Жан әуендері

Жан әуендері

Жан әуендері
ашық дереккөзі

ҚАТЫН ҰРЫС

Лезде үй маңына адам үйіріліп қалды. Шаң-шұң дауыс. Әйтеуір жаманат емес, қаза емес, қазымыр көңілдің тайталасы екенін білдік. Өзінше қолданған әйелдік әдіс те бар. Бір-бірін ауызбен жеңе алмағасын білекпен түйгіштеп қояды. Қатын ұрыс қызып жатыр. Мұндайды үлкен қалада әлеуметтік желіден естуші едік, енді үлкен ауылда үстінен түстік. Таяқ жегеннен гөрі соққы боп тиген сөз жаман. Бір-біріне айтқан бейпіл сөзден көк аспан күркіреп, қара жер теңселіп кеткендей. Мынаны көріп тұрғанда әлеуметтік желің жолда қалады. Ішпысты адамға қызық екен. Жаман сөзге жұрт үйір, жақсы сөзді жүре тыңдайды. Сол қу шүберектен шыққан дау, «мен бірінші алмадым» деген алқынған көңілдің ышқынысы. Қаладан әкеп, сауда-саттық жасап отырған келіншек өмірде күйеудің қызығын көріп, бірге отырып терлеп-тепшімеген әйел. Көрік десе көркі бар, білім десе білімі бар, екі байдан туған екі баланы асырау үшін қалаға барып кеп, ол-пұл сатады. Артық сөзге жоқ мұғалім, бүгінгі күннің бизнесмені. Ұрыстың кейіпкерлері де көріп тұрып күншілдігі жібермей жүргендер. Ауыз артта қалып, қол іске кіріскенде бұларға «қой» деп басу айтар ешкім жоқ. Оларға қызық керек, ыстық күн, құмды далада қарап жүріп іштері пысатын сияқты. Аяқ астынан ауылға цирк немесе театр кеп қалғандай жандары рахатқа бөленді. «Тағы, тағы!» деп, айызы қанып барады. Бір кезде қатын ұрыстың негізін қалаған әлгі мұғалім келіншек шықты да: – Қойсаңдаршы енді. Не болды сонша сендерге? Затымды қайтып беріңдер. Сендерді ұрсысу үшін шақырған жоқпын ғой, – деп еді, екеуі де сөзге тоқтап, сәл басылып қалды. – Екеуіңе де жетеді. Біреуіңе өзімдікін берем. Осы сөз ызалы екеуді сабырға шақырғандай болды. – Жәлеп! – деді біреуі тағы да тұтанып. – Үш байға тиген сен де жүрсің ғой. Әркімнен туған балаңды асырап ал! – деді келте жауап. Сөз соңы кімнің кім екенін анықтап, тұрмыстық ахуалға кеп тірелді. Жұрт селдірей бастады. Екі күн інімнің үйінде жатып, теледидардағы жасанды қылықтан қашып, қара суға тік шаншылып сүңгісем бе деп келіп едім, тағы да сол теледидардағы көріністер алдымнан шықты. Бір артықшылығы – жасандылық  жоқ, таза табиғи кейіпкерлер. Таң қалғаным, екеуін ешкім де ажыратпады, шаршаған адамға осындай қызық көрініс те керек-ау, сірә? Лезде «театр сахнасы» бос қалды. Менің де «Цифрлы Қазақстаннан» шаршаған басым сергіп қалғандай. Дегенмен табиғи көрініс таза болады екен. Жалғыз өзім көргенімді сарапқа салып, селт етпей тұрып қалғанымда інім кеп ертіп кетті: «Шәй суып қалды ғой». Ыстық шәйді сораптап отырып қатын ұрысқа куә болғанымды тісімнен шығарған жоқпын. Келіннің көзінше бүге-шүгесін суреттеп айту да оңай емес. Келін сөз тыңдағысы кеп елеңдеп отыр. Ертең-ақ қатын ұрыстың қосымша сериясы ауылдың әлеуметтік желісінде гу-гу етіп, ойы мен қырын шарлап кетері анық. Жанды суреттің аты – жанды сурет. Ыстық шәйді ұрттаған сайын «живой голос» құлағымда күңгірлеп, өзіне тартып барады. Адамдарда ыза бар. Жетпей жатып, асып түссем дейді. Әуелі жеткізіп алайық та...

