2 Тамыз, 14:41 732 0 Өнер Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Шабдалыдан» дәм татқанда

Соңғы жылдары көрерменмен қауышып жатқан фильм аз емес. Жарнамасы жер жарған кейбір толықметражды киноның тұсаукесеріне барғандардың өзі екіұшты пікірін ортаға салады.   Бірі – «бір көретін фильм, ақша шығындаудың түкке қажеті жоқ» деп,  көрерменнің көңілін су сепкендей басса, екіншісі – «несі бар, қазіргі заманға мұндай да туынды керек» деп, ақтап алуға ұмтылады. Сонда бізге керегі қайсы?

Жалпы, отандық кино тақырыбында қаузайтын түйткіл көп. Оның ұшар басынан «Неге бізде тек жеңіл-желпі дүние сөз болады? Неге режиссерлер комедия түсіруден әріге аса алмайды?» деген заңды сұрақтың құлағы қылтияды. Бұл сауал талай режиссерге қойылып та жүр.

«Асыл арна» телеарнасы 2011 жылдан бері кино түсіруді қолға алып, оның бірқатарын телеэкраннан көрсетіп келеді. Айтар ойы бар, тәрбиелік мәні зор фильмдерге көрермен өз бағасын беріп те жүр. Қарапайым тіршілік иелерінің басынан өткен оқиға шиеленісі тығырықтан шығар жолды бірге іздеуге, өмірдің ақ-қарасын ажыратып, әрбір жанның көкірегіне ізгілік пен мейірімділік дәнін себуге ықпал етеді.

Өткен жұма күні Алматы жұртшылығы толықметражды «Шабдалы» көркем фильмнің тұсауын кесті. Бұл фильм шілденің басында Астанада өткен XIV «Еуразия» кинофестивалінің аясында көпшілікке көрсетілгені белгілі. Сол кездің өзінде көрермен тарапынан оң пікір естіп, тағы бір тұшымды дүниенің өмірге келгеніне іштей қуандық. Фильмнің алғашқы көрсетілімі болған жерден табылғанымыз да сондықтан.

Бұл кино неге «Шабдалы» аталды? Фильмнің түпқазығы белгілі жырау, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың «Шабдалы» әңгімесінен алынған. «Бұл әңгімені анам айтып берген еді. Халықтың, елдің ішінде түрлі тағдыр, түрлі оқиға болып жатады. «Шабдалы» әңгімесі 2016 жылы «Әдебиет» порталына жарияланып, оқырман тарапынан оң бағаға ие болды. Нәтижесінде «Асыл арна» телеарнасы фильм етіп, көрерменге ұсынуға мүмкіндік жасады», – дейді шығарма авторы. Ал режиссер, сценарий авторы Жандос Құсайын: «Шынында да, тап-тұйнақтай тамаша дүние екен. Әрине, біраз өзгертулер, қосымша детальдар қосуға тура келді. Түсірілім 2017 жылы басталды. Небәрі бір айда түсірдік. Сценарийді де бір айдың көлемінде жаздым. Бұл төртінші фильмім. Бұған дейін «Сергелдең», «Шатқал» деген фильмдер түсіргенбіз. Бұл фильмнің ерекшелігі – түпнұсқаның авторы бар. Көпшілікке жақсы таныс шығарма. Сондықтан да жауапкершілігі жоғары. Қандай да бір шығарманы экранизациялау қиын дүние. Авторға, шығармашылық топқа көрсеткеннен кейін оң бағасын алып, көпшілікке, прокатқа шығып жатқан жайы бар», – дейді.

