Елімізде жыл басынан бері қанша босанған әйел көз жұмды

Елімізде жыл басынан бері қанша босанған әйел көз жұмды

Елімізде жыл басынан бері қанша босанған әйел көз жұмды
ашық дереккөзі
Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау мингистрі Елжан Біртанов Қазақстандағы ана өлімі жағдайы туралы мәлімдеме жасады. «Өкінішке қарай, алғашқы жарты жылдықта босануға дейін және босанғаннан кейін ана өлімі көбейіп, былтырғы деңгейден артты. Өңірлер арасында басқа жылдарға қарағанда көп жағдай тіркелді. Қазіргі таңда әрбір жағдайға қатысты Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тергеу жүргізіп жатыр», - деді министр. Ол жыл басынан бері республика бойынша қанша ана өлімі жағдайы тіркелгенін айтты. «Ел бойынша 31 ана көз жұмды. Жыл сайын республикамызда 50-60 әйел көз жұмады. Бұл ресми статистика бар, одан бөлек жыл сайын құпиялық аудиттер жүргіземіз, яғни басқа диагноз бойынша тіркелгендерді тексереміз. Құпиялық аудит есебімен ана өлімі 100 мың жаңа босанған әйелдер арасында орта есеппен 14-15 әйелді құрайды», - деді Біртанов баспасөз мәслихатында. Біртанов ана өлімі себебін екі негізгі топқа бөліп көрсетті. «Бірінші – тікелей босану жағдайына, екіншісі – жарақат, тамақтан улану секілді жүктілікке қатысы жоқ жағдайға байланысты. Өлімнің көбеюі әйелдердің денсаулығына да байланысты болып отыр. Өкінішке қарай, жылына әйелдердің 20%-і кеш есепке тұрады. Сондықтан оларды бақылау қиын. Көз жұмғандар арасында бұл көрсеткіш 50-60%-ке дейін жетеді. Яғни, көз жұмған әйелдердің көп бөлігі есепке уақытында тұрмағандар», - деді Денсаулық сақтау министрі. Бұдан бөлек, медициналық қызметкерлердің әйелдерді жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі стандарттармен қалай қарағаны да маңызды болып отырғанын айтты. «Бүгін біз Премьер-министрге жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау басқармалары тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі секілді ұйымдастыру мәселелерін баяндадық. Өңірлерде осыған жауап беретін басшылар тапшы, олар жұмыстан шығып кеткен. 8 өңірде орынбасарлар жоқ. Кадрлар тапшылығын айтар болсақ, аймақтарда 340 акушер-гинеколог жетпейді. Сол себепті әкімдіктерге мамандар алып, олардың білімін жетілдіру жөнінде іс-шараларды күшейту қажет екенін айттық», - деді ведомство басшысы.