АУЫЛДАҒЫ «ҚАРЕКЕТ»

Тағы да сол туған інімнің үйіндемін. Жұрт жазды Қара теңізде өткізсе, өз басым ауылға бармасам демалғандай болмаймын. Суы толқыған арнада құлаштай, Әбділда ақын жырлаған «лай  судан жұтып-жұтып алсам», бұл мен үшін демалыстың тәттісі. Інімнің үйінде бойжетіп қалған, қысқа көйлек киген, бет-бейнесі бөлек бір қыз жүр. Өң-жүзі бізге келмейді, сөйлегенде аузы-басы қисаңдап кетеді екен. Ол мені көрген бетте сөз-жүйріктің жүгенін қолына алды. – Көке, менің бұлай жүргенімді айып етпеңіз. Көйлегім де жоқ киетін. Қазір тар шалбар кию мода ғой, мен олай жүре алмаймын. Әке-шешемнен ұялам. Онан да осы дұрыс, – деп отыра кеткенде етегі тізесіне жетпей шошаң етіп, топ-томпақ тізесі табиғат сымбат бергенмен сән бермеген ұрғашының көркін көз алдыма жайып салып тұр. – Мә, киіп ал! – деді келінім тор-тор көк көйлекті араға адым салып лақтырып. – О-о, басымен бердіңіз бе? – деп қуанып қалды. – Басымен бе, аяғымен бе, тез киіп ал! – деп қабағын түйді келінім. Ол жүгіріп үйге кіріп кетті. Келінім сөз бастады. – Ауылдағы Тыныштықбай қайнағаның қызы ғой. Қайнаға болса жоқ, абысын: Екі-үш күн қарай тұр, Төретамға барып, күріш сатып келейін» деп кетіп еді. Бақандай бір апта болды. Аллоуакбар жоғалды! – деп бетін сипады. –  Қыз қолында ма еді? – Жоқ, Ақтаудағы жарыместер үйінде. Есін білгесін апарып тастаған. – Е-е-е... Келген сайын көретінім кескінсіз сурет. – Іштен туған ба? – Туғаннан солай. Аты Гүлзада. Ауылдағылар «жынды Гүлзада» дейді. Өздері жетісіп тұрғандай... Келінге сұрақ қойсаң, жауабын үтір-нүктесіз қайтарады. Сөз сөйлемесе ауылдағылардың іштері пысады-ау деймін. Әп-сәтте үйден шұбалтып көк көйлек киіп шыққан Гүлзада әңгімені келіннен де асырып жіберді. –  Көке, қараңызшы, менің анау телебезердегілерден қай жерім кем? Тек жындымын. Дауысым солардан бір де кем емес. Оу-у-у!.. Селк ете қалдым. Тұнық дауыс кеңістікті жарып жіберді. Әуелде аузын басып жырқ ете қалғанмен: «Қой енді, сөйлей берме! – деді келін. – Жұрттың миын ашытасың». Әй, отқа май құйып тұрғандай көрінді. – Осы телебезердегі өтірік әңгімелер маған ұнамайды. Бәрі жасанды. Жынды болмағанда әнші болатын едім. Әкем сорлы да ерте өліп қалды ғой, консерваторияға түсіп, бәрін көкесіне көрістірер едім. О-о-о! – дегенде, жан-дүниесінен шыққан таза сөзге елтіп отырған мен тағы да селк ете қалдым. Шынында, сол кісі болғанда... Шілденің шыжыған ыстығында күнде суға түсіп жүрген арнасына суға кетіп қалыпты. Ажал ғой. – Мен бір ай демалысқа келдім, көке! Ағам алып келді. Бірақ шешем менен қашып жүр. Үш-ақ күн болды қасымда. Біреудің үйіне тастап, өзі жоқ боп кетті. Мен сорлы соны сағынып кеп едім. Көке, мен байға тиіп, бала тумаймын. Шешемді көрдім ғой. Енді, кетем. Ол жақта достарым бар. Жүретін жігітім бар. Ол менен өткен жынды. Бірақ, адамға жаны ашиды. Біз де «Қарекетті» көреміз. Өзімізді көргендей боламыз. –  Әй, қой енді, көкеңнің миын ашытпа, – деген келіннің даусы шыққанда ол: «Көкем демалсын», – деп ұзын етек көйлегіне малтығып үй артына қарай кетті. – Әй, көйлекті бүлдіріп жүрме! – деді келін дауыстап. Сөйтті де: – Үйбай, шалдың келетін уақыты боп қапты ғой. Шәй қояйын. Ініңіз сабап жүрер, – деп самауырға шоқ сала бастады. Ауылға барып көгілдір экрандағы «Қаракетті» көргендей болдым. «Шаншардың» ұшқындары да бар. Тілі таза, жынды қыз тағы да ақтарылса деп отырмын. Ол сөйлегісі келеді, емін-еркін сырласатын адам таппай жүр. Жындының да жаны бар, өзіне тән әуені бар. Мен де ысылдай бастаған самауырға бір, ұзын көйлегі етегіне оратылып кеткен қыз жаққа бір қараймын. Келін де сол жаққа көз сала береді. Жынды қыз үстіне ілген бір кез шүберек бүлініп қала ма деп жаны шығып жүр. Бүлінсе жуады, су бәрін тазартады. Жынды қыздың жүрегіндегі кірді кім жуып тазартар екен?!

