Қаржы орталығының алғашқы қадамдары

Қаржы орталығының алғашқы қадамдары

Қаржы орталығының алғашқы қадамдары
ашық дереккөзі
Бас қаланың 20 жылдық мерейтойына орай «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде жұмысын бастады. Негізі, «Астана» қаржы орталығы қаңтарда іске кіріскен. Қаржы орталығына қазірдің өзінде 55 компания тіркелді. Бұған қоса, қоржынында биржадағы 34 миллиард доллардан асатын активін мақтан тұтатын 14 брокер және бар.  Тіркелген компаниялар саны 2020 жылға қарай 500-ге жетеді деп жоспарланып отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығында көрсетілетін  қызмет ірі компанияларды көбірек  қызықтырады. Мұнда миллиондар айналымға түседі, құнды қағаздар саудаға салынады. Орталықтың ашылуы Қазақстанның халық­аралық қаржылық хабқа айналуына жасалған қадамдардың бірі болды. Мемлекет басшысы қаржы орталығын құру туралы бастаманы 2015 жылы көтерген. «Астана» халықаралық қаржы орталығының географиялық орналасу нүктесі де ерекше. Өйткені ең жақын дейтін Шанхай қор биржасы тым алыста, ал Дубайдағы қаржы орталығы одан да жырақ. Ал Еуразия кеңістігінде ағылшын заңдарына негізделген бір де бір қаржы орталығы жоқ. Қаржы орталығының басты бағыты – елге инвестиция тартып, Қазақстан құнды қағаздар нарығын дамытып, халықаралық биржалармен иық тірестіру. Астана халықаралық қаржы орталығына шетелдіктерді тарту үшін көп күш жұмсалуда. Тіпті, посткеңестік елдерде жоқ теңдессіз мүмкіндіктер жасалуда. Қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріліп отыр. Валюталық, визалық және еңбек режімдері де барынша жеңілдетілді. Іс-қағаз тек ағылшын тілінде жүреді. Ал қатысушы  қай валютада сауда жасаса да өзі біледі. Орталықтың стратегиялық серіктестері Шанхай қор биржасы мен американдық Nasdaq қор биржасы. «Астана» қаржы орталығында «Қаз­атомөнеркәсібі», «Эйр Астана» сынды ұлттық компаниялардың акциялары IPO-ға шығарылады. Ел азаматтарының осы аукционға қатысуына да мүмкіндік бар. Айта кету керек, Қытайдың  «Жібек жолы»  қоры  елімізге 2 миллиард доллар инвестиция құймақ. Осылайша, аталған елге шетелдік инвестиция тартуда маңызды рөл атқаратын болады. «Шанхай қор биржасына жаңа акционерлер қосылды. Акционерлер арасында «Жібек жолы» қоры пайда болды. Ол капиталы 40 млрд долларға жететін «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен айналысатын ірі ұйым. Олар Қазақстанның бірқатар инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларына 2 млрд доллардай қаржы құюға дайын», – деді АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов. Қазақстан исламдық нарықты да алға жылжытады. Аймақтық қана емес, исламдық қаржының халықаралық хабына айналуға да барлық мүмкіндігі бар. «1997 жылдан бастап Астананың жалпы ішкі өнімі 190 есе артты. Индустриялық өсім 36 есе, ал  шағын және орта бизнестің өндірісі 25 есеге көбейіп, жұмыссыздық 3 есе азайды. Астана аймақтардың бизнес және коммерциялы хабы ретінде дамып келеді. Ислам даму банкінің тобы Қазақстанды соңғы 20 жылда толықтай қолдап келеді. Бұл қаржы орталығы Исламдық қаржы қызметінің индустриясын да алға жылжытады», – деп атап өтті Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар. Инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығын қаржы орталығының жанынан құрылған тәуелсіз сот қорғайды. Әлемге әйгілі 9 судья коммерциялық және азаматтық дауларды  ағылшын құқығына сүйене отырып шешеді. Бұл жерден қарапайым халық та ақшасын салып, жинағын еселей алады. Халықаралық қаржы орталығы шығарған шешімді орындайтын Әділет министрлігі. Сондықтан аталған органның арқасына да ауыр жүк түспек.