Шымкентте коворкинг орталығы ашылды

Шымкентте коворкинг орталығы ашылды

Шымкентте коворкинг орталығы ашылды
ашық дереккөзі
Шымкент қаласындағы әмбебап кітапхана заманауи коворкинг-орталыққа айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Таяуда ғана республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылған шаһарда партияның бұдан да басқа тың бастамалары сәтті жүзеге асырылуда. Соған орай партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің үшінші мегаполисіне арнайы барып, аталған бағыттағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, ол партияның Шымкент қалалық филиалының конференциясына қатысты. Онда филиал төрағасы сайланды. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовпен бірге «Отырар» өңірлік әмбебап ғылыми кітапханасында ашылған коворкинг-орталыққа барды. Аталған орталық жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Мұнда келушілер арнайы конференц-залда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізе алады. Одан бөлек, жаңа орталықта демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені және еркін пікірталас аймағы бар. Осылайша дәстүрлі кітапханадан жаңа заман талаптарына сай нағыз білім орталығы ретінде қайта жаңғырған нысан қазірдің өзінде жергілікті жастардың жиі бас қосатын жеріне айналып үлгерді.    Осындай коворкинг-орталықтар жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік екенін айтқан Мәулен Әшімбаев оны жастар, соның ішінде «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері тиімді пайдалануы керектігін тілге тиек етті. «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі - халықтың білімге деген құштарлығын арттыру. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай коворкинг-орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Себебі, кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Сондықтан осындай орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыруымыз керек. Жобаның негізгі мағынасы да осы, яғни дәстүрлі кітапханаларға жастарды тартып, олардың кітап оқуға, сапалы білім алуына жағдай жасау», - деді Мәулен Әшімбаев. Тағы бір партиялық жоба аясында қалада кітап қорын электронды нұсқаға көшіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тек бір ғана «Отырар» кітапханасының өзінде 380 мыңнан астам түрлі оқулықтар бар. Олардың ішінде тарихтан сыр шертетін құнды дүниелер де кездеседі. Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасының Шымкентке жаңа мәртебе берген тарихи шешімі қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және тұтас өңірдің дамуына тың серпін бергенін айтты. Осылайша, Мемлекет басшысы барша шымкенттіктерге зор сенім артып, алдағы уақытта қаланың елімізбен қатар Орталық Азиядағы инновациялар мен инвестициялар орталығы болуына даңғыл жол ашып бергеніне назар аударған Мәулен Әшімбаев миллион тұрғыны бар қалада жаңашылдыққа жетелейтін осындай орындардың көп болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар, партия Төрағасының бірінші орынбасары М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінде «Нұр Отанның» бастамасымен ашылған ІТ-орталыққа барды. Партиялық жоба бойынша бұл орталықта өңірдегі информатика пәнінің мұғалімдері бағдарламалау, робот техникалары және 3D модельдеу негіздерін үйренуде. Жыл сайын мұнда 40 маманды оқытып, біліктілігін арттыру көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 2020 жылға дейін 120 азамат білімін жетілдірмек. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары осындай орталықтар мен тегін ІТ-сыныптар жобасы «ақылды экономика» үшін мамандар даярлауға бағытталғанын айтты. Осы ретте ІТ-сыныптардың еліміз бойынша көптеп ашылып, жастардың цифрлық технология, программалау және робот техникалары сияқты сұранысқа ие саланы меңгеруіне жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн.  width= Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде де бірқатар ІТ-сынып ашылып, мектеп оқушыларын оқыту ісі басталып кетті. Нәтижесінде алдағы екі жылдың ішінде шаһарда 23500-ге жуық бала ІТ-технологияның қыр-сырын меңгеріп шықпақ. «Партия мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп, еліміз бойынша 1000 тегін ІТ-сынып ашуды жоспарлап отыр. Онда 150 мың бала цифрлық технология бойынша білім алады. Бұл Қазақстан үшін цифрландыру ісіндегі маңызды қадам екені сөзсіз. Қазіргі таңда осы салада білікті мамандардың жетіспейтіні де белгілі. Партия осындай жобалар арқылы аталған олқылықтардың алдын алуға өз үлесін қосады», - деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Әйгерім» арнаулы коррекциялық балабақшасына барды. Мекеме ұжымымен және ата-аналармен кездесуінде Мәулен Әшімбаев партияның бұл саланы үнемі басты назарда ұстайтынына және қамкөңіл жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының жұмысына тоқталып өтті. Сапар соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының конференциясына қатысты. Мұнда партия қызметін жаңғырту, Елбасы айқындап берген басым бағыттарды жүзеге асыру және Президенттің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу жұмыстары жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде аталған бағыттар бойынша нақты тапсырмалар беріліп, алдағы жұмыс бағыты пысықталды. Одан бөлек, конференцияда партия қалалық филиалының төрағасы болып Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сайланды.