ПУТИННІҢ МЫСЫ БАСТЫ МА?

ПУТИННІҢ МЫСЫ БАСТЫ МА?

ПУТИННІҢ МЫСЫ БАСТЫ МА?
ашық дереккөзі
«Айтылған сөз – атылған оқ» деген қағида Трамптың түсінігінде жоқ, сірә. Еуропаны аралаған сапары кезінде бір емес, бірнеше мәрте дүйім елдің алдында айтқан сөзінен ізінше айнып, «мен басқаша айтып едім» деп ақталуына тура келді. Әуелгісі – британдық газетке берген сұхбатында Тереза Мэйді әбден сынап-мінеп, ертеңіне «Мен негізі олай деген жоқпын, мен сізді мақтадым» деп қарап тұрғаны. Екіншісі, бөтен елдің президенті алдында өз мемлекетінің мүддесіне қайшы сөз айтып, бірақ еліне қайтып барған күннің ертеңіне «Менің тілім шатасты, етістікті дұрыс айтпадым, негізі, басқаша айтқым келген» деп жалтаруы.  Өкініштісі, жоғары лауазым иесінің, білдей бір мемлекет басшысының бүгін – былай, ертең – олай сөйлегеніне, өз сөзі үшін жауапкершілікті сезінбеуіне етіміз үйреніп бара жатқандай. Ақ үй және Кремль. Дональд пен Владимир. Бұл екеуінің арасында қарама-қайшылықтар жетіп артылады, бірақ ұқсастықтар да жоқ емес. Қайшылық – екі мемлекеттің қарым-қатынасында,  ал ұқсастық – қазіргі басшыларында. Бұлар – бір кезде әлемді екі лагерьге бөліп, жеке-дара билеген, әлі сол амбицияларынан көз жазбаған елдер, ал бүгінгі басшыларының екеуі де ешкіммен санаспай үйренген. Сондықтан екеуінің оңаша қалып, көзбе-көз сөйлесуі әлемдік геосаясаттағы маңызды оқиғалардың бірі болды десек, артық айтқандық болмас. Путин Ресейде билікке келген 18 жылдан бері АҚШ-тың бірнеше президентімен әріптес, тіпті, бақталас болыпты. Путин үшін Трамп – 2000 жылдан бері әріптес болған үшінші АҚШ президенті. 2001-2009 жылдары Ақ үйден пәрмен жүргізген Джордж Буш та, 2009-2017 жылдары президент болған Барак Обама да онымен жөндем тіл табыса алмады. Ал 2014 жылғы Қырым оқиғасынан кейін АҚШ пен Еуропа Кремльдің сыртқы саясатын айыптап, содан бері жыл сайын экономикалық құрсауды күшейтумен келеді. Ал Трамп үшін бұл – Ресей президентімен алғашқы ресми кездесу. Жерлес саясаттанушылардың көбісі Трампты бұл оңаша кездесуден бас тартуға үндеп еді. Әйткенмен, Ақ үй әкімшілігі Кремль басшысымен Хельсинки қаласында, Финляндия президентінің бас резиденциясында 90 минуттық келіссөз жасауға болады деп шешім қабылдаған. Шотландиядағы Тернберри спа-кешенінде қыздырынып, терісі тотияйын тартқан Трамптың жанында Путиннің жүзі ашаңдау көрінді. Екеуінің отырыстары мен өздерін ұстау мәнері де көп нәрсені аңғартатындай еді. Мысалы, Трамп екі қолын біріктіріп, саусақтарының басын түйістіріп, алға қарай ұмсыныңқырап отырса, Путин орындық жақтауына қисайыңқырап, еркіндеу отырғандай сезілді. Алғашқы сәттерде екеуі бір-бірінің көзіне көп қарамауға тырысты. Трамп бірінші болып қолын созып: «Сізбен кездескеніме қуаныштымын» деген соң екеуі қол алысып, одан әрі оңаша сөйлесуге шығып кетті. Екі жақтан тек аудармашылар ғана қатысқан кездесу жоспардан жарты сағатқа көбірек созылды. Президенттер екі жақтың делегация мүшелерін күттіріп қойып, дайын