Ақтөбеде "мұнай ұрлығы" ісімен сотталушыларға үкім шықты

Ақтөбеде "мұнай ұрлығы" ісімен сотталушыларға үкім шықты

Ақтөбеде "мұнай ұрлығы" ісімен сотталушыларға үкім шықты
ашық дереккөзі
Ақтөбеде 2 тамыз күні "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" деген күдікпен ұсталған 26 адамға қатысты сот үкімі оқылды. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ басшысы" делінген Еркін Ізбасарды 12 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын кесті. Еркін Ізбасардың сенімді серігі деп сипатталған Аухат Қалиевке 11 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы кесілді. Сотталушылар арасында облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Рахат Аханов та бар. Сот оны 5 жыл үш ай бас бостандығынан, полковник шенінен және өмір бойы құқық қорғау саласында еңбек ету құқынан айыруға үкім кесті. Бір сотталушы қылмыс жасалу мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Тағы бір сотталушы екі жылға бас бостандығы шектеліп, рақымшылықпен босады. Қалған 21 адам 3 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Кейбір сотталушыларға рақымшылық жасалып, жаза мерзімі бір жылдан екі жылға дейін азайтылды. Еркін Ізбасардың адвокаты Мәди Мырзағараев сот үкімі "тым қатаң" екенін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тағылып отырған үлкен айып – мұнай ұрлығы. Сот материалдары бойынша, олар "Сағыз Петролеум" компаниясына қарасты "Қағанай" кенішінен 2015 жылғы маусым-қыркүйек аралығында 530 тонна мұнай ұрлаған. Ұрланған мұнай құны 11 миллион 302 мың теңге екендігі айтылады. Одан бөлек, Байғанин ауданындағы "Ащыкөл", Мұғалжар ауданындағы "Синельниковское" кеніші мен Байғанин ауданындағы "Қаратөбе" кенішінен де әр жылдары аса көп мөлшерде мұнай ұрланған. "Қылмыстық топқа жетекшілік еткен" бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар бұрын да сотталған. Ол алғаш рет 2003 жылғы наурызда "бопсалау" айыбы бойынша сотталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Бір жылдан соң бостандыққа шыққан. Ал 2008 жылғы сәуір айында Ізбасарға Қылмыстық кодекстің "ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету", "заңсыз қару, оқ-дәрі сақтау, тасымалдау және өзімен алып жүру", сонымен бірге "заңсыз есірткі сақтау, сатып алу, сату және тасымалдау" бабы бойынша айыптар тағылған. Сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айрылған Еркін Ізбасар 2010 жылғы қаңтарда мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Ал бұл жолы тергеу оны Қылмыстық кодекстің 13 түрлі бабы бойынша айып тақты.