Туған жердің топырағы

Туған жердің топырағы

Туған жердің топырағы
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында Мариновка деген ауыл бар. Соғыс жылдарында Қасен ақсақал осы ауылдың молдасы еді.Тыныш жатқан елге жау тұтқиылдан шабуыл жасағанда байыз тауып отыра алмай, батасын беріп, үш ұлын көппен бірге қан майданға шығарып салады. Жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татқан ақсақал арыстай үш ұлының жауды жеңіп, жеңіспен елге оралуын тілегені анық сол кезде. Сұрапыл соғысқа аттанғанда ұлдың үлкені – Мұқатай 37-де, ортаншысы – Қапаш 32-де, кішісі – Ғаббас бар-жоғы 21 жаста болатын. Алғашқы уақытта үш ұлдан хат-хабар келіп тұрады. Қасен ақсақал балаларының оқ пен оттың ортасында жүрсе де аман-есен екеніне тәубе ететін. Арада бір жыл өткенде ортаншысы мен кенжесінен хабар-ошар үзіледі. Әке көңілі алаң болса да, «Сұрапыл соғыс хат жазуға мұрша бермей жатқан болар» деген оймен үміт үзбегені анық. Жауды жеңіп, жеңіс туы желбірегеннен кейін де Қасен ақсақал жол жаққа қарайлап, балаларын сарғая күтумен болады. Бірақ олар қара көрсете қоймайды. Не өлі, не тірі екені белгісіз. Қара қағаз келсе, «Отан үшін опат болған екен-ау боздақтарым» деп көңіл жұбатар еді. Ол да жоқ. Балаларын күте-күте Қасен ақсақал да жарық дүниемен қоштасады. Бірақ артында қалған ұрпағы үмітін үзген жоқ, «Бір хабар болып қалар» деген оймен іздестіру жұмыстарын жалғастыра берді. Аталары майданға араласқан орындардағы әскери комиссариаттар мен мұрағаттарға хабарласып, ғаламтор мен әлеуметтік желілер бойынша іздестіруді тоқтатқан жоқ. Өйткені қандай да бір дерек табылатынына сенімді еді. Сол сенімдері алдамады. Күндердің күнінде айшылық алыс Украина жерінен Владимир Ткачев деген Харьков тұрғыны хабарласып, сүйінші хабарды жеткізеді. Оның айтуынша, Мұқатай Қасенов Тула облысының Арсеньев ауданына қарасты Поляны елді мекеніндегі бауырластар зиратында жерленген болып шықты. Қасеновтер әулетіндегі сол күнгі қуанышты көңіл-күйді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кеш болса да, Мұқатай аталары жайлы бір хабардың жеткеніне шүкіршілік етті. Аталарының басына барып, құран оқып, туған жердің бір уыс топырағын салуды ойлады бәрі. Не керек, сүйінші хабар жеткеннен кейін Қасеновтерде бір сәт те тыным болған жоқ. Бауырластар зираты орналасқан Поляны Манаенское муниципалды округіне қарайды екен. Осы округ әкімшілігінің басшысы Олег Шибаловпен хабарласқанда біраз ақпаратқа қанық болады. Орлов-Курск шайқасындағы жеңістің 75 жылдығына байланысты Арсеньев жерінде мерекелік іс-шаралар өтеді екен, Қасеновтерді соған қатысуға шақырады. Талғат, Лейла, Ғалымжан көп ойланбастан жолға шығады. Олар – соғыста ерлікпен қаза тауып, 75 жыл бойы хабар-ошар болмаған Мұқатай Қасеновтің немерелері. – Қапаш ағамыз жайлы да деректерді іздестіріп жатырмыз. Ол 1942 жылы Сталин­град шайқасына қатысып, Чир стансасында қайтыс болған. Бірақ қай жерде жерленгені белгісіз. Сондықтан бір дерек табылып қалар деген оймен алдымен Волгоградқа соқтық. Бірақ, өкінішке қарай, Қапаш атамыз жерленген зиратты табу мүмкін болмады. Волгоград облыстық әскери комиссариатының қызметкерлері атамыз жайлы жаңа деректер табылатынына сендіріп, ары қарай Тула облысына жүріп кеттік,– дейді Қасеновтердің немересі Талғат. – Арсеньев ауданындағы Красный елді мекенінде соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлерге арналған обелиск бар екен. Осында гүл шоғын қойып жатқан уақытқа біз дәлме-дәл келдік. Жұртшылықпен бірге гүл шоғын қойдық. Одан кейін Поляныға қарай Вячеслав Икорский жол бастады. Ол бауырластар зиратындағы ескерткішті ретке келтіріп, жерленгендер тізімін қайта жасатқан осы елді мекеннің кәсіпкері болып шықты. Қазіргі кезде зираттың айналасын көгалдандырумен айналысып жатқанын айтты ол. Сөйтіп бауырластар зиратына да жеттік. Сол сәтте жетпіс бес жылдан соң Мұқатай атамыздың мәңгілік мекенін тауып, өшкеніміз жанғандай күйге бөлендік. Көзімізге жас үйіріле жүріп, туған жердің бір уыс топырағын салдық. Құран бағыштадық, – дейді Қасеновтердің ұрпағы Лейла. – Бізге көмек жасаған ресейлік бауырлардың барлығына көп-көп рахмет! Поляны елді мекеніндегі №8 бауырластар зиратында жерленген 704 жауынгердің 698-інің аты-жөні белгілі. Соның бірі – біздің атамыз Мұқатай Қасенов. Ол 1943 жылы 13 ақпанда ерлікпен қаза тапқан. Сауапты іс жасап жүрген Вячеслав Икорскийге айтар алғысымыз шексіз, – деп ойын бөлісті Талғат Қасенов.  

Ғалым Орынбасарұлы

Шығыс Қазақстан облысы