Ақырзаман туралы аңыз және ақ самаурын

Ақырзаман туралы аңыз және ақ самаурын

Ақырзаман туралы аңыз және ақ самаурын
ашық дереккөзі
Голливудтың  киносценаристері әлемдегі ең үздік, ең тапқыр, қазақыландырып айтсақ, шашасына шаң  жұқтырмас мамандар екені баршаға белгілі. Кез келген шағын әңгіме, ұсақ-түйек нәрседен жаһанның  жүрегін тербейтін, жалпы адамзатты толғандырған аса ауыр түйткілдерді жан-жақты әрі тамаша талдайтын фильмдердің Голливудта көптеп түсірілуінің  бір ұшығы әлемге әйгілі кинокомпания сценарийшілерінің кәсіби шеберлігі және қарапайым адамның  ойына оңайлықпен кіріп-шықпайтын идеялардан  бас тартпайтындығынан шығар. Шығармашылық еркіндікті ең тиімді пайдаланатындар да нақ солар. Ол ол ма, АҚШ, дәлірек айтсақ, ағылшын тілдес фантаст қаламгерлердің де жер жүзінде беделі биік, абыройы асқақ екенін мойындауға тиіспіз. Дегенмен өткен жексенбіде осы уақытқа дейін ойы ұшқыр, қиялы ешбір шек-шекараны мойындамайтын майталман, тағы да қазақылап айтсақ, «оқу әбден өтіп кеткен» фантаст-жазушылардың да қиял қанаты жете қоймаған, жеткізбейді делінген құбылыс төрткүл дүниені дүр сілкіндірді. Орташа есеппен алғанда Күн мен Жердің арасын 149 млн 597 мың шақырым бөліп жатқаны белгілі. Шексіз тұңғиық, көк дөнен түгілі көңіл жетпейтін кеңістік! Әсілі, аспан ашықта жанарды жасаурата қарықтырып, күннің шақырайып көрінгені болмаса, алыстан да алыс-ақ. Сонымен, 12 тамызда «Дельта-4» ауыр зымыран тасығышы Флорида штатының Канаверал мүйісінен PARKER SOLAP PROBE автоматты зондын алып ұшты: бұл сапар жеті жылға жалғаспақ. Әуелде старт сенбі күнге белгіленген болатын, бірақ кейбір есептеулерге байланысты келесі күнге шегерілген. Өз орбитасында алып қазандай бұрқылдап қайнап жатқан отты Күнді асықпай айналып, миллиондаған градус ыстықта ғылыми зерттеулер жүргізіп, алынған әрбір ақпарды Жерге жедел жеткізіп отырмақ. Автоматты зондта миллиондаған адамдардың ақ тілегі мен құттықтаулар салынған арнайы капсула да бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл тілектерді NАSА (Ұлттық аэронавтика және ғарыш басқармасы) биылғы жылдың наурыз айынан бастап арнайы жинақтаған болатын. Автоматты зондтың атауы АҚШ астрофизигі Юджин Ньюмен Паркердің құрметіне қойылған және бұл NАSА-ның көзі тірі адамның атымен аталатын алғашқы ғарыштық аппараты. 1927 жылы Мичиган штатының Хоутон қалашығында дүниеге келіп, Мичиган университетінде, кейіндеу Калифорния технологиялық институтында білім алған әйгілі астрофизик 1958 жылы ең алғашқы болып күн желі (дауыл, ағын) туралы айтқан адам. PARKER SOLAP PROBE зондын жасақтаушылар ғарыш аппараты жеті жылда Күнді 24 рет айналып, 6 миллион 100 шақырымға дейін таяп келеді деп жоспарлап отыр. Қазіргі уақытқа дейін Күнге осыншалық жақындаған ешқандай зонд болған емес-ті. Содан кейін күн сәулесін құшқан, адамзаттың ақ тілегін арқалаған ғарыш аппараты Феникс құстай біржола жанып кетеді, ғарыштық тозаңға, күлге айналады. Адамзат Күннен не іздейді? Жасанды құрылғылары күл болып жанып кететінін біле тұра, жер