Нұрсұлтан Назарбаев:Теңіз – жағалауларды алыстатса да, халықтарды жақындастырады

Нұрсұлтан Назарбаев:Теңіз – жағалауларды алыстатса да, халықтарды жақындастырады

Нұрсұлтан Назарбаев:Теңіз – жағалауларды алыстатса да, халықтарды жақындастырады
ашық дереккөзі
Өткен жексенбіде ширек ғасыр сөз бұйдаға салынып, созылып кеткен Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалды, яғни Конвенцияға қол қойылды. Бұл – Ақтаудағы 5 мемлекет басшысының қатысуымен өткен саммиттің басты оқиғасы. Халықаралық ақпарат құралдары Ақтау саммитін Каспий маңы елдері арасындағы қарым-қатынастың дамуындағы маңызды қадам, ал Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны күрмеуі қиын мәселелердің шешімін табуға көмек беретін құжат деп бағалады. Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан, Түркіменстан президенттері Ақтауда бас қосты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әріптестерін «Достық үйінде» қарсы алды. «Каспий бестігі» Қазақстанда өтетін бесінші саммиттен үлкен үміт күткен еді. Бұл үміт Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қоюға байланысты екені баршаға мәлім. Бестіктің үміті ақталды. Ел мен елді жақындастырып, сауда-саттық жасау үшін алтын көпірге айналған, достықтың бесігі саналатын Ақтау төрінде бас қосқан мемлекет басшылары су алабының құқықтық мәртебесін реттейтін бесжақты құжатқа қол қойды. Бұл құжаттың осы саммитте қабылданатынына көптің көңілінде күмән болмаған сыңайлы. Олай деуімізге саммит басталмай тұрып-ақ халықаралық сарапшылардың «Конвенцияға қол қойылатыны анық», «құжаттың қабылдануына ешқандай кедергі көріп тұрғанымыз жоқ» деген сыңайдағы пікірлері себеп. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бесінші Ақтау саммиті басталмастан бұрын Құрық портымен танысты. Сонда Елбасы: «Соңғы 20 жылда біз Каспий теңізіндегі барлығымызға ортақ жұмыстардың мәселелерін шешу үшін келіссөздер жүргізіп, өз позициямызды келістік. Бұл кеме қатынасы, ресурстар, биологиялық ресурстар мен одақтас мемлекеттермен сауда қатынасын сақтау. Бүгінде осы мәселелердің барлығы шешілген. Біз ертең тарихи шешім болады деп күтеміз. Барлығымыз үшін өте маңызды сәт»,  – деді. Иә, Елбасы күткен маңызды сәт те туды, ұзақ жылдар бойы созбалаңға салынған құжатқа да қол қойылды. Саммитте мемлекет басшылары Каспий теңізінің саяси-экономикалық мүдделер тоғысқан су айдыны екенін тағы да атап өтті. Айта кетейік, Ақтаудағы саммит халықаралық Каспий теңізі күнімен тұспа-тұс келді. Бұл дата 2008 жылдан бері аталып өтеді. Ал Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның дәл осы күні қабылдануы – тарихи оқиға. Оның үстіне, бұл құжат мемлекеттер арасындағы әріптестікті одан әрі жан-жақты дамытуға жол ашады. Каспий теңізі жоғарыда аты аталған әлемдік қауымдастықта өз орны бар 5 мемлекетпен де шектеседі. Кеңес Одағы тұсында Каспий тек Кеңес одағы мен Иран Ислам Республикасының иелігінде болды. Кейін 5 ел мемлекеттік шекарасын белгілеген соң, теңіз жағалауының ұзындығына қарай ортақ бөліске салды. Содан бері мемлекет басшыларының қатысуымен 4 саммит отырысы өтті. Төрт отырыста шешімін тапқан мәселелер де жоқ емес. Ең маңызды шешімдердің бірі – Каспийге бестіктен өзге елдердің қарулы күштерін кіргізбеу туралы мәміле. Еске сала кетейік, «Каспий бестігінің» ең алғашқы басқосуы 2002 жылы алғаш рет Ашхабадта өтті. Араға 5 жыл салып, 2007 жылы екінші саммит Тегеранда өтіп, онда Каспий маңы елдері арасындағы Декларацияға қол қойылды. Декларацияда Каспий  теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты бірқатар элементтерді, сондай-ақ, тараптар арасындағы халықаралық қарым-қатынастардың жекелеген аспектілерін саяси деңгейде бекіту мәселелері қарастырылды. Ал Бакуде өткен үшінші саммитте бес ел басшылары  Каспий  теңізінің қауіпсіздігіне қатысты ынтымақтастық туралы келісімді және «Каспий бестігі» мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесін қабылдады. Онда Қазақстан Президентінің ұсынысымен Каспий теңізінен бекірені аулауға мораторий тетігін енгізу, теңіздің биоресурсын қорғау жөнінде келісім де жасалды. «Каспий