12 Шілде 2018, 14:26 466 0 Ішкі саясат Арман Құдайберген

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АГРАРЛЫҚ САЛА

Елімізде аграрлық секторға ерекше назар аударылып, мол қаржы тартылуы қуантады. 136 миллион доллар осы жылдың I тоқсанының еншісінде. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға көбейген. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау 47 пайызға өссе, оның ішіндегі өңделген өнімдердің экспорты 26 пайызға артқан.

Өткен аптада «Kazakhstan Global Investment Roundtable 2018» инвестициялық форумы аясында трансұлттық компаниялар, Дүниежүзілік банк және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа Жібек жолының азық-түлік қауіпсіздігін дөңгелек үстелде талқылады. Басқосуда сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев инвесторларға Қазақ­станның агроөнеркәсіптік кешеніндегі мол мүмкіндіктерді таныстырды. Табиғи таза өнім жағынан Қазақстан әлемнің жетекші елдерінің қатарында болғанымен, экспорттық әлеуеттің өсім сатысы көңіл көншітпейтін. Осындай келелі жиындар мен мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғаннан кейін, экспорт пен импорт төңірегіндегі бірқатар мәселенің түйіні тарқағандай. Мәселен, Иранға тірі қойларды, мұздатылған және салқындатылған қой етін жеткізу барысында туындайтын кедергілер жойылды.

Қазақстаннан өткен жылы алғаш рет Иранға жалпы салмағы 129,5 тоннаны құрайтын тірі қой мен 509,8 тонна қозы, нақты айтқанда саны 4763 бас шопан ата түлігі экспортталған.

Жиын барысында Қазақстаннан Иранға сиыр етін импорттауға қойылатын талаптар келісілді, тауық жұмыртқасын экспорттауға рұқсат берілді. Бұдан басқа, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі және ұсақ мал жеткізуге шектеулер алынып тасталынды. Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктеріне ет және ет өнімдерін, тауық жұмыртқаларын жеткізу үшін кедергілер жойылып отыр. Қазақ­стан өнімдеріне үлкен сұраныс білдіріп келген Қытайға Қазақстаннан импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдеріне: мұздатылған сиыр және қой еті, балық, бал, тірі жылқылар, сондай-ақ, бидай, кебек, соя, жоңышқа, рапс, ұн, өсімдік майы өнімдерін тасымалдауға еркін жол ашылды. 2017 жылы ҚХР-ға ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты 134,5 миллион АҚШ долларынан 180,6 миллионға, яғни 34,3 пайызға артқан еді. Енді оның тағы да еселенері сөзсіз.

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында іске асуы тиіс 10 міндет жүктелген еді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету соның ең басында тұр. Аталған міндеттерді еңсеруге республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 3 119,8 миллиард теңге қарастырылған. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қазір экспорттық мүмкіндіктерді арттыру жұмыстары жүргізілуде. Дөңгелек үстел аясында ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауға 167 қазақстандық кәсіп­орын шет­елдердің тізімде­ріне енгізілсе, 150-ге жуық кәсіпорын Қытайға әртүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға құқық алды. 17 балық өңдеу кәсіпорны Еуропалық Одаққа балық өнімдерін экспорттайтын болып бекіді. Мұнайлылығымен қатар Қазақ даласының шұрайлы, әрі ыңғайлы орналасуы экономикаға да жақсы жағынан әсер етуде. Осының арқасында Қытай шекарасында Қорғас порты, Каспий теңізіндегі Ақтау порты, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі сынды бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Өз кезегінде мұның бәрі экспорттың артуына тиімді жағдай туғызып отыр.

Соңғы жаңалықтар