Думан Нағашыбекұлы: Мал бағуды ар санайтындар көп

Думан Нағашыбекұлы: Мал бағуды ар санайтындар көп

Думан Нағашыбекұлы: Мал бағуды ар санайтындар көп
ашық дереккөзі
– Думан мырза, «Қалмақ малдары» палатасы қашан және қандай мақсатта құрылды? Бұл палатаның шаруа қожалықтарына берер көмегі бар ма? – Қоғамдық бірлестік 2012 жылы шаруалардың бастамасымен құрылды. Қазір палатада 22 шаруа қожалығы тіркелген. Негізінен қарапайым шаруалардың мүшелік жарнасы арқылы ісін ілгерілетіп отырған мекеме. Қазір герефорд, ангус тұқымдары сияқты, Америка, Австралия, Канада елдерінен әкелген асыл тұқымды малдар қазақтың өрісін жайлап жатқан жайы бар. Жасыратыны жоқ, шетелден асыл тұқымды мал басын өрісімізге әкелушілердің дені осы уақытқа дейін шетелден келген малдың қазақы ортаны жерсінуіне оншалықты бас ауыртқан жоқ. Білесіз бе, жекешелендіру саясаты басталған тұста біз асыл тұқымды мал басын өсіруді сауатты жүйелей алмадық. Нәтижесінде мал басы көбеюдің орнына кеміп, өнімдері сапасыз, етке өткізуге салмақтары кем болып, істің нәтижесі көңіл көншітпеді. Осыдан кейін шетелден асыл тұқымды мал әкелу ісіне басымдық берілді. Алайда оларды жеткізу барысында түрлі кілтипан туындады. Мұның барлығы сол кезде түйткілді жете түсінбей, дұрыс таразылай алмаудың салдарынан пайда болған жайттар еді. Байқауымша, көпшілік шетелден мал әкелудің жағымсыз жақтарын ғана көретін сияқты. Ал шын мәнінде, біздің елімізге тек мал әкелінген жоқ, малмен қоса оны бағып, баптау бойынша әлемдік тәжірибе мен мал өсірудегі озық технологиялар трансформациясы бірге келді. Сондықтан біз әу баста еліміздің ауа райы қандай ірі қара малды өсіруге мүмкіндік береді деген сауалға жауап іздедік. Зерттеп, таразылай келе, қазақтың қақаған қысына, аптап ыстығына төзімді текті малдың көбісі қалмақ тұқымы екеніне көз жеткіздік. Оның үстіне Үкімет 2016 жылы елдегі ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлағаны бар, биыл «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдағаны тағы белгілі. Мұндай жағдайда әрине, етті малды өсіру үрдісін жетілдірген абзал. Сондықтан атмосфералық төзімділігі жағынан алып қарасақ та, еттілігі, яғни өнім беру жағынан алсақ та қалмақ малы тұқымын өсіру әлдеқайда тиімді болып тұр. Осы жайттарды ескере келе, шама-шарқымыз келгенше арнайы республикалық палата құрып, шаруаларға қолұшын беруді ойластырдық. Біраз шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатып, оларға өздері өсіргісі келетін мал тұқымдары жайлы кеңінен ақпарат беріп, шетелден мал басын қалай және қай жерден алудың тиімділігін түсіндіріп, заңдық кеңестер тұрғысынан ақыл-кеңес қосып, септігімізді тигізіп жатқан жайымыз бар. – Сонда бізге тек қалмақ малының тұқымын өсіру тиімді ме? Қалмақ малы – асыл тұқымды малдың кең тараған түрі. Бұл біздің жайылымдық жерлерге бейімделген. Ал негізінде біздің ата-бабамыз ірі қараны, соның ішінде сиыр малын көп өсірмеген. Себебі біздің жер жағдайымыз оған бейім емес, қолайсыз. Жыл он екі ай өріске жаятын ұсақ мал мен жылқыны бақты. Барлық жайылым жерлердің 70 пайызға жуығын құрайтын далалы, шөлейтті жайылым жерлердің үлкен көлемі негізінен жылқы және қой шаруашылығына ғана тиесілі болды. Десе де, ХVІІІ ғасырдың 50-жылдарынан бастап Петербор базарларында қырғыз малының еті деген атпен қазақ сиырларына сұраныс арта бастады. Оған 1780 жылы орыс ғылым академиясының қазақ жерлеріндегі қырғыз малдарына жүргізген зерттеу жұмыстары куә. Кейінгі тарихымызда да қазақ даласының Кеңестік армияны етпен қамтамасыз еткенін білеміз. Осылай Мөңке бабамыз айтқан «...