Аналар аман болмаса, Алаш аман болмайды

Аналар аман болмаса, Алаш аман болмайды

Аналар аман болмаса, Алаш аман болмайды
ашық дереккөзі
Халық санын арттыру – мемлекеттік саясаттың бір тетігі. Ал демографиялық ахуалды жақсартуда ана мен бала денсаулығының маңызы жоғары. Адамзаттың ұрпағын жалғастырушы ана мен жарық дүние есігін енді ғана ашқан бейкүнә нәрестенің өмірі мен денсаулығын басты назарда ұстайтынымыздың себебі сол. Бірақ денсаулық сақтау саласындағы шешілмеген екі мәселе болса, соның бірі – жүкті аналар мен жаңа туған нәрестелер өлімінің азаймай отырғаны. Өкінішке қарай, бүгінде елімізде аналар өлімі көбейіп отыр. Мұны Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі растады. Министрдің айтуынша, жас аналардың өліміне көбінесе ауыр патология себеп болады.

Статистикалық деректер тұрақты емес

Бүгінде күн тәртібіндегі басты мәселе – халықтың санын арттырып, саналы ұлт ұрпағын көбейту. Бұл үдеден шығу үшін дені сау ұрпақты өмірге әкеліп, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру қажет. Әлбетте, демографиялық ахуалды жақсартуда ана мен баланың денсаулығы маңызды рөл атқарады. Сол себепті, ана мен баланың денсаулығын жақсарту мақсатында соңғы жылдары көптеген перзентхана, әйелдер мен балалар консультациялары, жүкті әйелдер мен балалы әйелдер үшін демалыс орындары салынуда. Бүгінде еліміздің медицина саласында ана мен бала өлімін азайту жолға қойылса да, түйінді толық тарқату мүмкін болмай тұр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, аналар өліміне қатысты статистика тұрақты емес. «Өкінішке қарай, бүгінде республика бойынша аналар өлімі көбейіп отыр. Енді аталған көрсеткіш бірде жоғары, бірде төмен болып жатады. Аналар өліміне себеп болатын жағдай көп. Бұның барлығы жан-жақты зерттеледі. Дегенмен бұған дейінгі жағдайларды алатын болсақ, талдаудың нәтижелері ауыр патологияның болғанын көрсетіп отыр. Ал ондай патологиялар болғанда бала көтеруге болмайды. Дегенмен әйелдер оған қарамайды. Ал жүкті болғаннан кейін ауруханаға дұрыс қаралмайды…», – дейді министр. 1990 жылғы ана өлімі туралы ақпаратты Статистика комитеті сайтының 2001 жылғы «Қазақстандағы әйел мен ер азаматтар» жинағынан таптық. Онда соңғы 10 жылдағы статистикалық мәліметтер келтірілген. Жинаққа сенсек, 1990 жылғы ана өлімінің коэфициенті 100 000 тірі туған балаға 55,0-ді көрсеткен. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылдың 3 наурызындағы кеңейтілген отырыста баяндаған сараптамалық материалында 2015-2016 жылдардағы ананың да, баланың да өліміне қатысты мәліметтер келтірілген. Сол мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы ана өлімі 1,6 пайызға өсіп, 100 мың тірі туған балаға 12,7-ні көрсетсе, 2015 жылы 12,5 пайыз болған. Ресми деректерге иек артсақ, республика бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында ана мен бала өлімі өршіп тұр. Шығыс Қазақстан өңірінде ана өлімі республикалық деңгейден 53 пайызға, Қостанай облысында нәресте өлімі 31 пайызға, ал Павлодар облысында қатерлі ісіктен көз жұматындар саны 56 пайызға артқан.

 4 ананың өліміне не себеп болды?

Әйелдердің денсаулығын жақсарту – демографиялық саясаттың басым бағыты. Тек сау ана ғана дүниеге дені сау бала әкеледі және сау бала ғана болашақта дені сау ата-ана бола алады. Алайда соңғы уақытта Астана қаласындағы №1 перинаталдық орталықта орын алған жағдайлар жұрттың жағасын ұстатты. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш орталықта жаңа босанған үш әйел қайтыс болған. Бірінші жағдай 21 маусымда болса, екіншісі – 25 маусымда, ал соңғысы – 3 шілдеде тіркелді. Осы оқиғалардан кейін денсаулық сақтау басқармасы босандыру бөлімін уақытша жабуға шешім қабылдаған. Олардың өлімінің себебі әбден зерттеліп біткеннен кейін ғана жарияланбақ. Біртанов үш ананың өліміне қатысты мәліметтер тергеу аяқталысымен жария етілетінін атап өтті. Перинаталдық орталықта  жыл сайын 12 мың әйел босанып, 5 мың күрделі ота жасалса да, соңғы жылдары мұндай жағдай болмаған. Соңғы екі аптадағы қайғылы жағдайды тәуелсіз сарапшылар да, тиісті органдар да тексеріп жатыр. Сондықтан әзірге мұнда әйелдерді босандыру ісі тоқтатылды. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Астанадағы №1 перинаталдық орталықта бала үстінде қайтыс болған үш әйелдің өліміне қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуді мақсат етіп отыр. Бұдан бөлек жағдайдың анық-қанығын нақтылау үшін тамыз айында Израильден бір топ профессор келмек. «Қайғылы жағдайдың себебін білуге біз де құлықтымыз. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жүгініп отырмыз. Олар сарапшыларын жіберіп, тағы да тәуелсіз тергеу жүргізген соң өз ұсыныстарын айтатын болады. Дегенмен кез келген ота, жалпы жүктіліктің өзі қауіп пен тәуекелден тұратынын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан, меніңше, бұған төтенше жағдай деп қараудың қажеті жоқ сияқты. Медицинада барлығы дәрігердің қолында емес», – дейді Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров. Аналар өліміне қатысты арнайы комиссия құрылып, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ол үшін тіпті перинаталдық орталықта жүкті әйелдерді босандыру тоқтатылған болатын. Бірақ санитарлық-эпидемиологиялық заңсыздықтар анықталмаған соң қызметін қайта жалғастырды. Айта кетейік, соңғы екі жылда бұл орталықта бір де бір ана өлімі тіркелмеген көрінеді. Дәл осындай жағдай жыл басында Ақтөбедегі облыстық ауруханада тіркелген болатын. Қаңтар айының соңында сәбиін дүниеге әкелген жас ана бірнеше күннен кейін көз жұмған. Республикалық комиссия тексеріс кезінде ана өліміне дәрігерлердің қатысы бар екенін анықтады. Осы оқиғадан соң бірнеше дәрігер жазаланып, қызметінен төмендетілді. «Перзентханаға түскен кезде әйелдің жағдайы бірқалыпты болды. Алайда босанғаннан кейін оның жағдайы күрт нашарлап кетті. Өйткені босану кезінде оның иммунитеті әлсіреп, инфекция күшейіп кетуі мүмкін. Алайда дәрігерлер асқынуды кеш анықтады. Дер кезінде ота жасаған жағдайда жас ананың өмірін сақтап қалу мүмкін еді. Дәрігерлердің кінәсі осында. Осы оқиғадан соң республикалық деңгейдегі комиссия келіп, ауру тарихы талданды. Босану қызметіне жауапты бас дәрігердің орынбасары жұмысынан босатылып, лауазымы төмендетілді. Ал басқа дәрігерлерге тәртіптік шара қолданылды», – деп түсіндірді жағдайды Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Бұл жағдайлар елімізде ана мен балаға әлі де қамқорлық керек екенін байқатқан сыңайлы.

