ҰЛТТЫҚ ҮЛГІДЕГІ МЕКТЕП ФОРМАСЫ

ҰЛТТЫҚ ҮЛГІДЕГІ МЕКТЕП ФОРМАСЫ

ҰЛТТЫҚ ҮЛГІДЕГІ МЕКТЕП ФОРМАСЫ
ашық дереккөзі
Өткен жылдың соңында Түркіменстанның білім министрлігі «мектепке дейінгі даярлық топтарында білім алмаған балалар орта оқу орнына қабылданбайды» деген болатын. Заң жүзінде қолданысқа енбесе де, осы ақпардан кейін елдегі балабақша құны он есеге дейін өскен. Сәйкесінше, балабақшаға баратын балалар саны бірнеше есеге азайған еді. Енді Түркіменстан білім министрлігі 2018-2019 жаңа оқу жылында мектеп оқушылары мен ЖОО студенттеріне ұлттық нақыш бедерленген бірыңғай формамен жүру керектігін айтып отыр. Ал біздің білім саласына да дәл осындай реформа қажет емес пе?  Тамыз басталысымен базардағы сауда қыз-қыз қайнап, мектеп формасына деген сұраныс арта түседі. Бұл ретте саудагер мен тұтынушы арасындағы байланыс нығайып, өзара түсіністік пайда болады. Ортақ тақырып – мектеп формасы. Мектеп формасының төңірегінде түйіні тарқамаған түйткіл көп. Соның бірі – жалпыға ортақ баға мен сапа мәселесі. Сән қуған жеке тігін фабрикалары мен шетелдік брендтер баға мәселесіне келгенде қарапайым халықтан гөрі, қалта қамын көп күйттеп кететіні жасырын емес. Көрші қырғыз бен қытай өндіріс орындарынан Қазақстанға жеткізілген формалардың өзі маусым кезінде тым қымбаттап кетеді. Қазақстанда бірыңғай үлгідегі мектеп формасы енгізілгелі біршама жыл өтті. Соның өзінде базар мен дүкен сөрелерінен түрліше форманы кезіктіреміз. Түптеп келгенде мұның көбісі – импорт. Қырғызстан өндіріс орындарынан тікелей мектеп формасын тасымалдаумен айналысатын Айдын есімді кәсіпкер барлық түйткіл өзімізде жатқандығын айтады. «Қырғыздар тігетін балалар киімі отандық және шетелдік брендтерге қарағанда арзан. Фабрикадан 5 мың теңгеге шығатын форма, тұтынушыға жеткенше 15 мың теңге болады. Бұл халыққа қиын тиеді», – дейді кәсіпкер. Сапа мәселесін күн тәртібіне қояр болсақ, мынау сапалы, мынау сапасыз деп айта алмаймыз. Өйткені ұқыпты адам қандай киімді де күтіп киеді. «Салақ бала сасқалақ, ұқыпты бала басқарақ» деп қазақ мұны әуелде айтқан», – деп кәсіпкер біраз жайтты тарқатты. Ең басты мәселе, мектеп формасындағы ұлттық нақыш. Осындай ерекшеліктер болмағаннан кейін сырттан келетін тауарлар саны артқанын саудагерлер көп айтады. Түрі көбейгеннен кейін бәсекелестік артып, баға да қолжетімді болады дегенді тұтынушы да тілге тиек етеді. Бұл ретте отандық өнім өз тұтынушысын таба алмай, фабрика кеткен шығынды ақтай алмай жабылып жататыны бар. Импорт тауарларына төтеп беру үшін, ұлттық үлгідегі мектеп формаларын қолданысқа енгізетін кез келіп жеткен секілді. Және бұл ұлттық идеологияның да еңсесін көтеріп тастар еді.