Жаман сиыр пұл болар...» деген заманына да келіп жеттік. Бүгінгі күні сиыр етін импорттаушы мемлекеттердің саны артуда. Қазақстан үкіметі де соңғы онжылдықта осы салаға басымдық беріп келеді. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы» алдына үлкен мақсат қойып отыр. Меңінше, қалмақ асыл тұқымды малы осы мақсат үшін ең лайықты ірі қара. Жергілікті жер жағдайларына жақсы бейімделген, тез жетілетін мал және жайылымда көп салмақ қосады. – Қазір қалмақ асыл тұқымды малының саны қанша басқа жетті? Палата алғаш құрылған 2012 жылдары қалмақ малының тұқымы болмаған еді. Тіпті, 70 басқа тарта галловей малдарынан басқа бірде бір асыл тұқымды мал басы тіркелмеген-ді. Қазір қалмақ асыл тұқымды малдың саны 4,5 мың басқа жетті. Жылдан жылға өсім артып отыр. Сондықтан осы малдарға қандай да бір қатысы бар, шаруашылықта осы мал түрімен айналысып жүрген қожалықтарды аралап, ғылыми тұрғыда зерттеген ғалымдармен пікірлесіп, қызығушылық танытқан адамдарды топтастырып, қоғамда ой-пікір қалыптастыру арқылы жұмысқа қызу кірісіп кеттік. – Палата құрамындағы шаруа қожалықтары қандай түйткілмен бетпе-бет келуде? – Қазақстан ет одағының мәліметі бойынша, елімізде 180 млн гектар жайылым жер бар. Соның 55 миллионы ғана қолданыста екен. Оның 70 пайызға жуығы шөлейт, далалы жерлер. Бұл қалмақ малына қолайлы болғандықтан, басқа тұқымдармен салыстырғанда Қазақстанның кейбір өңірінде оның өсіп-өнуіне мүмкіндіктер мол. Әсіресе, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарындағы мал шаруашылығымен айналысатындар үшін таптырмас мал тұқымы болып табылады. Жалпы, мал бағып, одан пайда көру – кез келгенге бұйырмаған бақ. Біреу кәсіпті алып кетеді, біреу жүргізе алмайды. Малмен айналысатын адам – оның бүкіл жағдайын, қиындығын біледі. Басты мәселе – жұмыс күші. Мал бағатын маман тапшы. Бұл адам жоқ деген сөз емес, еліміздегі мал өсіруге деген көзқарастың дұрыс еместігі. Қазір мал бағуды ар санайтындар көп. Көбі атакәсіп ретінде емес, төменгі деңгейдегі кәсіп деп қарайды. Жалпақ жұртқа белгілі, шетелде фермерлер мал өсіру ісімен айналысатындығын мақтан тұтады. Олар сол кәсібі арқылы өздерін абыройлы маман иесі санайды. Және мұнда ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойған. Біздің де елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты қабылданған бағдарламалар фермерлердің деңгейін, беделін көтеруге атсалысады деп сенемін. Сондай-ақ, жұмыс күшінің тапшылығын – мал шаруашылығында жаңа технологиялардың жылдамдатып енуіне негізгі қозғаушы күш ретінде қарастыруға болады. Яғни, бұрынғы көшіп-қонып жүретін кез артта қалып, мал бағу технологиясы қазіргі америкалық жаңа технологияға қарай ойысуда. Демек, қоршалған жайылымдық жерлерде бір фермердің өзі 500 бас малды күтіп бағуға мүмкіндік алады. Яғни, малдың ветеринарлық талаптарына сай болуына қажетті құрал-жабдық, сондай-ақ, желдің күші арқылы қуат алып, жайылымдағы малды күнделікті сумен қамтамасыз ететін құрылғы бар. Мысалы, мал