Экономикалық тиімділік – 40 млрд теңге

Экономикалық тиімділік – 40 млрд теңге

Экономикалық тиімділік – 40 млрд теңге
ашық дереккөзі
Агроөнеркәсіпті цифрландыру осы саланың серпінді дамуының кепілі болып табылады. Оны Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тағы да атап көрсеткен болатын. Осы арқылы агроөнеркәсіптік кешендегі экономикалық тиімділік 2025 жылға қарай шамамен 40 млрд теңгеге жетеді деген жоспар бар. Сонымен бірге цифрландыру ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаудың көлемін кемінде 2,5 есе арттыру жөніндегі міндетке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, «Қаскелең» агропаркі 6 ірі ғылыми институттар консорциумы негізінде 1630 гектар жерге жүгері, соя, жаздық бидай, арпа және сұранысқа ие басқа да дәнді дақылдарды  өсіріп-өндіру бойынша құрылған. Нақты егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндірістің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай элементтерге электронды жер картасы, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, жоғары ажыратымдылықтағы камералармен жабдықталған әртүрлі ұшақтарды пайдалана отырып аэрофототүсірілім жасау, космомониторинг, параллельді жүргізу жүйелерін пайдалану, қашықтан басқару және басқа да шешімдер жатады. Мұндай технологияларды енгізу ауыл шаруашылығында тәуекелдерді басқарудың жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік береді; телеметрия және қашықтан орайластыру жүйелері  қысқа уақыт ішінде үлкен аумақтардан әртүрлі мәліметтерді алуға және талдауға, технологиялық үдерістер мен операцияларды түзету бойынша уақтылы шешімдер қабылдауға жол ашып отыр. Мысалы, дифференциалды қолданудың арқасында тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау өнімдерін тиімді пайдалану, суару жүйесінде су мен энергия шығынын үнемдеу үшін суару режимдерін өзгерту, жүктің біркелкі бөлінуіне байланысты ауыл шаруашылық техникасының логистикасын жоспарлау және тиісінше, оның өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осының бәрі жоспарланған шығындарды 70 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік жасайды және нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырады. Министрлік тарапынан АӨК-ті дамытудың барлық негізгі бағыттары бойынша осындай біліктілік орталықтарын құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Университеттер, ҒЗИ мен тәжірибелік шаруашылықтар базасында осы технологияларды тиімді оқыту және тарату ұйымдастырылуда. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министр­лігі АӨК-ті ауқымды цифрландыру үшін АӨК-ті мемлекеттік реттеу жүйесін цифрландыру мен өндірістік саланы технологиялық қайта жарақтандыру жөніндегі екі үлкен тапсырманы қолға алған. Цифрландыру АӨК-ті мемлекеттік реттеудің төрт бағытын дамытудың маңызды құралы болып табылады, олар: АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігі, өткізу нарығын және экспортты дамыту, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі, су және биоресурстарды тиімді басқару. Аталған бағыттар бойынша АӨК-тегі 101 мемлекеттік қызмет көрсету мен оған байланысты процестер автоматтандырылатын болады. АӨК-ті цифрландыру бәсекеге қабілеттілікті және еңбек өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді.