын

Диқандарды шошытқан дизель отын

Диқандарды шошытқан дизель отын
ашық дереккөзі
Мұнайға бай Қазақстан әлі күнге дейін өзін жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ете алмай келеді. Әсіресе, егін жияр маусымда жанармайдың қымбатшылығынан зәрезап болу әдетке айналған. Жыл сайын жауапты тұлғалар «биыл жанармай тапшылығы болмайды» деп уәде еткенімен, жаз өте шаруалар бензиннің қымбаттап, қолжетімсіз болғанын айтып шуылдайды. Мұндай олқылықтардың орнын толтыру үшін елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы бастама көтерілген. Бірақ бұл жылдар бойы жалғасып келе жатқан түйткілді шеше ала ма?

Төртінші зауыт қашан салынады?

Бензин бағасы мен жанармай тапшылығы жайында сөз қозғамас бұрын еліміздегі қара алтын өндірісінің ахуалын саралай кеткен жөн болар. Энергетика министрлігінің мамыр айындағы деректеріне сүйенсек, 2018 жылдың соңында мұнай өндіру жоспарланған көлемнен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Биыл еліміздегі мұнай өңдеу көлемі 1,1 млн тоннаға артып, 16 млн тоннаны құрайды. Бұл туралы Энергетика министрі мәлімдеген болатын. 2017 жылы Қашаған кен орнын өнеркәсіптік игеру бойынша өндіріс көлемі жылына 86,2 млн тоннаға дейін артты. 2018 жылы мұнай өндіру 87 млн тоннаға дейін жетеді. Соның ішінде, Қашаған кен орнында 11 млн тонна мұнай өндіріледі деп болжанса, ал 2019 жылы тәулігіне 370 мың баррельге дейін, 2024 жылға қарай өнім тәулігіне 450 мың баррельге жетуі мүмкін. Осының нәтижесінде Қазақстан сырттан жанар-жағармай тасымалдауды азайтады. Кейін кен өндірушілер нарықты отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етеді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ішкі сұранысты өтеуге биыл көрші елден бензиннің тек 10 пайызы, дизель отынының 8 пайызы ғана әкелінбек. Оған отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатының артқандығы сеп. Енді зауыттарда жөндеу жұмыстарын жүргізудің жаңа тәртібі енгізіледі. Егер бұрын жылда жасалатын қалпына келтіру шаралары 45 күн болса, қазір 20 күнге қысқарды. Ал күрделі жөндеу жұмыстары 3 жылда бір рет қолға алынады. Осылайша өнім көлемі 300 мың тоннаға артып, сапасы жоғарылайды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары тәмамдалғаннан кейін ішкі нарықты 100 пайыз отандық дизель отынымен және бензинмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туатынын атап айтқан. Айта кетейік, Қазақстанда Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының қарқынына қарамастан, Қазақстан Ресейдің мұнай өніміне тікелей тәуелді. Сондықтан Үкімет ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге байланысты мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру мен қайта құру жұмыстарын қолға алды. Ал қара алтын өндірісін арттыру мақсатында төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі көтерілгелі талай жылдың жүзі болды. Бірақ арада біраз уақыт өткенімен, зауыт құрылысы жайлы мәселе әлі де нақтыланбады. Бүгінге дейінгі анығы – өндіріс орналасатын өңірдің биыл күзде белгілі болатындығы ғана. Алайда аталмыш зауыттың қуаттылығы, салынатын инвестициялар ауқымы, өндірілетін өнім көлемі жайлы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен Энергетика министрі қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылып, зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеумен айналысып жатқанын ескерткен. Ал таяуда Мемлекет басшысы Павлодар мұнай өңдеу зауытына барғанда Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыттың жаңартылғанына қарамастан төртінші зауыт салу қажеттігі әлі де өзекті екенін ескерткен болатын. Төртінші мұнай өңдеу зауыты салынғанымен, ол жанар-жағармай тапшылығын қаншалықты жоя алады? Бұл – келер күннің еншісіндегі мәселе.

Жанармай қымбат, шаруалар шаршаулы...