қоршалған жайылымдық жерде ешбір малшының көмегінсіз-ақ өзіне қажетті жем-шөпті жей алады. Бұл да бір жаңашылдыққа мүмкіндік беретін технология. Екінші мәселе – жер мәселесі. Қазіргі таңда Жер кодексіне мораторий жариялануы, жердің нарықтық айналысқа енбеуі көптеген шаруалардың аяғына тұсау болып, жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Жер қашан нарықтық айналымға енсе, сол кезде шаруалардың да жері кеңейіп, тынысы ашыла түсер еді. Қысқасы, ауыл шаруашылығының қарыштап дамуына бірден-бір қажетті дүние – жер. Қаншама жер біреулердің атында тіркеліп, тиісті деңгейде пайдаланылмауда. Ал нақты жермен жұмыс істегісі келетіндер үшін жер алу тетігі дұрыс қарастырылмаған. Осы мәселені Үкімет дер кезінде шешіп берсе, жер арқылы нәсібін табам деген шаруаларға әрі жұмыс, әрі кәсіп болар еді. – Үкімет елдегі ет өндірісін, ет экспортын ұлғайту бағытында біраз бағдарламаларды тәжірибеге енгізді. Сіз маман ретінде мұндай бағдарламалардың ұтымды немесе ұтымсыз тұстарын қалай жіктер едіңіз? Ал биыл талқыға салынып, қабылданған «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасынан» не күтесіз? – Мал шаруашылығы отандық экономикаға тың серпін беретін елеулі күш. Соңғы жылдары осы салаға жан бітіп, тамырына қан жүгірді. Рас, Үкімет ет өнімін, өндірісін, экспортының әлеуетін көтеру тұрғысында дүркін-дүркін бағдарламалар легін қабылдады. Нақтылап айта кетерлігі, осыған дейінгі бағдарламаларда біз ауыл шаруашылығы өндірісін жетілдіру мақсатында агросаясатқа бизнесті араластырып келдік. Бұл дегеніңіз – қолында қаржысы бар кәсіпкерге агроөндіріске кірігуге; салаға инвестиция құюға; одан қалағанынша өнім өндіруге мүмкіндік беріліп келді де кейбір бағдарламалар бойынша берілетін жеңілдіктердің нағыз шаруаларға жетпей келді. Қарапайым фермер мемлекеттік көмекке, субсидия мен дотацияға зәру болып қалды. Мұндай әрекеттерді қалыптастыру арқылы біз нағыз шаруаның емес, миллиардтаған инвестициясы бар, қаржыларын мұнайға да салып, алтынға да, уранға да ақшасын құйып, сол саладан пайда көзін таба отырып, қосымша агросаясатқа да араласып жатқан бай манаптарға қолдау көрсетіп келдік. Ал бүгінгі бағдарламада нағыз шаруа адамына қолдау көрсетіліп, оған арнайы басымдық беріліп отыр. Етті мал шаруашылығын дамытудағы ұлттық бағдарламаның жұмыс істеуіне республикалық палаталар, қоғамдық бірлестіктер, қауымдастықтар жұдырықтай жұмылып атсалысу қажет. Мал өсіру еріккеннің ісі емес, бұл ретте ортанқол шаруаларды қолдауымыз керек. Ортанқол шаруаның бойында қайраты бар, бірақ қолында қаржысы жоқ. Оларға қаржы берсең шаруаны дөңгелетіп-ақ жібереді. Сондықтан осы мәселе назардан тыс қалмауы керек. Қазіргі күні агросаясатта ұстанатын басты мәселе – ортанқол шаруаның көңілін ортайтпай, оларға барынша жағдай жасау. Әйтпесе, ауылды ауыл етіп отырған қарапайым тұрғындар да қолын бір сілтеп, қалаға үдере көшіп кетпейтініне кім кепіл? Бір қуанарлығы, «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасының» ерекшелігі – мұнда еңбек бөлінісі дұрыс жолға қойылған. Мысалы, мал өсіру бөлек, оны бордақылау басқа категория. Мәселен, фермерлер ірі қараны өсіріп, бұзауы 7-8 айлық болғанда ажыратады. Сосын оны бордақылап, ет комбинаттарына өткізеді. Қазір малды тірідей көп сата бермейді. Сондықтан