12 Шілде, 12:33 859 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

Түркістан туралы ойлар

Құрметті «Түркістан» газеті!

Ұлтымыздың ұлағатты ұлы Қалтай Мұхамеджанов іргесін қалап, осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын дүниеге халықаралық «Түркістан» газеті келіп, алғашқы нөмірі қолымызға тигенде алақайлап шаттанған едік. Енді биыл Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы құрылғанына жүрегіміз жарыла қуанып жүрміз. Сіздер мен біздерді туыстас, бауырлас ететін Түркістан атауы барша қазақ үшін киелі ұғым. Айтылар сөз, жеткізер пікір шексіз. Ең бастысы, жаңа облыс – текті төріміз Түркістанның гүлденуі, жаңаша түрленуі бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда өзіндік ұсыныстарым және кейбір қолайсыздықтарды жою жөніндегі ойларымды сіздерге арнайы жолдап отырмын.

Құлахмет Байжігітов,

биология ғылымдарының докторы

Ақсақ Темір салғызған Қожа Ахмет Ясауи ғимаратына алты жүз жылдай уақыт өткен соң, қаланың жаңа дәуірі басталды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті бой көтерді. Қазақ елінің тәуелсіздігіне ширек ғасырдан асқанда Президенттің жарлығымен Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді.

Келешекте Түркістан түркі тілдес халықтардың басын біріктіретін, қазақтың көне тарихын әлем жұртшылығына танытатын, туризмі дамыған үлкен рухани орталық боларына сенім мол. Таяу жылдарда бұл өңірде халықтың саны еселеп өседі. Арыстанбаб – Қожа Ахмет Ясауи ғимаратына жыл сайын сандаған мың адам келері де сөзсіз, бірақ Түркістан қаласының климаттық жағдайы бізді көп ойлануға итермелейді. Тез арада қандай түйткілдерді шешуге тиіспіз?

Түркістан қаласы мен Түркістан өңірі бүтіндей Арал-Сырдария экологиялық аймағына жатады. Қысқа уақыт ішінде Сырдария маңайы антропогендік шөлге айналды, орман-тоғай тек өзен жағасында ғана жиі көзге шалынады. Қызылқұмның ыстық ауасы кедергісіз Түркістанға жетеді, соңғы жылдары ауа температурасының орташа жылдық көрсеткіші 10С-қа көтерілген, ал жауын-шашынның жылдық мөлшері 28 мм-ге төмендеген.

Жылдың құрғақшылық кезеңі 225 күнге созылады. Наурыз айынан бастап қараша айының ортасына дейін жауын-шашынның мөлшерінен булану деңгейі басым, топырақтың жоғарғы қабаты түгел кеуіп кетеді. Жазда ауа температурасы 45-500С-қа дейін жетеді, аңызақ «керімсал», ал қыста «қарасуық» желі соғады, осының барлығы тек қана келушілерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да қолайсыздық тудырады. Жергілікті бағалы өсімдіктер мен жеміс ағаштары флорасы құрып кету алдында тұр. Осы жағдайға байланысты өсімдіктердің декоративті түрлерін аридті жағдайда интродукциялау, қалалар мен аймақтарды көгалдандыру тек ғылыми ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экологиялық маңызға ие.

Осы мәселелерді шешу үшін Түркістан қаласында 1994 жылы аумағы 88 гектар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті құрамына кіретін жаңа Ботаникалық бақ құрылды. Ботаникалық бақта фитоинтродукциялық ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде маңызды экономикалық, экологиялық қорытындылар жасалынды.

Университеттің ботаникалық бағында Түркістан қаласын, Арал-Сырдария аймағын көгалдандыруға декоративті өсімдіктердің 25 түрі ұсынылды, питомникте жыл сайын 100-120 мың көшет дайындау, өндіріске енгізу жоспарланып отыр.

Сырдария өзенінің бойындағы орман-тоғайды қалпына келтіріп, Қызылқұмның ыстығына тосқауыл жасау, Түркістан қаласының солтүстік-шығысына жасыл орман отырғызу, Ясы өзенінің арнасын тазарту, салынған құрылысты алып тастау, ағаш отырғызу – Түркістан қаласының экологиялық климатын жақсартудың негізі болып табылады.

Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі Ясы өзенінің сол жағалауына салынған, горизонтальдық дренаж қызметін атқарған, бірақ бүгінгі күні бұл бұзылған, жүйе асты суы көтеріліп, кесенені тұз басуда. Түркістан қаласын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көгалдандырудың кешенді жобасын жасап, оны университеттің арнайы мамандарының сараптамасынан өткізу – бүгінгі күннің талабы.

Түркістан өңірі табиғаты бай өлке, жер астында үлкен су көлі бар, артезиан скважиналарын қазып, оларды құбырлармен қосып, ауыз су, қаланы көгалдандыру түйткілдерін шешуге болады. 1993 жылы университет қалашығында тереңдігі 850 метр скважина қазылған еді, одан секундына 25 литр су шығады.

Қаратаудың Шаян елді мекені тұсында тас плиталардың кені бар. Оны Түркістан қаласының алаңдары мен көшелері, жиекжол, аяқжолдарының құрылысына пайдаланған экономикалық тұрғыдан аса тиімді, әрі сәнді, ұзақ жылдарға шыдамды. Қазіргі қолданылып жүрген материалдар тым қымбатқа түседі, әрі кетсе 4-5 жылда тозады.

Түркістан өңірінің ауа райы жағдайы, топырағы және басқа ерекшеліктеріне байланысты өңір бес экологиялық-экономикалық ауданға топтастырылады: Сырдария бойының жағасы, Сырдарияның ескі даласы, Қаратау сілемдері жазығы, Тау бөктерінің адырлы даласы, Қаратау.

Сырдария бойының жағасы. Оның топырақ құрамы көктемгі тасыған суға байланысты. Сырдарияның бір текше метр суында 5-10 кг құм-қиыршық тастар мен минералдар бар, ғасырлар бойы олар жерге шөгіп, аллювиалды топырақ қабатын құрады. Сондықтан өзен жағасы топырағының құрамында құм мен саз алмасып келеді. Топырақ қабатының (А+В) қалыңдығы 20-25 см, құрамында 1 пайызға жуық гумус бар, өсімдікке зиянды тұздар аз. Тораңғыл, жиде, сәмбі тал, жыңғыл, шеңгел өседі, ойпатты жерде қамыс, құрақ шығады. Сыр алқабында қауын-қарбыз, көкөністің түрлерін өсірген тиімді, жоғары өнім алуға болады. Топырақ пен ауа райы қолайлы болғандықтан механикалық құрамы жеңіл, құмшауыт жерлерге қызылша, сәбіз, пияз жақсы шығады. Жер асты суы жақын ызаға еккен қауынның құрамында 50% қант болады. Сыр бойында жел аз тұрады, қауынның жапырақтары аударылмайды, мұртшалары қурамайды. Қысқасы, Сыр алқабы қауын мен қарбыздан әрі сапалы, әрі жоғары өнім алатын экологиялық ауданға жатады. Диқандар бұл өңірде қауынның ерте пісетін, қысқа сақтайтын, қақ жасайтын, тағы басқа жүзден аса сортын өсірген. Осы жұмысты қайта қолға алып, Қазақстанның солтүстік аудандарын, өндіріс орталықтарын қанттылығы жоғары экологиялық таза қауын өнімдерімен қамтамасыз етуге болады.