Энергетика министрлігі мұнай өңдеу көлемінің артатынын алақайлап жеткізгенімен, бұл жаңалықтан шаруалардың көңілі шалқи қойған жоқ. Өйткені жанармай бағасы жыл басындағыдан әлдеқайда қымбаттаған. Жыл сайын көтерілетін дизельдік отын құны биыл да әдетінен жаңылмапты. Соның кесірінен гектарлаған егістік алқаптары орылмай қалуы мүмкін. Демек, дүкендерге ұн мен нан, макарон, тағы басқа астық өнімдері жетпей қалуы ықтимал. Жанармай бағасының шарықтап шыға келуі шаруалардың жүйкесін жұқартқан. Бүкіл техникасын сайлап, күзгі жиын-терімге дайындалып отырған шаруа қожалықтары осы күні дизельдік отынды қайдан табарын білмей дағдарып отыр. Өйткені қазіргі бағаны қалта көтермейді. Қазақстан фермерлер одағының мәліметінше, шаруалар арзандатылған бағамен 1 литрін 161 теңгеден алса, нарықтағы құны 187-190 теңгеге жетіп қалды. Жазғы дизельдің құны АИ-92 маркалы бензиннен де қымбат болып тұр. Көктемгі егіс пен күзгі орақ шағында жанар-жағармайдың қымбаттауы қалыпты құбылысқа айналып барады. Былтыр шаруалар үшін арзандатылған дизель отынының құны 127 теңге болып белгіленген еді. Биыл 161 теңгеге көтеріліп, бір маусымның ішінде 3 рет қымбаттаған. Сонымен қатар, 2018 жылдың дала жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, «2018 жылдың дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды МӨЗ-ге бекіту кестелерін» әзірледі. Оның аясында ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне арналған жалпы өтінім толық көлемде қанағаттандырылды және 769,4 мың тонна көлемінде бекітілді. Осылайша, фермерлерге дизельдік отын көктемде егіс жұмыстарына және күзде астық жинауға жеткізіледі. Жыл басында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 375 мың тонна дизельдік отын бөлінді. Күзгі жұмыстарға – 394,4 мың тонна. Бұл астық оруға  толық жетеді. Алайда дизельдің бағасы шаруаларды күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айыруда. Үстіміздегі жылдың шілде айындағы жеткізу жоспары 112,2 мың тонна болса, оның бүгінге дейін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 90,2 мың тоннасы жөнелтілген. Бұл – жоспарлы көлемнің 80,4 пайызы. Отын жөнелту ақы төленуіне байланысты тұрақты түрде жүзеге асырылады. Елімізде бидайды жинау науқаны басталған кезде, яғни тамыздың басында дизель отыны күрт қымбаттап шыға келді. Еске салайық, соңғы екі жылда елде солярка бағасы 170 пайызға, яғни екі есеге жуық қымбаттап кетті. Бүгінде жанармай құю стансаларында бір литр дизель отынының құны 185-187 теңге. Зауытта отынның литрі 150 теңге тұрады. Осы бағаға литріне 5 теңге тасымалдау құны, 4 теңге шамасында мұнай базаларында сақтау шығындары және әр литріне 2 теңге қосылады.

Министрлік бағаны реттей алмайды. Неге?

