Ұлы дала мұрасы

Ұлы дала мұрасы

Ұлы дала мұрасы
ашық дереккөзі
Әзірбайжанда мамыр айында бастау алған «Ұлы дала мұрасы» атты көрменің Бакудегі жұмысы аяқталуға жақын. Аталмыш көрме шілде айынан бастап өзге мемлекеттерде жұмысын жалғастырады. «Ұлы дала мұрасы» көрмесіне еліміздің құнды тарихи экспонаттары қойылған болатын. Келушілер қазақ әйелдерінің әшекей бұйымдары мен киіз үй жабдықтарын тамашалауға асықты. Көрмеге қойылған көздің жауын алатын алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар сол замандағы қыз-келіншектердің қоғамдағы орны мен беделін анықтауға мүмкіндік береді. Негізінен әйелдер көлемді білезіктерге әуес болған. Өйткені ежелгі наным-сенім бойынша адамның күш-қуаты қолында. Ал күш-қуатты ұзақ уақыт сақтау үшін білезік тағу керек деген түсінік қалыптасқан. Көрмені таныстырушылар қонақтарға әр жәдігердің шығу тарихын егжей-тегжейлі түсіндіріп жүр. Ал көрмедегі ең маңызды жәдігер – «Алтын адам». Бұл құнды жәдігер Әзірбайжан халқының ерекше қызығушылығын оятты. «Келушілер біздің дәуірімізге дейінгі 8-ші, 4-ші, 3-ғасырларға тиесілі және біздің дәуіріміздің XIX-шы ғасырындағы тарихи заттармен жақынырақ танысты. Көрмеге осы уақытқа дейін 2 жарым мыңнан  аса адам келді. Мұнда қойылған басты экспонат – 4 мың алтын бөлшектен тұратын сақ жауынгері, яғни алтын адам», – дейді Баку музейінің қызметкері Ганира Кафарлы. Соңғы уақытта «Алтын адамды» түрлі елге апарып, қазақ тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін көрме ұйымдастыру дәстүрге айналды. Беларусь пен Ресейден басталған сапар, Әзірбайжан мұражайында жалғасын тапты. Енді Қытай, Польша және Оңтүстік Кореяға бару жоспарда бар. 2021 жылға дейін экспозиция әлемнің 12 елінде көрсетіледі.