бетіндегі барша жаратылыстың әрі қорғаушысы, әрі жазалаушысы болып табылатын жарық жұлдызға адамзат неге құмар? Жер бетіндегі барша тіршілік Күнге тәуелді екені бәрімізге бала күннен белгілі. Тіпті, ешқандай ғылыми зерттеусіз-ақ шақырайған күн астында жарты күн шапқыласа, кешке есі кіресілі-шығасылы болып ыңқылдап ауыратыны кішкентай бүлдіршінге де әбден белгілі. Бұл – Күннің 147 млн шақырым қашықтықтан еткен сәл-пәл әсері, ал... Хош, PARKER SOLAP PROBE зонды біржола жанып кеткенге дейін күн атмосферасы жайында ғылым бұрын-соңды қол жеткізбеген ақпараттарды Жерге жолдап, ғаламшарлардың жаратылуы, Күн жүйесінің белгісіз сырларын жайып салмақ. Сондықтан да жер бетіндегі әрбір саналы адам PARKER SOLAP PROBE-нің түбі трагедияға ұласатын теңдессіз сапарына сәттілік тілеуі керек сияқты, тіпті, міндетті де, бірақ... Ресейдің кейбір керауыз ғалымдары мен зерттеушілері бұған шын қуанбақ түгілі адамзат ақыл-ойының асқақтаған сәті – Күнге сапардың маңызын мейлінше төмендетіп, мәнін жоққа шығаруға жанын салып бағуда. «Бәрібір жанып кетеді ғой бұл зонд, алып бара жатқан, таңғалатын нәрсе емес, түкке пайдасы жоқ әрекет», – деп көлгірсіп, іштарлық танытып та үлгергендер жетерлік. Әй, қызғаншақтық қандай қиын! Дәп осындай зондты Ресей ұшырса, қисық құлақшындарын алақайлап аспанға атып, бұлтқа ілер еді-ау. Қарапайым адам емес, ғылымға еңбегі сіңген жандарды, басқа-басқа, тым құрығанда мыңдаған, миллиондаған градус ыстыққа төзімді, «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» суықтық сақтағыш тың материалдардың жасалғаны, мүлдем жаңа технологиялардың ойлап табылуы болашақ дамуға тың серпін беретіндігі толғандырмағаны ма?! Әсілі, қызғаншақтық ұлтқа бөлінбей ме, әлде бұл дерт орыс халқының басты кеселі ме?! Ол ол ма, Ресей халқының арасында Армстронгтың Айға қонғанына да сенбейтіндер қарақұрым. «Мүмкін емес, Айдағы кадрлар жерде жасырын түсірілген», – деп өзеурейді. Өз айтқанын тоңмойындықпен дәлелдейді. Иә, биыл Күн атты құдіретті жұлдыз жылдағыдан тосын мінез танытты; осынау Отты шардың белсенділігіне тікелей тәуелді Жер ана да аяқ-қолы таңулы бөбектей бұлқынып жатыр. Талай елде тосыннан жер сілкініп, талай бейкүнә адам ажал құшты; алып ғаламшарлар бір тізбекке тізіліп, Күн де тұтылды, Ай да тұтылды; сөнген жанартаулар табан астында шырт ұйқысынан оянып, қызған тас пен қып-қызыл жалынды көк аспанға атуда; Батыс Еуропа бұрын-соңды болмаған ыстықты бастан кешіп, өзендер құрғап қалды, айдын көлдер тартылды; қуаңшылық дегенді ешқашан білмейтін Германия ай тақырға айнала жаздады (неміс фермерлері 1,5 млрд еуро зиян шекті); майлы зәйтүн ағаштары өз-өзінен алауға айналып, Португалия мен Грекия, Калифорния қызыл жалынға төтеп бере алмай тұр; теңіз тулап, таулар бүлінді; бұрын-соңды болмаған ыстықтан Англияның миы айналды. Бір ғажабы, осындай табиғи төтенше апаттарды жинақтап, тізбелеп шығып, «Ақырзаман кеп қалды» деп «көріпкелдік» танытатын кем ақылдар көбейді қоғамда. «Ақырзаманның баласы аласа туады, жағаңа жармаса туады» дей салған қазақы зілсіз қалжың емес, телеарналарда ақырзаман белгілерін, қашан келетінін шындап талқылаған талай қасқа бас, жуан қарын ғалымдарды көргенде, еріксіз таңдануға тура келеді. Адамзат жаралғалы 2 млн жыл өтсе, соның қанша жылы ақырзаман туралы айтыспен өтті екен? Ең өкініштісі, әлгіндей сәуегейлер ұлы Жаратушының өзімен тілдескендей үзілді-кесілді пікір айтып, кесім шығаратынын қайтерсіз?! 