Отырарда Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйі ашылды

Отырарда Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйі ашылды

Отырарда Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйі ашылды
ашық дереккөзі
Түркістан облысы, Отырар ауданында Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйі ашылды. Ақынның туып-өскен Шілік елді мекенінде бой көтерген шығармашылық үйі білім мен ғылымның, әдебиет пен өнердің ордасына айналмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ерекше дизайнмен салынған үйдің іші де өзгеше безендірілген. Ақынның балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі өмір жолы әр кезеңдегі суреттермен, құжаттармен толықтырылған. Шығармашылықпен айналысатын жұмыс кабинеттері, кітапхана, демалыс және қонақ қабылдайтын бөлмелер заман талабына сай жабдықталған. Ғимараттың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр сөз сөйлеп, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ақын ағасына деген ыстық ықыласқа толы құттықтауын жеткізді. Иығына зерлі шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыс көлемінде көптеген игі шаралар атқарылғанын атап өтті. Солардың бірі осынау  ашылып отырған Шаханов үйінің белгілі меценат Серікжан Сейітжановтың демеушілігімен бой көтергенін жеткізді. Мұнан соң әлем ақыны Мұхтар Шаханов сөз алып, өз өмірінен естеліктер айтты. Ақынның талантына бас иетін өнерпаздар оның жаңа өлеңдерін жатқа оқып, әндерін әуелете шырқады. Ашылу салтанатынан соң жиналған көпшілік Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны» шығармасының желісімен түсірілген анимациялық фильмді тамашалады.