Бес ел президенттерінің қатысуымен Ақтау саммиті басталады

Бес ел президенттерінің қатысуымен Ақтау саммиті басталады

Бес ел президенттерінің қатысуымен Ақтау саммиті басталады
ашық дереккөзі
Бүгін Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммиті басталады. Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Ресей және Иран мемлекеттерінің президенттері қатысатын бұл шара шаһарда жаңадан салынған «Достық үйінде» өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кетейік, 11 тамыз күні Құрық портындағы мультимодальдық көлік хабын таныстыру шарасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 12 тамызда өтетін Каспий маңы мемлекеттерінің Ақтау саммитіне қатысты пікір білдірген болатын. «Ертең Ақтауда Каспий маңы мемлекеттері басшыларының бесінші саммиті ашылады. Соңғы 20 жылда Каспий теңізінде ортақ жұмыстарымыздың барлық мәселелерін шешу үшін ұстанымдарымызды келісуге талпындық, күрделі келіссөздер жүргіздік. Бұл тұрғыда кеме қатынасы, ресурстар, биологиялық ресурстарды қорғау және мемлекеттердің сауда ынтымақтастығы секілді тақырыптар назарда болды. Бүгінде барлық мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді деп айта аламын. Ертең тарихи шешімнің қабылдануын күтіп отырмыз. Бұл өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы. Белгілі болғандай, Ақтауда өтетін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады.  Құжат теңіз акваториясын, Каспий теңізі түбін бөлуге, биоресурстарды қорғауға, балық аулауға, сонымен қатар Каспий түбімен құбыр тартуға қатысты ережелерді қамтиды. Естеріңізге сала кетейік, жақында «ҚазАқпаратта» жарияланған сұхбатта  ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталатын кездесу туралы өз пікірін білдірген еді. «Сарапшылардың жұмысына жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі  баға берген болатын. Бұл аса күрделі және көпжақты жұмыс. Оның нәтижесі Ақтау саммитінде қарастырылады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын әзірлеу бесжақты форматта жүргізілді және онда көрсетілген барлық тұжырымдамалар мен ережелер консенсус негізінде қабылданды. Біздің пікірімізше, бұл құжат өте теңдестірілген және онда келіссөздер процесінің барлық қатысушыларының мүдделері ескерілген», - деді Қ. Әбдірахманов.