тұрған түскі астың суып қалғанына қарамастан, екі сағат тапжылмай отырып сөйлескен. Тағы бір жайт, орыстар жағы алдын ала «кездесу пәлен сағат созылады» деп жоспарламапты, яғни Кремль басшысы Трамппен кешке дейін сөйлесуге дайын болды деген сөз. Осы кездесудің алдында, дәлірегі 16 шілде күні Трамп өзінің «Твиттердегі» парақшасында: «Біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз ешқашан дәл қазіргідей нашар болған емес. Бұған АҚШ-тың көпжылғы ақымақтығы және ақымақтығы кінәлі» деп жазған еді. Бірақ Путинмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында бұл сөзін түзеуіне тура келді: «Біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз ешқашан дәл қазіргідей нашар болған емес. Бұған екі жақ та кінәлі деп санаймын. Екі мемлекет те қателіктер жіберді», – деді. Дәл осы сөздерді айтып тұрғанда, Путин қозғалақтап, Трамп оған қарамауға тырысты. Джордж Буш 2006 жылы Путин туралы: «Мен бұдан былай Путин ешқандай да демократ емес деген ойға келдім. Ол патша. Біз одан айырылып қалдық деп ойлаймын». «Body language», яғни дененің қимыл-қозғалысынан ішкі көңіл-күйді бағамдаудың саясатта ролі ерекше. Әсіресе, бір ойын ішіне бүккен саясаткерлердің кездесуінде көбіне олардың сөзімен бірге жүріс-тұрысы, отырысы, дауыс ырғағы – бәрінің астарынан мағына іздеудің әбестігі жоқ. Қысқасы, осы жолы Путиннің мысы басқанын көзі бардың бәрі көрді. Бірақ оның шын себебін екеуінің ғана іші біледі. Кремль басшысының көп жылдан бері байқалған бір мінезі, ол риза болғанда, балаша құлдыраңдап, ара-тұра қалжыңға басады, жалпы, сол сәттегі эмоциясын бүркемейді. Осы жолы Путиннің өзін-өзі ұстауына, оның нық әрі сенімді сөйлеген сөзіне қарап, кездесу оның ойынан шықты деп тұжыруға болатын сияқты. Ал Трамп болса, бойының ұзындығына, денесінің ірілігіне қарамастан, оның қимылы да, сөзі де нанымды көрінбеді. Оның баспасөз мәслихаты өтетін бөлмеге бірінші кіруге ұмтылғаны, Путин байсалды түрде сөйлеп тұрғанда, бойын тіктеп, өзін маңғаз етіп көрсетуге тырысқаны тілшілердің назарынан тыс қалмады. Екеуі не айтты? Айтатын, ортаға салатын, бір-бірінен сұрайтын мәселе көп. Президенттер Сирия, Украина, Солтүстік Кореяға қатысты ой алысты. Бірақ екеуінің баспасөз мәслихаты мен одан кейінгі оқиғаларға өзек болған аса маңызды тақырып – Трамп президент болғалы оның лауазым құзыретіне күмәнмен қарауға себеп болған, яғни Кремль 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлау нәтижесіне ықпал етті деген долбар. Қазір Батыс Еуропа, АҚШ пен Британияда «Ресей АҚШ-тағы 2016 жылғы және Франциядағы 2017 жылғы сайлау науқандарына араласты, кибер шабуылдар жасады, тіпті Испаниядағы Каталония дағдарысын ушықтыруға әрекет етті» деген қоғамдық пікір кең тараған. Өткен аптада ғана Федералды зерттеу бюросының бұрынғы басшысы Роберт Мюллер басқарған тәуелсіз комиссия бұл тек жорамал емес, нақты дәйек екенін дәлелдейтін айғағымыз бар деп жариялады. Трамп пен Путиннің кездесуіне үш күн қалғанда, АҚШ Әділет департаменті 12 ресейлік барлау офицеріне 2016 жылы америкалық сайлау кезінде кибер-шабуыл жасаған деп ресми айыптау жариялады. Әлбетте, Кремль бұл айыптауларды жоққа шығарды, ал Путин осы кездесуде америкалық тергеушілердің күдігін сейілту үшін оларды ресейлік офицерлерді тергеу ісіне қатысуға шақырды. Жалпы, бұл істе қазіргі таңда 32 адамға айып тағылып отыр, оның ішінде 12 ресейліктен басқа АҚШ-тың өз ішінде үш компания мен Трамптың бұрынғы төрт көмекшісінің аты аталады. Кездесуден кейінгі брифингте журналистердің: «Америкалық сайлауға сырттан араласуы туралы мәселеде сіз АҚШ барлау қызметіне сенесіз бе, әлде Ресей президентіне сенесіз бе?» деген сұрағына Трамп: «Президент Путин бұл Ресей емес деді. Солай екен деуге ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын» деді ол. Барак Обама 2017 жылы Путин туралы: «Мен Путиннің шама-шарқын білмедім деп айта алмаймын, бірақ мен қазіргі жаңа ақпарат заманының деңгейін бажайлай алмадым. Жалған ақпараттарды таратып, кибер шабуыл жасау, т.с.с. біздің ашық қоғамымызға  ықпал етіп, біздің ашық жүйемізге, біздің демократиялық жүйемізге сынамалап кіреді деп ойламадым... Бұдан 20-30 жыл бұрын шетелдік мемлекеттер АҚШ-тағы саяси дебаттарға ықпал етеді деген нәрсе мүмкін емес еді». Бұдан соң журналистердің бірі: «Ресей үкіметі Дональд Трампты ауыздықтап алатындай оған қатысты қандай да бір компроматқа ие ме?»,– деп ашықтан-ашық сұрақ қойды. Осындай сыбыстың тарағанына көп болған. Бұған Дональд Трамптың өзі де, сөзі де түрткі болды. Әуелі, ол президенттікке талас науқаны кезінде Путин туралы жылы сөздер айтып, оны мақтағаны бар. Одан беріде де оның Кремль басшысына қатысты қатты сын айтқанын естіген жоқпыз. Ал Трамптың сыпайы дипломат емес екені, керек жерде аузына түскенін айта салатын мінезі бар екені тағы белгілі. Мұны да аз десеңіз, АҚШ Федералды зерттеу бюросының бұрынғы директоры Джеймс Комидің  «Өте жоғары деңгейдегі бейімділік» деген кітабы Кремль мен Трамптың ара қатынасы жайлы біраз жайттың басын шалады. Оның өзі былтыр Трамптың сайлауалды штабының Ресеймен байланысына қатысты зерттеу жүргізіп жүрген жерінен қызметінен қуылғаны мәлім. Оның айтуынша, бұл компромат Трамптың қаржылық империясына да, жеке өміріне де қатысты болуы мүмкін. Бизнесмен Трамп кезінде Мәскеуге іссапармен барып, қонақүйде сауық-сайран құрғаны бейнетаспаға жазылып алынған деген әңгіменің шыққанына біраз болды. Сыбысты тек сыбыс деп қарағанның өзінде, Трамптың бизнес-мүддесі мен Путинге қатысты аса толеранттығы ойландырмай қоймайды. Сонымен, тура сұраққа берген жауапқа назар аудаңыз. «Дональд Трампты ауыздықтап алатындай оған қатысты қандай да бір компромат бар ма?» деген сұрақты естігенде, Путин күліп жіберді. Одан соң «Трамп Ресейге бизнесмен ретінде келіп-кетіп жүргенде оны тіпті танымағанын» айтып, «Мұндай нәрсені (компроматты – ред.) миыңыздан шығарып тастаңыз», – деді. Иә, Путиннің көңілі көтеріңкі еді. Ол тіпті