1912 жылы неміс зерттеушісі Альфред Вегенер көшпелі материктер туралы тың гипотеза ұсынып, қазір адамзат мекен етіп отырған құрлықтар осыдан 100 млн жыл бұрын біртұтас Пангея құрлығының бөлініп, бөлшектенуінен пайда болғанын алғаш айтқан еді. Өкінішке қарай, Вегенердің ғылыми негізделген батыл жорамалын 1960 жылдарға дейін құлағына ілген адам баласы болсашы. Тек, кейіндеу, лазерлік есептеулер мен ғарыштан түсірілген фотосуреттер пайда болғанда ғана бұл батыл болжам өзінің өміршеңдігін қапысыз дәлелдеген. Сөйтсе, алып құрлықтар жыл сайын 1 сантиметрден 10 сантиметрге дейін қозғалыста болады екен. Жер қабығы біртұтас емес, жеті үлкен, тоғыз кіші литосфералық плитадан тұрады екен және олардың мұндай қозғалысы табиғат заңына тұтастай сай көрінеді. Бір сөзбен түйіндегенде, осыдан 200 млн жыл бұрын Жер шарын біртұтас Пангея құрлығы алып жатыпты, ал 100 млн жыл шамасы бұрын бір-бірінен бөлініп, аралары алыстай түскен құрлықтар қазіргі кейпіне көшіпті. Көш мұнымен тоқтап қалмайды, нақты ғылыми есептеулер бойынша, 50 млн жылдан соң Солтүстік Америка тар қылта арқылы жалғасып жатқан құдайы көршісі Оңтүстік Америкамен қош айтысып, Еуразия құрлығымен құшақтарын айқастырады. Бірақ қос құрлық құшақтасар күн тым алыста әлі. Геологиялық дәйектерге үңілсек, Жер шарындағы құрлықтар осыған дейін 4 рет қосылып, қайта бөлінген және соңғы суперматерик Пангея болған екен. Сондықтан кейбіреулердің: «Жер бетінде бізге дейін 4 өркениет болған, біз бесінші өркениетпіз. Бізден бұрынғы өркениеттің бәрі ақырзаманмен аяқталған», – деп жүрген бөстекі сөзінің де қисыны бар сияқты. Бәлкім, еш қисынсыз сөз шығар?! Қалай десек те, Ақиқатын ұлы Тылсым біледі-дүр. Расын айтқанда ақырзаман ұғымы мүлдем жас құбылыс дейді көптеген ғалымдар мен білікті зерттеушілер. Олардың дәлелдеуінше, ақырзаман ұғымы ең алғаш ежелгі Мысырда қалыптасып, діни қолжазбаларда таңбаланған. Кейін «Тауратта» одан әрі өрбітілген көрінеді. Заманалар ауысты, тұтас дәуірлер өзгерді, адамзат бұрын-соңды қолы жетпеген жаңа технологияларды жасады, бірақ ақырзаман ұғымы әлі күнге күшін жойған жоқ. Тіпті, соңғы жылдарда біршама күш алғаны да баршамызға аян. Еске сала кетсек, үрейлі ақырзаман туралы аңыз 2012 жылы 21 желтоқсанға қарай күн мен түннің қысқы теңесуі қарсаңында тіптен үдеді. 1 мен 2 цифрына ерекше екпін түсіріп, қарапайым адамға белгісіз қорқынышты құпия жасырылғаны жайында көсемсігендер таяп қалған ақырзаман туралы баса айтып, қоғамда дүрбелең туғызған еді. Әдетте, қашқанның да алдында, қуғанның да алдында болуды абырой санайтын қазақтардың көбі пәлен күні ақырзаман болады дегенге қалтықсыз илансын. Күн сайын алып-қашпа әңгіме, дүңк-дүңк еткен үрейлі хабарлар. Рас-өтірігі белгісіз қауесет. «Ана жерде адамдар азық-түлік, балауыз шамдар мен кендір арқанды көптеп сатып алып қойыпты», «Мына облыста жұрт жертөле қазып, азық-түлік, балауыз шам, дәрі-дәрмегін үйіп тастапты» т.