12 Шілде 2018, 15:57 416 0 Спорт Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Аңызға айналған веложарыс

2018 жылдың 7 - 29 шілде аралығында Франция және Испанияда өткізіліп отырған «Тур де Франстың» алғашқы төрт кезеңі аяқталды. Төртінші кезеңнің жеңімпазы болып Quick-Step Floors командасының құрамындағы колумбиялық Фернандо Гавирия танылды. Бұл кезеңде «Astana» командасының капитаны Якоб Фульсанг жарақат алғанына қарамастан, жарысты жалғастырған. Нәтижесінде дат спортшысы мәреге 52-ші болып жетті. Бұған дейін «Astana» велокомандасының шабандозы Луис Леон Санчес жарыстың екінші кезеңінде жарақат алып, жарыстан шыққан болатын. Ал осы кезең бойынша «Astana» өкілдерінің ең жоғары нәтижесі испандық Офар Фрилеге тиесілі, ол төртінші кезеңді 22-орында түйіндеді.

Әртүрлі стартпен басталған командалық бәсекенің үшінші кезеңін «Astana» велошабандоздары сегізінші орынмен аяқтаған болатын.

Жарыс 21 кезеңнен тұрады. Әрбір кезең бір күнге созылады, әр жарысушы кезеңді аяқтағанда оның сол кезеңдік уақыты тіркеліп, жалпы уақытына қосылады. Биылғы қашықтық 3329 шақырымды құрайды. Ескере кететін қызықты жайт, ең ұзақ қашықтықты тур 1926 жылы өткізілген, ол 5745 шақырымды құраған. Бір де бір кезеңде жеңіске жетпей-ақ, барлық турды жалпы уақыт қорытындысы бойынша жеңіспен аяқтау мүмкіндігі бар. Мұндай көрсеткішке 1990 жылы АҚШ-тың кәсіби велошабандозы Грег Лемонд, ал 2017 жылы британдық Крис Фрум қол жеткізген.

«Тур де Франстың» төртінші кезеңінен кейін есеп бойынша топ басына BMC командасының бельгиялық спортшысы Грег Ван Авермат, одан кейінгі орынға оның американдық командаласы Тиджи ван Гардерен, ал үшінші орынға Sky Sky командасының өкілі британдық Жерант Томас орналасты. «Astana» веложүргізушілерінің ішінен ең жоғары орынды Фульсанг сақтап қалды, ол жалпы есепте 13-орында.

Ұзындығы 204,5 шақырымды құрайтын «Тур де Франстың» бесінші кезеңі 11 шілдеде өтеді.

Биыл жарысқа 176 велашабандоздан құралған 22 команда қатысып отыр. Францияның солтүстігінде орналасқан Нуармутье курорттық аймағынан басталған жарыс 29 шілдеде Париждің Елисей алаңында өз мәресіне жетпек.

Соңғы жаңалықтар