 Ал жанармайдың бағасын ұстап тұруға министрліктегілердің мүмкіндігі жетпейді. Өйткені Қазақстанда 2016 жылдан дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеу алып тасталған. Содан бері жауапты шенеуніктер бағаның шарықтауын нарыққа сілтеп қана отыр. Дизель өндіру технологиясы бензинге қарағанда жеңілдеу болғандықтан, оның өзіндік құны да сәйкесінше, төменірек болуы тиіс.  «Қазіргі кезде мұнай өнімдерін, соның ішінде дизель отынын мемлекеттік реттеу заңдық тұрғыда жоқ. Бағаны нарық қалыптастырады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін дизель отыны құнын субсидиялау қарастырылмаған. Сондықтан баға тек нарықтың жағдайына байланысты түзіледі. Егер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге  сәл де болса арзандатылған бағамен сатылса, бұл – бизнес өкілдерінің еркі. Бағаны мемлекеттік реттеу де, оны мемлекет тарапынан субсидиялау да жоқ», – деп жауап қатты Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов. Вице-министрдің сөзінше, дизель құнының артуына себеп көп. Басты себеп – дизель отынын тұтыну көлемінің артуы. Бұл өндірілген отынның басым бөлігінің ауыл шаруашылығы және теміржол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалып отырғанына байланысты. Сондай-ақ, дизель отыны акцизінің құны 1 маусымда литріне 7,7 теңгеге қымбаттады. Сұраныстың көбеюі, ауылшаруашылық өнімін өндірушілер үшін арзандатылған отын көлемінің артуы, дизель отынын өндіру құнының қымбаттауы – барлығы жинақтала келе, дизель бағасының маусымдық қымбаттауына әкелді. Оның үстіне,  Ресейде солярка құны  өсіпті. Еліміз  ішкі сұраныстың 10 пайызын көршілерімізден импорттайды.  Яғни, құзіретті министрлік біздегі бағаны да көтеруге мәжбүр екен. Әйтпесе, операторлар отандық отынды жасырын жолмен Ресейге таси бастайды дейді шенеуніктер. Онда елде дефицит қалыптасар. 2016 жылы Энергетика министрлігі Қазақстан нарығында, әсіресе, күзде дизель отыны тапшылығын болдырмау үшін бағаны реттеуден бас тартқан. Министрліктегілер елімізде дизель бағасының арзан болуына байланысты бұл отын Ресей мен Қырғызстанға сатылып жатқандығын тілге тиек еткен. Ал аталған екі мемлекетте дизель бағасы біздегіден екі есеге жуық қымбат көрінеді. «Тапшылықты болдырмаймыз» деп бағаны реттеуден бас тартқан министрліктің әрекеті жұртшылықты әбден әбігерге салды. Содан бері кәсіпкерлер дизель отынының бағасын үнемі құбылтып отырады. Көктемде еккен өнімін жинап алуға асыққан шаруалар болса министрліктің «бағаға әсер ете алмаймыз» деген сөзін тыңдауға құлықты емес. Қазақстан фермерлер одағының өкілдері іс бұлай жалғаса берер болса, Мемлекет басшысына хат жазуға мәжбүрміз деп отыр. Себебі Елбасы ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнімділікті арттыру туралы шаруаларға нақты міндет жүктеген. Ал дизель отыны құнының бұлайша шарықтауы аграршылардың жұмысына кедергі болуда. Елімізде жанармай бағасы қымбаттады деп дабыл қаққанымызбен, халықаралық сарапшылар Қазақстанды бензин құны арзан мемлекеттер қатарына қосыпты. Жыл басында жарияланған Global petroleum prices рейтинг агенттігінің есебінше, Қазақстан жанармай бағасы арзан 167 мемлекеттің арасында 15-орынды иеленді. Агенттік сараптама үшін жоғары октанды жанармай мен дизель отынының бағасын саралайды екен. Егер ТМД елдерімен салыстыратын болсақ, бізден 0,43 центке арзан жанармай тек Түркіменстанда болса, ал дизель отыны Әзірбайжан мен Түркіменстанда арзанырық. Осы ақпарат жарияланысымен, еліміздің Энергетика министрлігі тез арада мәлімдеме жасап, Қазақстандағы жанармай бағасының «арзандығымен» мақтана жөнелді. Бірақ бұл қарапайым жұртшылықты қуанта қойған жоқ. Себебі шаруалар мұнымен түйткілдің оң шешілмейтінін жақсы түсінеді. Оның үстіне, халықаралық рейтингке сүйеніп, «жанармайы арзан елміз» деп мақтану ақылға қонымсыз. Салық халықтан жиналатынын ескерсек, экономикамыздың ең әлеуетті саласын – аграрийлерімізді тығырыққа тіреу, шаруаларды жер өңдеуден күштеп бас тартқызу ақылды жұрттың ісі ме? Сондықтан министрлік құр мақтанға салынғанша, жанармай бағасын тұрақтандыру үшін бір әрекет жасауы қажет. Қалай десек те, биылғы баға шаруалардың арқасына  аяздай батып отыр. Жанармай құны қымбаттаса, еңсесін енді көтеріп келе жатқан отандық өндірушілерге де өз ықпалын тигізеді. Күнделікті тұтынатын наннан бастап, ет, сүт өнімдерінің құны да өзгереді. Ал бұл өз кезегінде қарапайым халықты тығырыққа тірейтіні сөзсіз.