жаңа бағдарлама шаруаның басына үйіп-төгілген істі жеңілдете түспек. Бұрын мұның бәрі шаруа үшін үлкен түйткілге айналған еді. Үкімет шаруаға қажет емес көп қызметті бөліп тастады. Сөйтіп, еліміз 100 мыңнан аса фермерлік шаруа қожалықтарын құруға кірісіп кетті. Бұл – құптарлық іс. – Кәсібін мал өсіруден бастағандар мемлекет ұсынған көмекті алып отыр ма? Ірі қара малды дамытуға орай мемлекет тарапынан көмек көп. Қазір нақты мал шаруашылығын қолдауға субсидия немесе жеңілдетілген несие көптеп берілуде. Бұл жұмыс істеймін деген жұрттың бәріне қолжетімді. Демек, «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша шаруа қожалығын құрып, етті бағыттағы кәсіпті өркендетемін деген шаруаларға мүмкіндік мол. Бүгінде ақпарат жеткілікті, жариялы түрде ашық. Министрліктің сайттарында, әлеуметтік желілерде күн сайын жарияланып тұр. Бірақ көпшілік халық біле бермейді. Меніңше, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекті жергілікті басшылық тарапынан түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізілуі тиіс. Демек, халықты шынайы ақпаратты іздеп жүріп оқитын деңгейге жеткізу керек. – Әлгінде бір сөзіңізде «мал бағуды ар санайтындар көп» деп қалдыңыз. Қазіргі кезде де мал өсіріп, кәсіптің көзін табуға болатынын сіздер айтпағанда, кім айтады? – Ең бірінші, сананы сол түсініктен арылту қажет. Мал – баққанға ғана бітеді. Оған да адам бар күш-жігерін салуы керек. Атакәсіпті жаңа заманауи технологиялармен ұштастыра отырып, үлкен жетістіктерге жетуге болады. Мал шаруашылығы кәсібімен айналысқан еңбек адамдарын бағалап, мақтан ету қажет. «Оқымаған адам ғана мал бағады» деген стереотипті бұзу керек. Мал шаруашылығымен нақты дала академиктері айналысады. Үкімет тарапынан қабылданып, іске қосылған осы бағдарламада ауыл шаруашылығын дамытуға, дәлірегінде мал бағушылардың кәсіптік деңгейін көтеруге күш салынуда. Жыл өткен сайын атакәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібе айырған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бір өкініштісі, бұл салаға жастардың келуі сирек. Олар мал бағып-ақ, баюға болатынына сенбейді. Қазіргі жастардың көбі ауылдан қалаға қашады да тұрады. Одан да мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекті алып, ірі қара өсіруге білек сыбана кіріссе, бұл жастардың әлеуметтік жағдайының оңалуына септігін тигізер ме еді, кім білсін? Өзім барған жерімде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, соның ішінде мал шаруашылығын жандандыру ісіне жастарды тарту керектігін үнемі айтып жүремін. Біразына мәлімет болсын деп, тәжірибеммен бөлістім де. Әрине, жастар жағынан қызығушылық бар. Бірақ олардың бойында сенімсіздік пен қорқыныш бар. Егер «Тәуекел түбі – жел қайық» деп, іске кірісіп кетсе, еңбек нәтижесін береді. Біз де өз тарапымыздан кеңес беріп, қолдау көрсетуге әзірміз. – Ал өзіңіз асыл тұқымды мал өсірумен айналысасыз ба? «Ауыл механизаторы» шаруа қожалығының басшысы ретінде толықтай ірі қара өсіруге ойыстық. Қазір бізде қалмақ малдары да, герефорд малы да бар. 300 бас қалмақ малын Ресейден, 200 бас герефорд малын Даниядан әкелдік. Бүгінде асыл тұқымды мал түрін өсіріп, басқа шаруа қожалықтарына сатамыз. – Әңгімеңізге рахмет! Кәсібіңіз өрге жүзе берсін!  

Әңгімелескен  Динара Мыңжасарқызы