12 Шілде, 14:51 628 0 Өнер Гүлбиғаш ОМАР

АЛТЫН АДАМ – ВВС ТЕЛЕАРНАСЫНДА

BBC World News редакциясы Астананың 20 жылдығына орай Қазақстан туралы деректі фильмді жарыққа шығарды. Шілденің 7-10 аралығында BBC Worlds News телеарнасында 23 минуттық «Legend of the Golden Man: Secrets of the Steppes» («Алтын Адам туралы аңыз: Дала құпиялары») атты деректі кино әлемнің түкпір-түкпіріндегі жарты миллиардқа жуық көрерменнің назарына ұсынылды. Төрт күн қатарынан тәуліктің әр мезгілінде көрсетілген фильм Есік қаласынан табылған Алтын Адам кешенінің мұрасымен ғана емес, көшпелі қазақ мәдениетімен таныстырады.

Фильмнің тұсаукесері 5 шілде күні Лондон қаласындағы Вестминстер үйінде өтті. Британ парламентіндегі Барлық партиялардың Қазақстанмен әріптестік тобының төр­ағасы Боб Стюарт тұсаукесер шымылдығын ашып, құттықтау сөз сөйледі. Жобаны таныстырған ВВС World News телеарнасының коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкиннен фильмнің мақсаты туралы сұрағанымызда, ол: «Бұл фильмді дайындауда ВВС World News редакциясы осы телеарнаның коммерциялық жобалар ретінде Қазақстанда түсірген материалдарын пайдаланды. Былтыр Лондонда Британ мұражайында Скиф алтындарына арналған көрме өтті. Біз 2017 жылдың соңында Алтын Адам туралы жарнамалық фильм түсірдік. Бұдан басқа, Айша бибі туралы және Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы фильмдер түсірілді. Осылайша, телеарна қоржынында Қазақстан тарихына қатысты мол дерек жиналды. Редактор аудитория сұранысына орай жұмыс істейді. «Алтын Адам туралы аңыз: Дала құпиялары» – ВВС World News телеарнасының редакциясының төл туындысы, бұл коммерциялық жоба емес. Бұл фильмнен кейін көрермендер Қазақстан туралы көбірек білуге ұмтылады деп ойлаймын», – деп өз пікірін білдірді.

https://www.bbc.co.uk сайтында жарияланған фильмнің аннотациясынан үзінді келтірсек, фильмнің мазмұнын былай сипаттайды: «Скифтер деген кімдер? Осыдан екі жарым мың жыл бұрын көшпелі халықтар Еуропа мен Қытайға дейінгі аумақты түгел жайлаған еді. Скифтер бұрынғыларды да тамсандыратын, енді Қазақстанда және Ұлы Даланың өне бойында жасалған тың археологиялық зерттеулер олардың өзгеше әлемі жайлы сыр шертеді. Бұл зерттеулер ауыр шайқастан зақым алған адамның бас сүйектерінен бастап Алтын Адамның киіміндегі алтынмен зерленген скиф жауынгерлерінің бейнелеріне дейін қамтиды. Тарихшы Беттани Хьюз олардың естен тандыратын ішімдіктерінен бастап батыр әйелдерге арналған адам құрбандықтары жайлы баяндап, өткеннің құпиясын ашады».

Осы шараға қатысқан Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

 Ерлан ЫДЫРЫСОВ, Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі:

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХИ САХНАҒА ҚАЙТА ШЫҚТЫ

– Ерлан Әбілфайызұлы, «Legend of the Golden Man: Secrets of the Steppes» атты деректі киноның идеясы туралы айтыңызшы? Оған мұрындық болған кім?

– Бұл шараның маңызы өте зор. Себебі тұңғыш рет ВВС World News телеарнасы, яғни 450 миллион аудиториясы бар үлкен телеарна өз бастамасы бойынша Қазақстанның ежелгі тарихы туралы деректі фильм дайындап, жарыққа шығарып отыр. Мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған. Сондықтан ВВС сияқты халықаралық корпорация Қазақстан туралы фильмді әлемдік аудитория назарына ұсынып отырғаны біз үшін үлкен абырой деп білем.

Бұл оқиға әлемдік трендтен хабар береді: Қазақстан және Орталық Азия үлкен тарихи сахнаға қайта шықты. 300 жылдай бізді ешкім елеген жоқ, оған түрлі себептер көп болды. Ал қазір әлем ұйқысынан оянып, Еуразияның тарихи маңызын, оның әлемдік өркениетке қосар мәдени, саяси, экономикалық үлесін мойындай бастады. Сондықтан ВВС телеарнасының осындай фильм түсіру туралы шешім қабылдауына дәл осы әлемдік тенденция ықпал етті деп ойлаймын.

