Алмалы қалада  - 50 жаңа жоба

Алмалы қалада  - 50 жаңа жоба

Алмалы қалада  - 50 жаңа жоба
ашық дереккөзі
Әлемде «ақылды қалалар» концепциясы кеңінен таралуда. Жаңа бастама алып шаһар – Алматы үшін де таңсық емес. Бүгінде Алматыда аталмыш концепция бойынша қолға алынып жатқан шаруа шаш етектен. Алматы қаласында «Smart City» концепциясының 7 бағыты бойынша да жыл басынан бері тоқтаусыз жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші революциялық дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында негізгі 10 басымдықтың біреуін «ақылды қалалар» концепциясына арнаған болатын. Елбасы Жолдауда: ««Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады», – деп атап өткен еді. «Smart City» концепциясының негізгі мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттыру.  Қазіргі уақытта әлемнің 2500-ден астам ірі және кіші қалалары «Smart City» концепсиясының әртүрлі компоненттерін белсенді түрде енгізуде. «Ақылды қалалар» концепциясы –  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік  бағдарламасының бір бөлігі. Қазіргі уақытта Үкімет «Smart Сity» жобасын Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе сиякты ірі қалаларда біртіндеп енгізуді жүзеге асыруда. Бүгінгі күні Алматы цифрландыруды енгізу және еліміздің барлық ІТ өнімдерін шығару бойынша көшбасшы. «Smart City» концепциясы барысында қауіпсіздік, қоғамдық көлік, білім және денсаулық сақтау салаларында жүйелі цифрландыру жобалары іске асуда. Бұл – креативті кәсіпкерлер мен стартаперлер үшін ірі нарық. Мегаполис басшысы жаңа технологияларды енгізу процестерді ашық жүргізуге және операциялық шығындарды азайтуға ықпал ететінін, сонымен қатар мемлекеттік аппарат пен бизнесте тиімді әкімшілікке қол жеткізетінін атап өтті. «Мемлекеттің міндеті – бюрократтық кедергілерді барынша азайту, тиісті инфрақұрылымды қалыптастыру, бизнес бастамаларды ынталандыру. Ол үшін қалада түрлі қолдау шаралары жүзеге асуда, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтар және механизмдер арқылы кәсіпкерлер қаржылық ресурстарға қол жеткізуде», – деді Бауыржан Байбек. Елбасы Жолдауында жүктелген тапсырмаларды нақты жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласында биыл 50 жаңа жоба жүзеге асырылды. Қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, негізгі басымдық әлеуметтік саланы қамтитын инновациялық, озық ойлы жобалар мен сандық технологияларды тегеурінді іске асыруға беріледі. Яғни, қаладағы тіршілікті жеңілдететін жедел әрі сапалы қызмет артады. Ондай жобалар қатарында онлайн жүйесі арқылы сауда жасау, автоматтандырылған логистика, энергетика жүйесін жаңғырту және «Smart Сity» сынды жобалар бар. «Smart Сity»-дің Алматы қаласында жайлы қала (көшелерде жаяу жүргінші жолдарын жасау, бақтар мен саябақтарды қайта жөндеуден өткізу), «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы, тұрғындарға арналған қолжетімді сервис (Пәтер иелерінің кооперативінің онлайн режимде жұмыс істеуі, жылу және су магистральдарындағы ысырап мониторингіне арналған ІoT датчиктерін қолдану), ашық бюджет, ашық деректер (almatygenplan.kz порталының жұмысы, Open Data-да бюджет жобалары мен есептерін жариялау), зияткерлік көлік жүйесі және қауіпсіз қала сынды 7 негізгі жобалық бағыты бар. «Smart Сity» концепциясының негізгі бағыттарының бірі – «бір терезе» принципі бойынша Алматы қаласы әкімшілігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы. Бүгінде «Оpen Аlmaty» қоғамдық қабылдау орталығында 1308 арнайы желі жұмыс істейді. Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау орталығы «Оpen Аlmaty-ға» осы уақытқа дейін 5000-нан астам адамнан өтініш келіп түскен. Арыз-шағымдардың жартысынан астамы қаралып, оң шешімін тапқан. 