Трампқа сыйлық жасап, өткен Әлем чемпионатында ойналған теңбіл допты тарту етті. «Енді доп сіздер жақта» деді ол риза кейіпте. «Мұны мен кіші балам, Баронға берем. Солай ғой, Меланья?»,– деді Трамп допты әйеліне қарай лақтырып. Ал кездесу аяқталған соң, АҚШ президентінің күзет қызметі допты сканерден өткізіп, бір тексеріс жасады. Вашингтонға жеткізілген соң бұдан да тыңғылықты тексеру жасалатыны анық, себебі «оның ішінде тыңдау құрылғысы болуы мүмкін, оны Ақ үйге ешқашан апармау керек» деп дабыл көтеріп жатқандар бар. Баспасөз мәслихатының бейнежазбасы төрткүл дүниеге тарағаны сол, АҚШ-тың қос партиясының мүшелері, мемлекеттік орган қызметкерлері, жалпы саяси орта қатты назаланды. Орталық барлау агенттігінің бұрынғы басшысы Джон Бреннан «Твиттердегі» парақшасында: «Дональд Трамптың Хельсинкидегі баспасөз мәслихатында айтқан сөздері «жоғары қылмыс пен қателіктердің» шегінен шығып кетті. Бұл сатқындық, басқаша атау мүмкін емес. Оның жауаптары ақымақгершілік екенін былай қойғанда, ол тұтасымен Путиннің қалтасында екен. Республикалық (партияның – ред.) патриоттар, қайдасыңдар???», – деп жазды. Республикалық партия өкілдері, яғни Трамптың одақтастары да оны ақтай алмады. Осы партияның мүшесі Джеф Флейк әлеуметтік желідегі парақшасында: «Америкалық президент Ресей президентімен бірге сахнада тұрып, ресейлік шабуылға АҚШ-ты айыптайтын күнді көрем деген үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бұл ұят», – деп күйзеледі. Дональд Трамп 2017 жылы Путин туралы: «Оны танымаймын, бірақ ол – оңай шағылатын жаңғақ емес. Оның Ресейде не істеп жатқанын білмеймін, бірақ біз мұны көп ұзамай білетін боламыз». Бұдан бөлек, Трамп Кремль басшысын «мықты көшбасшы» деп атап, «біздікіне қарағанда (Обаманы меңзегені – ред.) әлдеқайда мықты көшбасшы» деген. Демократтардың Конгрестегі өкілі Нэнси Пелоси де үн қосты: «Бірнеше күн бұрын 12 ресейлік біздің демократияға шабуыл жасады деп айыпталды. Ал қазіргі америкалық басшымыздың түрі мынау, осы шабуылды басқарған адамға лайықты жауап бере алмады. Расымен, Путиннің қолында Трампқа қарсы қандай айғақ бар, оны сонша қорқытатындай?», – деп жазды. «Америка Капитаны» атты белгілі комикс кейіпкердің рөлімен танымал болған актер Кристофер Эванстың ашуланғаны сонша, ол Трампты «марионетка» деп атап, «Твиттер-парақшасында» былай деген: «Мен тіпті не дерімді білмей отырмын. Бүгін масқара болды. @realDonaldTrump Американы жерге қаратты, ол өз-өзінен ұялуы керек. Трамптың саясаттағы бақуаттылығына бола Ресейдің демократиямызға қол сұғуын елемеуге тырысқандардың бәрі масқара болды. Сөзім жоқ». Владимир Путин 2018 жылы Трамп туралы: «Иә, мен оның сайлауда жеңгенін тіледім. Себебі ол Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуды қалайтынын айтты». Тіпті, америкалық киножұлдыз әрі экс-губернатор Арнольд Шварценеггердің жүйкесі сыр беріпті. Ол қалта телефонын ала сала, Трампқа тікелей онлайн-үндеу жасады. Әлемді шарлап кеткен 44 