6 МЫҢ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ АТБЕГІЛЕР

6 МЫҢ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ АТБЕГІЛЕР

6 МЫҢ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ АТБЕГІЛЕР
ашық дереккөзі
Ежелгі Ботай мәдениетін таныстыратын ашық аспан астындағы музей шымылдығын түрді. Қазақтың көрікті аймағы – Бурабайда орналасқан музей «Ботай-Бурабай» атауын иемденген. «Ботай-Бурабай» музейі келушілерге тегін қызмет көрсетеді. Мұнда осыдан 6 мың жыл бұрын болған Ботай мәдениеті қонысының көшірмесін тамашалауға мүмкіндік бар. Бұл қоныс Бурабайдағы Жекебатыр тауының етегінде орналасқан. Музей 7 бөлікке бөлініпті, оның әрбірінің өзіндік орны бар. Әр бөлік бір-бірімен жер асты өткелдері арқылы жалғасып жатыр. Музейдегі әр бөлмеге археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған Ботай мәдениетіне тиесілі жәдігерлер, сол дәуірде пайдаланылған тұрмыстық заттар орналастырылған. Музей жобасының авторлары алдағы уақытта мұндағы жәдігерлер санының артатынын айтады. Өйткені Көкшетау қаласының маңындағы Красный Яр елді мекенінен Ботай мәдениетіне тиесілі қалашықтың орны табылып отыр. «Осыдан 6 мың жыл бұрынғы адамдар, яғни атбегілер осындай қоныстарда тұрған. Ең қызығы, олар осы қоныстардың үлгісін әлемнің көптеген жеріне таратқан. Оған мәселен, Шығыс және Орта Азия елдерінде, Ресей мен Украина, жалпы Еуразия кеңістігінде табылған дәл осындай археологиялық нысандар дәлел. Біз мұны ертедегі қонысқа барынша дәлме-дәл ұқсатуға тырыстық», – дейді «Ботай-Бурабай» музейі жобасының авторы Виктор Зайберт. Жалпы, Ботай мәдениеті жылқыны қолға үйреткен адамдар ретінде әлемге танымал. Олардың алғашқы қоныстары осыдан 35 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының аумағынан табылған. Бұған дейін елімізде жылқының шығу тарихын зерттейтін әлемдік ғылыми фильм түсірілген болатын. Бұл қоныс – сол жобадан кейін туындаған идея.