с.с. Сырт қарағанда, сол күндері базар мен дүкендердің, супермаркеттердің саудасы ерекше қызған сияқты. Ол ол ма, әшейінде аса сабырлы, енді Алладан ақ өлім ғана тілеймін деп жүретін анамның өзі іштей алаңдаған сияқты көрінген. Оңтүстіктегі облыс орталығына бір той-томалаққа барғанмын сонда. Ауылдан анам да келіпті, өзі айтқандай «кәрі сүйегін сүйретіп». Ағамның үйінде бас қостық бәріміз. Дастарқан басында отырғандардың бірі: «Сұмдық-ай, ақырзаман болады деп, Мәскеудің тұрғындары үйлерін сатып, алыс деревняларға қашып жатқан көрінеді. Теледидардан тура осылай көрсетті»,– деп қалған. «Үйбай-ау,–деді анам әлгіге аңтарыла қарап. – Онысы қалай, әлгі үйлерді сатып алып жатқандардың жаны жоқ па екен? Ақырзаман оларды айналып өте ме әлде?» Бәріміз іштей мырс-мырс күлдік. Өзі де күлімсіреп отырған анам кенет үлкен келініне кілт бұрылып: «Осы мен саған әнебір жылы ақ самаурын беріп едім ғой. Сол сау ма? Жуып, тазалап қойшы, ертең ауылға алып кетейін. Балауыз шамдарды да көбірек сатып алыңдар», – деді кесімді түрде. «Апа, ол самаурынды не істейсіз, сіз бәрібір ақырзаманға сенбейсіз ғой». «Тәйт әрі, ақырзаман болса да, болмаса да балалар шәй ішуі керек қой. Жердің беті үш күн, үш түн қап-қараңғы болады дейді, балауыз шам да керек шығар. Ақырзаман туралы гөй-гөйлетіп жүргендеріңе сене қоймаймын, бірақ адамның көңіліне біртүрлі алаң кіреді екен». Иә, адамзатты алаңдатқан ақырзаман туралы аңызға май құйған сол жылдары Голливудтың көптеп түсірген мистикалық, фантастикалық фильмдері еді. Қазақтың өсекшілдері отты өршіте түскен. Иә, «ақырзаман болсын, болмасын, балалар шәй ішуі керек». Қазақстанның көптеген телеарналары туп-тура осы принциппен жұмыс істейтін сияқты. Қайғымызға орай, ол жылдардан бері анам бақилық сапарға аттанған, ал Қазақстан телевидениесі тірі. Күнде қасыңда, сәт сайын көз алдыңда. Ақпараттары ылғи үрейге толы, хабарлары қорқыныштың уына суарылған сияқты. Озық жұрттар алыс Күнге зонд ұшыруда, ал Қазақстан телеарналары әлі күнге жібі түзу ғылыми-танымдық хабарлар түсіріп көрді ме екен? Телеарналарымыз әлі де тойдың ауқымынан аса алмайтын «жұлдыздардың» жырын жырлаудан, одан қалса, түрлі өнер «жұлдыздарының» отбасы, ошақ қасы әңгімелерін көсеуден арыға аса алмай жүр. Тіпті, әлемде күн сайын тұсауы кесіліп жатқан стартаптар, жаңа технологиялар, соны ізденістер туралы ақпаратқа зәру жұрт. Есесіне, елішілік «жұлдыздар» туралы өсек-аяң, түрлі қауесетке мелдектеген мемлекетпіз біз. Онсыз да технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекеттерден жарты ғасырға қалып кеттік деп қамығамыз. Ал, «жұлдыздардың» жыры бұл айырмашылықты одан әрмен үстемелей түсетін шығар?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