«Цифрлы Қазақстан»:Талаптар уақытында орындалуы тиіс

«Цифрлы Қазақстан»:Талаптар уақытында орындалуы тиіс

«Цифрлы Қазақстан»:Талаптар уақытында орындалуы тиіс
ашық дереккөзі
2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, қаржы секторын цифрландыру мәселелері Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында талқыланды. Үкімет басшысы бұл жолғы жиынды Үкімет мүшелерін Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен құттықтаудан бастады. «Астана күні – бір қаланың ғана мейрамы емес, бүкіл ел болып атап өтетін жалпыхалықтық мереке. Себебі Қазақ елінің тəуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі – бəрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты. Ел бола аламыз ба, əлде заманның алапат желіне ұшып, жоғаламыз ба деген тағдырлы сəтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана – жаңғырған жаңа Қазақстанның жарқын символы. Ол – қастерлі Тəуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті. Басында өзге түгілі өзіміз күмəнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небəрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді. Халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нəр алып, сайын далада сəмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі – алып бəйтерекке айналды. Астана – терең тарихтан тамыр тартқан даңқты өткенімізді бүкіл əлем таңдай қаққан бүгінгі биіктерімізбен жəне жаһандық нарықта бəсекелік қабілеті жоғары, Мəңгілік Ел болар кемел келешегімізбен жалғайтын елдігіміздің алтын арқауы», − деді Бақытжан Сағынтаев. Одан кейін Үкімет басшысы күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге кезек берді. Сөйтіп, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының түзетілген жобасы бекітілді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, түзетілген жобада Мемлекет басшысы қойған міндеттер бар. Сондықтан Үкімет басшысы барлық мүдделі мемлекеттік органға жаңартылған бағдарламаны орындау туралы тапсырма берді. Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға 2018 жылы 829,5 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Қазірге дейін қаржының 167,1 млрд теңгесі игерілген. «Өңірлерге аударылған 34,5 млрд теңгенің 91,5 пайызы игерілген, ал бүгінгі күні игерілмеген қаражат 2,7 млрд теңгені құрап отыр. Мемлекет басшысының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бəсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 13-тармағына сəйкес, министрлік тиісті қаулы жобасын əзірледі. Жоба мен транзит көлігінен түскен кірістерді 4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту жəне транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемін 1,2 млн ЖФБ-ға (жиырма фунттық баламаға) дейін арттыру туралы тиісті өзгерістер мен толықтырулар көзделді», − деді Тимур Сүлейменов. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, транзиттік әуе жолаушыларының саны 1,6 млн адамға, ал аймақты әуе желілерімен қатынайтын жолаушылар санын 170 мыңға дейін арттыру мәселелері қарастырылған. Ал аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін тауарларды транзиттеуге, көлік дәліздерін құру және жаңғыртуға, көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін көтеру мен әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған шаралар жоспарланып отыр. Қаржы секторын цифрландыру мәселесі бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. Оның айтуынша, министрлік өткен жылы 18 млн қызметтің шамамен 16 миллионын элек­тронды түрде көрсетіпті. «2018 жылдың аяғына дейін 6 мемлекеттік қызметті элек­тронды форматқа көшіруді, ұсынылатын құжаттар тізбегін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Электронды салық декларацияларын веб-порталға жəне «электронды үкімет» мобильді бағдарламаларына аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нəтижесінде электронды түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 95 пайызға дейін жеткізілмек. Салықтық есептілік тапсыру, акциз маркасы мен фискалдық чекті тексеру сияқты сервистерге IT-компаниялардың өз қосымшалары мен сервистерін əзірлеуі үшін ашық интерфейс (Application programming interface) түрінде қолжетімді болады», – деді Қаржы министрі. Бюджеттік жоспарлау процесін оңтайландыру және автоматтандыру – басты міндеттердің бірі болып тұр. Бұл ретте Бақыт Сұлтанов автоматтандыру бюджеттік өтінімді қалыптастыруда шығыстарды 70 пайызға, ал келісу мерзімдерін 4 есеге, яғни, 80 күннен 20 күнге дейін қысқартатынын атап өтті. «Орталықтандырылған бірегейлендірілген дербес шот» жүйесінің енгізілуімен, салық берешегінің бар-жоғы туралы анықтама беру қызметін көрсету уақыты 3 күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды. Жыл сайын осындай 5 миллионнан астам анықтама беріледі екен. Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Қазақстандағы цифрлы банкинг туралы сөз қозғады. Данияр Ақышевтің пікірінше, қаржылық қызмет көрсетудің өзі ІТ-инфрақұрылымды және цифрлы шешімдерді пайдалану мүмкіндігімен байланысты. Бүгінде интернет және мобильді қосымшалар арқылы онлайн қызметтер көрсету маңызды болып отыр. Қазіргі уақытта еліміздің барлық банктерінде қашықтан банктік қызмет көрсету жүйесі енгізілген. Ал еліміздегі банктердің 60 пайызы мобильді банкинг қызметтерін көрсетеді. Ұлттық банк төрағасының дерегінше, бұл жүйелерде шамамен 10 миллион пайдаланушы тіркелген. Олардың 30 пайызы операцияларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Үкімет отырысының соңында Бақытжан Сағынтаев қаржы секторын цифрландыру бойынша барынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын, дегенмен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасында көрсетілген барлық шараны уақтылы орындау қажеттігін, жоспарланған мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізу керектігін міндеттеді.