«Шабдалы» көркем фильміндегі негізгі оқиға 2000 жылдарды қамтиды. Мұндағы оқиға желісі де қарапайым. Астанадағы жоғары оқу орнын бітіріп, мықты заңгер болуды армандайтын бойжеткен қыз оқу бітірген соң Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) жігітіне тұрмысқа шығып, онымен бірге Жетісайға қашып кетеді. Ал қыздың шешесі – Жазираның жоспары басқа еді. Оның бар ойы – қызының мәнсап қуып, әкесі сияқты прокурор болуы. Тіпті жұмысқа алатын жермен келісіп, алдын ала парасын да беріп қояды. Алайда маңдайға жазылған тағдырға не шара?! Соңында жалғыз қызының әлгі жігітпен бақытты екеніне көзі жеткен ана батасын беріп, маңдайынан сүйеді. Бәрінен де жігіттің әкесі-құдасының: «Бес баланы анасыз асырап отырмын. Алла қанша ғұмыр беретінін өзі біледі. Әсел келгенде, бұл үйге құт бірге келгендей болды. Балаларым да жеңгелі болып мәз. Сізден сұранарым, қызыңызды әкетем дей көрмеңіз. Әрине, бәрін дәстүр жолымен жасауымыз керек еді. Қазір жағдай болмай тұр. Қалыңмалға мына шабдалы ағашын атадым. Қалай жеміс салады, сізге жіберемін...» дегенде қыздың шешесі: «О заман да, бұ заман, қалыңмалға ағаш атағанды алғаш көрдім. Оны не істеймін, отқа жағам ба?» деп, не күлерін, не жыларын білмейді. Құдасы атаған шабдалы ағашының өнімін жыл сайын жәшік-жәшік етіп жөнелтіп отырады. Міне, фильмнің қысқаша мазмұны осындай. Басталуы да, шарықтау шегі де, түйіні де қарапайым. Жүрекке мейірім шуағын құяды. Жастардың махаббат үшін күресіп, сезімді сақтай алуы да – үлкен сабақ.

Фильмдегі кейіпкерлер де сәтті таңдалған. Өз образын жасандылықтан ада етіп, шынайы шығарған.

«Шабдалы» фильмінің идея авторы, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек негізгі оқиғаның оңтүстік өңірінде өрбуі де тегін емес екенін айтады. «Анасының айтуымен осы әңгімені халыққа жеткізген Алмас ағаға рахмет. Бұл шын мәнісіндегі рухани жаңғырудың іс жүзіндегі көрінісі ғой. Ұлттық қазынамыз оңтүстікте жатқаны, қарапайым еңбек адамдарында жатқаны өтірік емес. Ауылдағы қарапайым адамдардың қарым-қатынастары, бауырмалдықтары, ізгілікті қасиеттерін көрсеткіміз келді», – деді.

Әрине, көркем фильм түпкі мақсат-мұратына жеткен сияқты. Біз жалпы фильмнен тек жақсы дүние көруге тырыстық. Оны таптық та. «Шабдалы» кинотуындысының тілі де күнгейлік диалектіге бай. Бірақ диалекті сөздердің жиі қолданып кеткені құлаққа түрпідей естіледі. Мәселен, ауылда жолаушы таситын таксистің «өлә, әпше...» деуін қабылдау қиын. Өйткені, оңтүстік өңірде әйел затына көбінесе «әпше» дейтіні бар, бірақ ер азаматтардың «өлә» деген сөзді айтуы сирек. Бәлкім, «сол арқылы оңтүстік жұртын тағы да тұқыртып өткісі келді ме екен?» деген ойға қалғанымыз рас. Біз бұл сауалды идея авторы Мұхамеджан Тазабектің өзіне қойғанымызда: «Меніңше, ауыл жұртының нағыз бейнесі көрсетілді. Әлгі диалекті сөздерді фильмде қолдану – бұл оңтүстік адамдарын келеке ету емес, керісінше қарапайым кісілердің образын сол қалпында беру», – деп жауап берді.

Десек те, фильм көпшілік көрерменнің көңілінен шықты. Бұл туындыға дейін де бірнеше фильмді жарыққа әкелген шығармашылық топтың алға қойған жоспары көп. Бүгінде «Шабдалы» еліміздің ірі қалаларында көрсетілімін бастады.

Соңғы жаңалықтар