Сәбилер өлімі – өзекті мәселе

Қазіргі таңда Қазақстанда бір жасқа дейінгі балалар өлімі бірнеше себепке байланысты өте өзекті мәселеге айналуда. Еліміздің жер көлемінің үлкендігіне қарамастан, онда тұратын халық санының аздығын ескерсек, еліміздің келешегіне әрбір жүктілік пен дүниеге келетін барлық баланың өмірін аман алып қалу өте маңызды. Бір жасқа дейінгі балалар өліміне перинаталды кезеңде пайда болатын жағдайлар, тыныс жолдарының қабынуы, оның ішінде пневмония мен туа пайда болатын ақаулар себеп болады. Ал балалар өлімінің себептеріне тыныс жолдарының қабынуы, оның ішінде пневмония, жарақаттар мен күйік және жедел ішек инфек-циялары жатады. Медицина мамандарының зерттеуі бойынша, сәбилер өлімінің кем дегенде 70 пайызы медицинаға тәуелді екендігі байқалады. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі демографиялық ахуал күрт төмендеп кеткені белгілі. Соның нәтижесінде халықтың жалпы өлімі ұлғайып, бала туу деңгейі азайды. Елімізде 1991 мен 2000 жылға дейінгі аралықта тірі туған 1000 балаға шаққандағы сәбилер өлімі 1991-1995 жылдары тым жоғары деңгейде болып, содан кейінгі жылдарда біртіндеп төмендей бастады. Десек те, көршілес Ресей, Беларусь елдеріне және Украинаға қарағанда біздің еліміздегі сәбилер өлімінің көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде. Соған байланысты бүгінгі күні біздің елімізде сәбилер өлімін азайту өте өзекті мәселеге айналып отыр.

Денсаулықты күту – әр адамның өз міндеті

Ана мен бала өлімінің негізгі себебі – әйел денсаулығында болатын кінәраттар, жүктілік немесе жүктілік кезінде пайда болған әртүрлі аурулар. Жалпы, медицинада ана өлімінің себептері акушерлік немесе акушерлік емес деп екіге бөлінеді. Сонымен қатар, ана мен бала өліміне жедел медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың дұрыс жолға қойылмауы да себеп. Сәбилер өлімі, оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар өлімі еліміздің денсаулық сақтау саласының өте маңызды көрсеткіші ретінде халық денсаулығы мен оған көрсетілетін медициналық көмектің сапасын сипаттайтын 12 индикаторлық жүйенің қатарына енеді. Бұл ұлт денсаулығының жағдайын бағалауға және болжауға көмектеседі. Бүгінде денсаулық сақтау саласында ана мен бала денсаулығын жақсарту, олардың өлімін тежеу мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынып, жұмыс жасалу үстінде. 2013 жылы Үкімет елімізде ана мен бала өлімін төтенше жағдай ретінде қарастыру туралы ұсыныс айтып, әрбір өңірге ана мен бала өлімін төмендетуге мүмкіндік беретін іс-шараларды тыңғылықты атқаруға тапсырма берген еді. Бірақ... Бүгінгі күні ана мен баланың денсаулығы көңіл көншітпей тұр емес пе? Медицина дамыған бүгінгі заманда ана мен бала өлімінің тіркелгені қалай? Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін мемлекет аналарға жағдай жасап, ал ата-ана мен дәрігерлер өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруға тиіс. P.S. Денсаулықты күту – әр адамның өз міндеті. Әр ана болашақ сәбиінің дүниеге сау болып келуін қаласа, өз денсаулығына немкетті қарамауы керек. Нәрестелі болуға ниеттенген аналар болашақ сәбиінің денсаулығына баса мән беруі тиіс емес пе? Жан-жақты жауапкершілік қана ана мен бала өлімінің алдын алуға ықпал етпек.