«ДОС-МҰҚАСАННЫҢ» ЕСКІ ҚҰРАМЫ

«Дос-Мұқасанның» ескі құрамын тыңдаймын. Ескі кассета жылдар бойына қойыла-қойыла әбден жұқарып, дауыс та қырылдап шығатын болыпты. Осы ескі құрамдағы кассетаны  іздеп, базар атаулыны әбден шарладым. Бәрі тұр, тек «Дос-Мұқасан» жоқ. Сатушыға тапсырыс та бердім. «Айтсаңыз болды» дегенмен, «Таба алмадым» дейді еш қиналмастан. Әміренің әндері табылып жатқанда, күні кешегі – жалт етіп өткен 70-жылдардағы «Дос-Мұқасан» қайда жоғалып кетті екен? – Жаңа құрамын тыңдай бермейсіз бе? – дейді сатушы жігіт затым өтсе деп өбектеп. – Ол таза эстрада... – Ол да эстрада емес пе? – Онда қазақы әуен бар, – деп түсіндірген болдым. Заты өтпеген саудагер иліге қоймады, менің не айтып тұрғаным оған бәрібір. Иә, «Той жыры» қазақ баласына шаңырақ көтертіп, үй тіктірді. 70-80 жылдарда таза эстрадасы жоқ қазаққа «Дос-Мұқасан» ұлттық әуен боп келіп, ұлттың еңсесін көтерді. Досым Сүлеевтің саксафонды сызылта үрлеуі, Мұрат Құсайыновтың бас гитараны армансыз шертуі, Шәріп Омаров пен Мейірбек Молдабековтің ритм, соло гитараны төмпештеуі қыз түгілі жігіттің делебесін қоздырып, бақытты әлемге бойұсындырды. Юрий Лим ұрмалы аспапты жіңішке шыбықпен шыңқ еткізгенін көргенде, отырған жерімде кез келген тақтайды саусағыммен шертіп, тепсініп отыратын әдет таптым. Сол кездің жастарында «Тойымызда «Той жыры» шырқалса екен» деген тілек болатын. «Той жыры» шырқалған шаңырақтың бәрі де бақытты шаңырақ болып бой көтерді. Социалистік идеологиядан сытылып шығып, ұлттық идеологияға мойынсұнған сол ансамбльді тыңдау қазақ жастарының арманы еді. Қазір сол жігіттердің көбісі ғылым шыңына шығып, шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Олар қазақ музыкасы мен ғылымын қатар өркендеткен біртуарлар. Үйдегі көне кассетадан тек «Жыр жазамын жүрегімнен» қалыпты. Гитарамен орындалар әуенде айтып жеткізгісіз бір шынайы сезім бар. Құрманай Омарова орындайтын «Сағындым сені» әнінің кассетасы да көнеріп, дыбыссыз айналып тұр. Біз Құрманайдың даусын сағынамыз. Қуанып кеттім. «Алматы түні» шықты сызылып. Гитараның таза үні. Бойым босап қоя берді. «Алматы түні» деп хабар беріп жүрген «Шалқарға» разымын. Бұл да бір жақсыдан қалған жарым ырыс сияқты. «Шофер келді қырманғаны» Мұрат Құсайынов шерте жөнелді. Бас гитара, соло, ритм гитаралар қосылғанда қызыл қырман мен қызыл орамалын бұлғаған қыз келеді көз алдыңа. Студенттік күндерде, қырман басында жүргенде «не шықса да шопырдан шығады» деп, шәпкесін қисайта киген соларға сақтана қарап, қыздарымызды қызғыштай қорғайтынбыз. Енді, сол қызыл қырман, қыздар мен шопыр жігіттер гитараның жіңішке ішегінің ұшында ызыңдап тұрғандай. «Дос-Мұқасанның» ескі құрамын іздеп жүрмін. Ескінің орнын жаңа ауыстырған заман ғой. Бірақ «Дос-Мұқасанды» ешкім де ауыстыра алмайды. Құрманай шырқаған «Сағындым сені» әнінде ұлттық сурет, қазақы сағыныш бар. Социализмнің қамалын бұзып шыққан «Дос-Мұқасанды» ешкім де ұмытпайды. Қазіргі шаңырақ көтерген жастардың тойы «Той жырымен» басталса ғой. Ескінің аты – ескі. Бойына жаңаны дарытқан «Дос-Мұқасан» ешқашан ескірмейді. Ол – жаңғырған әуен, жаңа құбылыс.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

Жазушы