Сырдарияның ескі даласы. Бұл ертеде жайқалған оазис болған, бұл өңірде Отырар қаласы, серіктес қалашықтар өсіп-өркендеген. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан баба кесенесі осы жерде. Егіншілік жүйесі, бау-бақшасы жақсы дамыған, арада бірнеше ғасыр өтсе де сол кездегі суару жүйелерінің іздері кездеседі. Бірақ бүгінгі күні суару тәсілдерінің топырақ ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілмеуі, коллектор-кәріз жүйесінің нашарлығы салдарынан топырақтың үстіңгі қабатын тұз басып, жер егіншілікке пайдаланудан шығып, шөлге айналған. Жұрт Отырар қаласын тастап, Қаратауға қарай көшкен. Мәселен, Отырар қаласына жақын Отырарабад елді мекені сол кезде жердің ең шұрайлысы болса, қазір шөлге айналған, темір жол жанында үш-төрт отбасы ғана тұрады. Осындай себептерден жер асты суы көтеріліп, топырағы сорға айналған соң, Шойтөбенің тұрғындары да кезінде Күлтөбеге ауысқан сияқты (қазіргі Түркістан қаласы). Бүгінде бұл өңір шөл далаға айналған, қарабарқын, жыңғыл сияқты бұталар өседі, тұрғындар оларды тамырымен қазып, отынға пайдаланып жүр. Тек көктем айларында раң тәрізділер шығады. Топырағы тақыр тәріздес сұр топыраққа жатады, тұз басып сорға айналған, жоғары (А+В) қабатының қалыңдығы 20-25 см шамасы, одан әрі саздақ басталады. Жер асты суы жақын, тұзды, ішуге жарамсыз.

Бұл аудан өңірдің үлкен бөлігін алып жатыр, көктем мен күзгі мал жайылымына пайдаланылады. Келешекте ирригациялық-мелиорациялық күрделі жұмыстар жүргізілсе, егіншілік жүйесін қалпына келтіруге болады. Бұл, әрине, өте жауапты мемлекеттік мәселе. Ал бүгінгі күні туристерге жағдай жасау үшін Түркістан-Арыстанбаб жолының бойына артезиан суларын шығарып, көгалдандыру шараларын қолға алу керек.

Тау сілемдері жазығы. Бұрынғы Түркістан ауданының негізгі елді мекендері Тасанақ, Шорнақ, Қарашық, Қарнақ, Иқан, университет қалашығы осы жерге орналасқан. Топырағы сұр топыраққа жатады. Қарашірік қабатының қалыңдығы 25-30 см, шағыл тас 1,0-1,5 метр тереңдіктен басталады. Кей жерлерде топырақтың ішкі қабатында әк кездеседі, егінді суарғанда ылғалға еріп, қуыс пайда болады, ол үлкейіп шағыл тасқа қосылады. Халық оны оқпан дейді. Оқпанды бентонит саз балшығына көңді араластырып бітеуге болады. Қаладан 7 шақырымдай жерде Ораңғай жоталарында бентониттің кені бар. Топырақтың механикалық құрамы жер бедерінің геологиялық ерекшеліктеріне байланысты басым көпшілігінде ауыр саздаққа жатады. Түркістан өңірінің егіншілік жүйесі, университеттің Ботаника бағы осы топыраққа орналасқан. Өзен жағасының, қыратты жерлердің топырағы құмшауытты болады. Қарашық өзенінің екі жағасы жеңіл саздаққа жатады. Бұл өңірдің Сырға қараған төменгі жағында мақта, тау етегінде жеміс бауы, көк­өніс өсіріледі. Күздік бидай да егіледі, бірақ оның өнімі аз, сапасы өте төмен, протеин 8-10 пайыз, клейковина 20% шамасында, сапалы нан жабуға келмейді, тандыр ұстамайды.

Мақта, бидай егу экономикалық тұрғыдан тиімсіз, олардың өнімі 12-15 центнерден аспайды.

Келешекте бұл экологиялық ауданда жүзім, жеміс бауын көптеп өсіріп, жеміс шырынын шығаратын зауыт салу, өрік қағын жасау экономикалық жағынан тиімді болмақ.

Тау бөктерінің адырлы даласы. Жері кәдімгі сары топырақ, оның жоғары (А+В) қабатының қалыңдығы 30-40 см, құрамында 1-1,5 пайыз гумус бар, негізінен дала жусаны өседі. Тегіс жерлеріне күздік бидай, арпа еккен, олардың өнімі 10-12 ц/га, сапасы жоғары – 14-15% протеин, 28-30% клейковина болған, біраз жеріне қарағаш отырғызған. Қаратаудың бұл ауданы халықтың ертеден отырықты мекені, күз жайлауы, қыс қыстауы болған, Үшөзеннің әр саласында 20-30 отбасы отырған. 1930 жылдары олар колхоз болып тіршілік етті, мал өсірді, егін екті. Қоғашық елді мекені, Үкіша ата мазары осы топырақта жатыр, халыққа қажетті су диірмен жұмыс істеген, бастауыш мектебі болған.

