Қылмыстық саясатты ізгілендіру

Қылмыстық саясатты ізгілендіру

Қылмыстық саясатты ізгілендіру
ашық дереккөзі
Еліміздің Бас прокуратурасы арнайы алқа отырысын өткізіп, жартыжылдық жұмыс қорытындысын талқылады. Алқа жұмысына Бас прокурор Қайрат Қожамжаров төрағалық етті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларына сай елімізде құқықтық салада оң өзгерістер байқалуда. Әсіресе, қылмыстық саясатты ізгілендіру бағытында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Бұл ретте Бас прокурор Қайрат Қожамжаров: «Қылмыстардың 260 құрамы бойынша қоғамдық жұмыс пен бас бостандығынан шектеу енгізілді. Айыппұл көлемі төмендетілуде, 36 құрам бойынша бас бостандығынан шектеу мерзімі азайтылды. Ауыр қылмыстар бойынша жауаптылыққа тартудың ұзақтық мерзімі 5 жылға қысқартылды. Жалпы, бұл 5 мыңға дейін сотталғанды бостандыққа шығаруға мүмкіндік береді. Осы орайда одан əрі заңдылықты нығайту барысындағы жұмыстарды жалғастыра береміз», – деп атап өтті. Мұндай өзгерістердің бәрі Елбасының биылғы Жолдауы аясында қабылданған жаңа заңда көрсетілген. Жаңа заң жобасы бойынша, Қылмыстық кодекстің 255-бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 16-бабына, Қылмыстық-атқару кодексінің 6-бабына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, Бас прокурордың бастамасымен жазатайым жаза басып, сотталғандарға қатысты Жоғарғы сот 269 сот үкіміне өзгеріс енгізді. Соның нәтижесінде 12 адам ақталып шықса, 233 сотталған азаматтың жазасы жеңілдетілді. Одан бөлек, жазасын өтеп жатқандарға шығарылған 5 заңсыз үкімнің күші жойылды. Бас прокуратураның алқа отырысында белгілі болғандай, ұсталғандар мен қамауға алынғандар саны 3 есе азайыпты. Мұндай көрсеткіштер Бас прокуратураның қылмыстық процестің құқық қорғау әлеуетін арттыру арқылы жүзеге асырылуда.  Жаңа институттарды енгізу нəтижесінде құқық қорғау жүйесінің жалпы қызметі қайта жаңартылды. Соған сай, ұсталғандар саны үш есеге, қамауға алынғандар саны 6,8 мыңнан 4,8 мыңға дейін төмендеді. Прокурорлардың еңбек заңнамасының бұзылмауына баса мән беріп отырғанын да айта кеткен абзал. Қырағылықтың нәтижесінде прокурорлар еңбек ету жағдайы қауіпті және зиянды кәсіпорындарда 27 мың заң бұзушылықтың орын алғанын анықтады. Еңбек шартын қолдануда, өндірістік нормаларды, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігін сақтауда заң бұзушылықтар орын алған. Соның салдарынан жапа шеккен 45 мың азаматтың құқығы қорғалып, еңбекақы бойынша 50 млн теңге қарыз өтелген. Ілкімді жұмыстардың арқасында «Қарашығанақ Петролиум оперейтинг БВ» қазақстандық филиалының, «СБК «Қазмұнайгаз-Бұрғылау» ЖШС, «Мостостроительный отряд №25 им. Рязанова» ЖШС жəне т.б. кəсіпорындарда қызмет ететін 405 мың жұмысшы қайғылы оқиғалардан алдын ала сақтандырылды. Еліміздегі прокурорлар азаматтық істерге де белсенді араласады. Соның арқасында 15,6 млрд теңге көлеміндегі қаржы мемлекет қазынасына қайтты. Мəселен, Алматы қаласының соты ойын бизнесі үшін салынған салық органы хабарламасының күшін жойған, нəтижесінде «Букмекерлік кеңсе «OLIMPKZ» ЖШС 1,8 млрд теңге көлеміндегі салық төлеуден босатылған. Сөйтіп ойыншылардан интернет-ұтыс алатын букмекерлік кеңсе мемлекетке салық төлемей сайран салған. Соңында Бас прокурордың Жоғарғы сотқа жолдаған наразылығының негізінде жоғарыдағы сот актілерінің күші жойылды. Ал «OLIMPKZ» ЖШС өтініші қанағаттандырылмады. Сөйтіп, аталған серіктестік мемлекетке келтірген залалды толықтай өтеді. Бас прокуратура да өзге органдар секілді цифрландыру жүйесінен кенде қалмақ емес. Бүгінде прокуратурада «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бірқатар шаралар атқарылды. «Бас прокуратура процестерді цифрландыру бойынша көптеген шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері 4 мыңнан аса қылмыстық іс жəне 160 мың əкімшілік іс электронды түрде тергелуде», – деді ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров. Электронды түрде тергеліп жатқан істердің 2,5 мыңы – қылмыстық теріс қылық және жеңіл қылмыстар, ал 1,5 мыңы – орташа ауырлықтағы, қалғандары ауыр және аса ауыр қылмыстар. Қазіргі уақытта электронды түрдегі 1,8 мың іс сотқа жолданып, оның 1,3 мыңына қатысты шешім шығарылды.