2017 жылдың қыркүйек айында жұмысын бастаған орталықта қалалық 5 басқарма мамандары, прокуратура, ішкі істер департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, кәсіпкерлер палатасы мен 8 ауданның әкімдік өкілдері қызмет көрсетеді. «Smart Сity» концепциясының тағы бір маңызды бағыты – зияткерлік көлік жүйесі және қауіпсіз қала. Бұл бағыт бойынша шаһардың көлік желілері бір жүйеге интеграцияланып, қоғамдық көліктерге жол жолақшалары жасалуда. Сонымен қатар, велодәліздер, тұрақтар мен жаяу жүргінші жолдары, жолдар мен қоғамдық орындарды бейнетіркеу қолға алынды. Бұл ретте Алматыда газбен жүретін автобустарға арналып 200 орынға шақталған автопарк, электроавтобус құрастыратын зауыт, метро бекеттері салынып жатыр. Бұған дейін Алматыда 21 бағыт бойынша  тозығы жеткен автобустар жаңартылған еді. Жаңадан  №1 және №201 бағыттағы қоғамдық көлік те пайдалануға берілді. Сондай-ақ, шаһарда №137 қоғамдық көлік қайтадан іске қосылды. Алматыда былтыр жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке компания бұл бағыттағы автобусты шығармай тастаған еді. Енді жолаушыларды су жаңа көлік тасымалдайтын болады. Одан өзге интервал жиілей түседі. Жаңа автобустардың барлығы Еуро-5 талаптарына сай. Қоғамдық көлік желдеткіштермен, бейнебақылау камераларымен және пандустармен жабдықталған. «Біз көлік реформасын екі жарым жылдан бері жүргізудеміз. Кез келген реформаның өз қиындығы болады, қазір транспорт жүйесі жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Ең бастысы – көлік жүйесі нарыққа сай жұмыс істеп жатыр. Тасымалдаумен айналысатын компания, парктер жаңа автобус сатып алғанда, оларға мемлекет 7 млрд теңге субсидия бөледі. Оған қоса, жеңілдікпен жүретін азаматтар шығынын өтеу үшін қосымша 4 млрд теңге қаржы қарастырылған. Тасымалдаушыларға осылайша қолдау көрсетіледі. Біздің басты мақсатымыз – сапаны жақсарту. Бюджеттен жалпы 11 млрд теңге бөлінеді», – дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек. «Smart Сity» концепциясының «жайлы қала» бағыты бойынша шаһарда жүргіншілер жолын жаңарту да қарқын алған.  Жалпы қалада 34 көше тораптары түрленеді. Биыл Абай, Назарбаев және Абылайхан даңғылдарында құрылыс жұмысы басталды. Әлемдік талаптарға сай, жаяу жүретін адамдарға арнап, тиісті жағдай жасалады. Көшелерді өзгертуде өткен жылы келбеті өзгерген Панфилов көшесі негізге алынады.  Қала көшелерінде жүргіншілер жолына басымдық берілумен қатар, арнайы алаңдар бой көтереді. Атап өткенде, балаларға арналған, спорттық және демалатын орындар салынады. Оған қоса, ғимараттардың сыртқы келбеті өзгертіледі. Яғни, олар бір түске боялады. Сауда орындарындағы тақтайшалар ауыстырылады. Алматы көшелеріндегі тротуарлар қалпына келтіріліп, жүргінші жолына кедергі келтіретін заңсыз құрылыстар алынады. «Smart Сity» концепциясының арқасында Алматының саябақтарына да сән кірді. Қала басшысы Бауыржан Байбек «Южный» саябағының жобасына өзгеріс енгізіп, соңғы тенденциялар мен тұрғындардың пікірін ескеруді тапсырған болатын. Ең бастысы – жасыл желек қоры бәз қалпында сақталады. Жаңартылған саябақ бес аумақтан тұратын болады. Олар: спорттық орталық, ойын алаңы, техникалық және еркін демалыс аймағы. Сонымен қатар, үй жануарларын қыдыртатын орын да қарастырылмақ. Саябақты жобалауға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.  Алайда қала басшысының тапсырмасымен қаржыны оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жөндеуден өтуге тиіс 15 бақтың  бесеуі биыл жаңа кейіпке енеді. «Южный» саябағымен қатар, биыл тағы 5 саябаққа жөндеу жұмыстарын жүргізіледі. Қараша айының соңына дейін барлығы аяқталуы тиіс. Бір айта кетерлігі, жөндеу жұмыстары барысында тұрғындарға ешқандай қолайсыздық келмейді. Емін-еркін демалуларына болады. Сонымен бірге, «Smart Сity» концепциясының тұрғындарға арналған қолжетімді сервис сынды бағыты бар. Бұл бағыт бойынша пәтер иелері кооперативтерінің онлайн режимде жұмыс істеуі, жылу және су магистральдарындағы ысырап мониторингіне арналған ІoT датчиктерін қолдану жүзеге асырылмақ. Осы ретте «Электронды ПИК» қосымшасының іск қосылатынын айта кеткен абзал. Аталмыш қосымша арқылы әр тұрғын шығын көрсеткіштерін, үйді күтіп-ұстауға қажетті қаражатты біліп, кооператив жетекшілерімен үйден шықпай-ақ байланысуға болады. Яғни, әр тұрғын электронды түрде өтініш беріп, электронды түрде дауыс беріп, тіпті, ПИК есебімен де таныса алады. Бұл тұрғын үйлерге қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Айта кетейік, бұл қосымша арқылы әр пәтер иелері кооперативінің қызметі жіті бақыланады.