бестігінің» төртінші басқосуы Астраханьда өтті. Онда тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға шындап кірісу ниетін құптаған еді. Бір сөзбен айтқанда, Ақтауда өткен бесінші саммитке дейін Каспий теңізіне қатысты түйткілдерді шешуде ауқымды құқықтық база қалыптасып үлгерген. Толықтай бір елге тиесілі болмағандықтан, Каспий төңірегінде шешімін таппай жүрген түйткілдер әлі де көп. Соның бірі – су айдынының құқықтық мәртебесін айқындау еді. Ақтауда өткен саммитте бұл мәселеге де нүкте қойылды. Теңіздің құқықтық мәртебеге ие бола алмай келе жатқанына ширек ғасырдан асқан. Десек те, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі оны жағалай қоныстанған елдер арасында алауыздық тудырған жоқ. Мемлекеттер кез келген мәселені келіссөздер арқылы шешуге тырысты. Бұл жолғы құжатты қабылдауға да мемлекет басшылары бірауыздан қолдау білдірді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бұл Конвенция – Каспий теңізінің конституциясы. Өйткені мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ, өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған. Құжатта әр елдің өзіндік мақсат-мүддесі ескерілгенін айта кеткен жөн. Конвенцияны дайындау барысында барлық ел Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын, сондай-ақ, оның табиғи байлығының қорғалып, көбейтілуін қамтамасыз ету мүддесін көздегені белгілі. Айдынды жағалай жатқан 5 ел ризық-несібелерін осы теңізден теріп жүр. Алайда теңізді жағалай қонған 5 елдің арасында осы күнге дейін оны пайдалану жөнінде ортақ құжат болмаған. Бұған мемлекеттердің ортақ шешімге келе алмауы себеп. Теңізден үлкен үлес иелену – барлығы үшін де басты мақсат. Өйткені Каспийдің қойнауы мұнай мен газ қорына бай. Геологиялық зерттеулер бойынша, Каспийдің қойнауында барланған 68 миллиард баррель мұнай қоры бар. Қара алтынның қомақты қорынан бөлек бағалы балық түрлері мол. Әлемдік нарықта ең көп сұранысқа ие бекіренің 90 проценті осы айдында тіршілік етеді. Ол аз десеңіз, Каспий – дүниежүзі бойынша қара уылдырықтың отаны. Яғни, бекіре аулайтын аймақтар да аса маңызды. Мәселен, жыл басынан бері Иран бекіре мен уылдырықтан түсетін табысты үш есе көбейткен. Былтыр 3 млн доллар тапса, биыл І тоқсанда 10 млн доллар пайда көрген. Сондықтан осыншама байлықты қорғап қалу маңызды. Уақыт өткен сайын Каспийдің көлік-транзиттік мүмкіндігі артып келеді. Кеше ғана толыққанды іске қосылған Құрық мультимодальді торабы Орталық Азия мен Қытайдан келетін тауарларды кәрі құрлыққа көптеп жөнелтуге тиімді жол ашты. Конвенцияға қол қойылған күннен бастап осы саладағы әріптестік те қарқынды дамуы қажет. Осы уақытқа дейін Иран мен Түркіменстан байлықты бірдей пайдаланып, теңіз табанын 20 пайыздан қақ бөлейік десе, Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан шекара сызығымен тең бөлуді талап етіп келген. Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созылып жатыр, жағалау сызығының ұзындығы – 7000 шақырым. Төрт құбыласы түгелдей құрлықпен шектеседі. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне – 29 пайызы (2340 шақырым), Ресейге – 9 пайызы, Әзірбайжанға – 20 пайызы, Түрікменстанға – 21 пайызы, Иран Ислам Республикасына – 14 пайызы тиеді. Жалпы, су алабының қойнауында қараусыз жатқан қазына жоқ. Әр мемлекет өзіне тиесілі аумақты тиімді игеріп келеді. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Яғни, 5 елдің президенті Каспий теңізі үстінің негізгі аумағы мемлекеттердің ортақ пайдалануында қалады деп келісті. Теңіздің түбі мен байлығы көрші мемлекеттер арасында халықаралық құқық негізінде учаскелерге бөлінеді деп шешілді. Президенттер Каспий теңізінің бейбітшілік, келісім, тату көршілік және тиімді халықаралық ынтымақтастық теңізі болып табылатындығын ерекше атап өтіп, барлық Каспий маңы мемлекеттерінің арасындағы дәстүрлі достық байланыстардың одан әрі нығаятынына және дамитынына сенім білдірді. Бесінші Ақтау саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және көрсеткен  қонақжайлылығы үшін Қазақстан Республикасына ризашылық білдірілді. Келесі саммит келісілген мерзімде Түркіменстанда өтеді.