1950-1960 жылдары колхоздарды біріктіру нәтижесінде таудағы кіші шаруашылықтар таратылды, халық Түркістан маңына қоныс аударды. Ал 1990-2000 жылдары мал саны күрт азайып, таудың шұрайлы жері бүгінде бос қалды.

Қаратау ауданы. Қаратаудың Түркістан тұсында Алатау секілді биік таулардағы орманды белдеу, орманды дала сияқты табиғат аймақтары кездеспейді, адырлы дала бірден тауға жалғасады. Үшөзен тұсында Қаратаудың төбесі аэродром тәріздес тегіс дала, жергілікті халық оны «Жон» деп атайды, көп жерлерінде бұлақтар бар. Жазда күннің ыстығы 20 градустан аспайды, түнде салқын, автомобиль жүретін тас жол бар.

Қаратаудың теріскей беткейіне орналасқан Созақпен, күнгейіндегі Түркістан малының өрісі мен базары ортақ, Күмісті асуы арқылы қатынасып, біте қайнасып жатқан тұтас бір ел. Түркістаннан таңертең шыққан аттылы жолаушы кешке түнеп, ертеңгісін түсте Созаққа барған.

Келешекте Түркістан – Қарнақ – Серт –Үкіашата – Үшөзен – Созақ жолын салып, электр жүйесін жүргізсе, экономикалық маңызы бар күрделі түйткілдер толық шешіледі. Қаратауға ел қоныстанып, мал басы тез өседі. Қожа Ахмет Ясауи-Үкіша ата –Жылағаната-Балықшы-Созақ-Бабата-Домалақ ана жаңа туризм маршруты ашылады. Қаратаудың табиғаты сұлу Жоны Түркістан мен Созақ халқының жазғы демалыс орнына айналады. Түркістан бұл жерден 60-70 шақырым ғана ал «Жон», қысқы демалыс орнына қолайлы, қар қалың жауады, шаңғы, тағы басқа спорт түрлерін ұйымдастыруға болады. Бұл мәселені Түркістан облысының басшылығы мықтап қолға алса, тамаша шешім болмақ. Түркістанда жоғары, арнайы орта оқу орындарының студенттері, жастар, қала халқының саны жыл сайын көбейіп келеді, ал бүгінгі күні олардың не жазда, не қыста демалатын орындары жоқ.

Түркістан мен Созақты ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі, мәдениеті мен туризмі өркендеген экономикалық бір аймақ жасау пайдалы. Қаратаудың теріскей мен күнгей беткейін ертеден-ақ тарихы бір халық мекендеген.

Экологиялық-экономикалық аудандардың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес ғылыми даму жоспарын жасап, бұл өңірде егін шаруашылығының барлық салаларын өркендетуге, жеміс пен жидек, қауын мен көкөністің сапасын жақсартып, экологиялық таза өнім өндіруге болады.

Бау-бақша өнімдерін өңдейтін кіші өндіріс орындарын салып, солтүстік аймақтарды жеміс шырыны және өрік қағымен қамтамасыз етуге болады.

Күмісті асуы арқылы Түркістан-Созақ жолы салынса, теріскейге баратын жол екі есе қысқарады, Түркістанның экономикасы көтеріледі, туризмі дамиды. Қаратаудың сұлу табиғаты жазғы, қысқы демалыс орындарына айналады, халықтың денсаулығы түзеледі.

Түркістан-Созақ-Қарағанды тас жолын салуды ойластыру керек, ондай жағдайда Түркістан облысының аудандары солтүстіктің өндіріс орындарына тікелей шығады, Созақ және іргелес аудандардың экономикасы тез жанданады.

Түркістан қаласы

Соңғы жаңалықтар