САМАРҚАНҒА «СИТИДІҢ» САЛҚЫНЫ  ТИЕ МЕ?

САМАРҚАНҒА «СИТИДІҢ» САЛҚЫНЫ  ТИЕ МЕ?

САМАРҚАНҒА «СИТИДІҢ» САЛҚЫНЫ  ТИЕ МЕ?
ашық дереккөзі
Ұлы қолбасшы Әмір Темір тұсында мемлекет астанасы болған, аты әлемге мәшһүр Самарқан қаласы тарихи ескерткіштерге бай. Қаланың көркеюіне кезінде осы шаһарда хандық құрған қандасымыз Жалаңтөс баһадүрдің де сіңірген еңбегі көп. Самарқандағы бірнеше архитектуралық ансамбльден құрылған атақты Регистан алаңы осы Жалаңтөстің кезінде құрылған. Бүгінде Самарқан қаласы Өзбекстандағы шетелге ең танымал қала болып саналады. Мұндағы тарихи ескерткіштерді тамашалап, Орталық Азия тарихында үлкен орны бар қаланының тарихымен танысуға жыл бойына шетелден миллиондаған туристер ағылып келетінін ерекше атап өтуіміз керек. 2001 жылы Самарқан қаласы ЮНЕСКО арқылы Әлемдік мұра тізіміне кіргізілді. Қалаға мұндай халықаралық мәртебе берілуге «Темірлік», «Афрасиаб» және «Европа» деп аталған тарихи сәулет ескерткіштері кешені себеп болғаны белгілі. Алайда кейінгі кезде «Самарханд-Сити» жобасы арқылы қаланы заманауи жобалар арқылы жаңарту ісі қолға алынғалы бері қала халқы ғана емес, өзбек елінің көптеген белгілі азаматтары аталған жобаның зияны тиіп, Самарқан халықаралық мәртебеден айырыла ма деп қауіптенуде. Себебі қаладағы тарихи ескерткіштер тізіміне енген сәулет ескерткіштері жойыла қалса, Самарқан Әлемдік мұра тізімінен шығып қалуы мүмкін. Өзбек азаматтарының бұл пікірі негізсіз емес. Себебі кейінгі кезде қаланың Пушкин көшесі бойында орналасқан «Европалық» деп аталған орамында тарихи ескерткіш саналатын кейбір бір қабатты ғимараттар бұзылып, орнына заманауи үлгідегі кешендер салу ісі басталғаны жайындағы өзбек тіліндегі электронды БАҚ-тарда ақпараттар жарық көріп, бейнесюжеттер жарияланып үлгерді. Соның бірі ozodlik.org сайтында жарияланған бейнесюжет. Онда автор тарихи ескерткіштерге жататын ғимараттың қасында қиратылған үйдің орнында ор қазылып, құрылыс жүріп жатқаны көрсетіледі. Және қаланың бұл орамы тұтастай 19-ғасырдың бас кезінде салынған ғимараттардан тұратыны, олардың тарихи ескерткіш ретінді тізімге кіргенін әңгімелеп, ғимараттарың бірінің қабырғасына ілінген «тарихи ескерткіш» деген арнаулы тақта назарға ілігеді. Дегенмен Самарқан облысы әкімінің көмекшісі Батыр Абдуллаев бұл бойынша арнайы мәлімдеме жасап, журналистердің сұрағына жауап берді. Өз сөзінде ол “Самарқанд сити» жобасы аясында тарихи шаһарда 25 заманауи мейманхана құрылысы жүріп жатқаны және олар қаланың тарихи бөлігіне зиянын тигізбейтінін атап көрсетті. Оның айтуынша, Самарқандағы құрылыстар 2019 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс және олар ежелгі заман ескерткіштеріне зиянын тигізбейді. Бірақ әкімнің көмекшісі «Неге Самарқандағы «Европа бөлігі» орамындағы 1919 жылы салынған сәулет ескерткіштері бұзылды?» деген журналистің сұрағына жауап бермеді. Әрине, әлемге аты белгілі қалаға туристер көп келеді, олар демалуы үшін заманауи қымбат мейманханалар керек. Самарқан бұрындары да осындай келеңсіздік салдарынан зиян шеккен-ді. Өзбекстанның бұрынғы басшылығы кезінде Гулнара Каримова жетекшілік ететін «Шарх тароналари» (Шығыс саздары) атты халықаралық музыкалық фестиваль Самарқанның әйгілі Регистан алаңында өткізіліп, жиілігі жоғары дыбыс күшейткіштердің дүңкілінен алаңға жақын кейбір ғимараттардың шөге бастағаны туралы ақпараттар жарияланған-ды. Сонымен бірге мұндағы кейбір тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру кезінде, олардың сынған не мүжілген кірпіштерінің орнына Қашқадария облысындағы әйгілі Темірланның туған қаласындағы «Ақсарай» ғимаратының кірпіштері пайдаланылған екен. Қазір соның кесірінен Шахрисабз қаласындағы Самарқандағы ғимараттарға «донор» болған тарихи ескерткіштер халықаралық тізімнен шығарылып тасталғалы жатыр. Міне, осындай жағдайлардан кейін өзбек елінің көзі ашық азаматтарының «Самарқанға... ситидің кесірі тие ме» деген қаупінің жаны бар болып тұр. Қалайда Орталық Азияның атын әлемге танытып тұрған Самарқандай сәулетті қаланың беделіне нұқсан келмегені дұрыс.