Расында, көшпелі халықтың әлемдік өркениетке қосар үлесі орасан. Бірақ бұған дейін жаңа заман тарихы қазіргі Еуропаның, жалпы Батыс елдерінің мәдениетіне көбірек назар аударып, далалық елдер мәдениеті елеусіз, ескерусіз қалды. Енді жағдай өзгеріп, қазақтың көшпелі тұрмысы, тарихы мен мәдениеті зерттеле бастады. ВВС түсірген фильм қазақ тарихының шамшырағы – Есік қаласынан табылған Алтын Адам қорғаны туралы. Әрине, бұған тек мақтанып қана қоймай, төл мәдениетімізді одан әрі насихаттап, бұдан да кеңірек таныстыруға әрекет етуіміз керек.

Бұл фильм Батыс елдерінде қазақ тарихына деген ынта-ықыласты арттырады деп ойлаймын, ол ең әуелі ғылыми ортаның назарына ілінуі тиіс. Әлбетте, дүниенің түкпір-түкпіріндегі көрермендерді Қазақ­­станның кешегісі мен бүгіні, географиясы, тарихы, мәдениеті мен тұрмысын тани түсуге ынталандырады деп үміттенемін.

Оның үстіне, бұл фильмнің Лондондағы тұсаукесері Астананың 20-жылдық тойымен тұспа-тұс өтіп отыр. Меніңше, ВВС World News Қазақстанға ерекше сый тарту етті. Астана қазір өзін халықаралық бизнес орталық ретінде танытуға асық. Осы күндері Астана халықаралық қаржы орталығының ашылуы болды. ТМД кеңістігінде тұңғыш рет ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін өзгеше институт құрылды. Мұнда іс қағаздарының бәрі ағылшын тілінде жүргізіледі, ал бизнесті жолға қою, дамыту батыстық стандарттарға сай жүзеге асады.

Соңғы бір жылда Астана туралы әлемдік ақпарат құралдарында шыққан материалдарға шолу жасайтын болсақ, олардың тақырып аясы өте кең екенін байқаймыз: мәдениеттен бастап саяси, экономикалық мазмұндағы хабарлар. Мысалы, екі-үш апта бұрын ВВС телеарнасындағы HardTalk атты телехабардың екі шығарылымы Қазақстанға арналды. Бұл хабардың өз стилі агрессивті болғанымен, батыстық көрермендер асыл мен жасықты айыра алады деп ойлаймын. Қазақстанның кең байтақ даласы, геосаяси орналасу ерекшеліктері, «Бір белдеу – Бір жол» бағдарламасындағы Қазақстаннның орны, экономикалық реформалары мен экономкалық мақсат-мүддесі – мұның бәрі осы екі хабарда барынша жіктеп, жіліктеп, талданды. Осы хабардан соң көптеген көрермендердің пікірін тыңдадым, басым көпшілігі Қазақстан туралы мол мағлұмат алып, таңдай қағып қалғандарын айтады.

– Ал бұл фильмді шығаруға Қазақ­­­­­­станның қатысы болды ма? Қаржылық шығыны қандай?

– Бұл фильмнің өзгешелігі сол – оны ешкім қаржыландырған жоқ. ВВС телекорпорациясы Қазақстанда он жылдан аса жұмыс істейді. Олар Қазақстан туралы көптеген хабарлар түсірген. Түрлі репортаждар мен әрқилы жобалар аясында Қазақстан туралы өте көп материал жинақтаған. Мысалы, былтыр ВВС «Қазақфильммен» бірге Айша бибі және Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы фильмдер түсірді. Бұдан бөлек, соңғы бес жылда Қазақстан туралы, Астана туралы көптеген жарнамалық сюжеттер дайындады.

Осы бейнетаспалардың негізінде олар өз бастамасымен Қазақстан туралы әлемге тарататын маңызды материалдар жинақтап, өңдеп, оның өзегі етіп Алтын Адамды таңдап алған. Сондықтан бұл фильмнің жарыққа шығуына Қазақстан тарапынан бір тиын жұмсалған жоқ.

– Фильмді ВВС World News телеарнасы дүниежүзіне ағылшын тілінде таратады. Оны Қазақстанда көрсету жоспарда бар ма?

– ВВС стандарттары бойынша бұл ұзақ фильм саналады, аттай 23 минут. Әрине, спутниктік желі арқылы қазақстандықтар оны өздері көре алады, ал оны Қазақстанда көрсету үшін оны аудару керек, оған дубляж жасау керек, бұл енді басқа әңгіме. Мұндай жағдайда әуелі ВВС-мен келісімге келу керек, себебі бұл фильм олардың өз күшімен шығарған төл өнімі.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания, Лондон

Соңғы жаңалықтар