секундтық бейнежазбасында Шварценеггер оған мынандай сипаттама береді: «Сіз Путиннің фанаты сияқты қазір одан қолтаңба сұрап не онымен селфи жасайтын шығар деп ойладым» дейді. Бұдан соң: «Сіз баспасөз мәслихатында біздің барлау қызметін, біздегі құқық жүйесін, ең бастысы, біздің мемлекетті сатып кеттіңіз. Сіз Америка Құрама Штаттарының президентісіз. Сіз бұлай істемеуіңіз керек. Сізге не болған?», – деп қынжылып, Рональд Рейганның тұсындағы «күшті Америка» қағидаларын еске салады. Сөзінің соңын аяқтауға шамасы келмей, көкірегі қарс айрыла күрсінеді. Шварценеггер ғана емес, саясаткерлердің көбісі Трамптың мәлімдемесінен соң дүйсенбінің түнінде ұйқысыз қалды. Ақыры, Ақ үй кеңесшілерінің ақылымен Трамп қоғамдық сынды азайтудың амалын жасауға мәжбүр болды. Яғни, Путинмен баспасөз мәслихатында айтқан өз сөзін түбірімен жоққа шығарды. Ретімен келтірсек, Трамп 16 шілде күні Хельсинкиде былай деді: «My people came to me... they said they think it's Russia. I have President Putin; he just said it's not Russia. I will say this: I don't see any reason why it would be». «Менің адамдарым маған келді де... олар мұны істеген Ресей деді. Мен президент Путиннен сұрадым, ол мұны істеген Ресей емес деді. Мен былай деймін: Солай екен деуге ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын». Яғни, ол Путиннің сөзіне иланатынын анық әрі ашық айтты. Бірақ 18 шілде күні ол Ақ үйде былай деді: «In a key sentence in my remarks, I said the word 'would' instead of 'wouldn't. The sentence should have been: 'I don't see any reason why I wouldn't' or 'why it wouldn't be Russia'. Sort of a double negative». «Мен жасаған мәлімдеменің басты сөйлемінде «солай емес» дегеннің орнына «солай екен» дедім. Сөйлем мынандай болып айтылуы тиіс еді: «Мен солай емес деуге ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын» немесе «неге бұл Ресей болмасқа». Екі болымсызды қатар қолдану». Ағылшын тілінде бір сөйлемде екі болымсыз етістік қатар келсе, сөйлемнің мағынасындағы етістіктер түгелімен болымды түрде қабылданады. Сонда Трамп тілдің осы ерекшелігін өте сәтті пайдаланып, «солай екен» дегенді «солай емеске» ауыстыра салып, алдыңғы пікірінен толықтай бас тартып отыр. Бұдан соң тәубесіне келіп, АҚШ барлау қызметінің Ресейге қарсы айыптарын түгел мойындады: «I accept our intelligence community's conclusion that Russia's meddling in the 2016 election took place. Could be other people also. A lot of people out there». «Мен біздің барлау ұйымдары шығарған қорытындымен, яғни 2016 жылғы сайлауға Ресей араласқан деген тұжырымымен келісемін. Басқа адамдар да болуы мүмкін. Оған талай адам араласты». Сонымен, «батырға да жан керек» демекші, Трампқа да абырой керек екен. Путиннің жанынан кетіп еді, үйіне бара салып, айтқан сөзінің бәрінен бас тартып, оған қарсы айыптарды растады. Бірақ енді бұдан соң оның Кремльге телефон соғып, «Мен олай деген жоқпын, басқаша айтқанмын» демесіне кім кепіл?

Ұлыбритания