Адал ұрпақты қалай тәрбиелейміз?

Адал ұрпақты қалай тәрбиелейміз?

Адал ұрпақты қалай тәрбиелейміз?
ашық дереккөзі
Алматыдағы Ғылым ордасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты азаматтық бастамалардың конгресі өтті. Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, арнайы мониторингтік топтар мен қоғамдық қор мүшелері қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы он басым бағыттың бірін сыбайлас жемқорлықпен күресуге арнаған болатын. Елбасы Жолдауында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретіндігін айтқан болатын. Ал Алматыда өткен конгресте жемқорлыққа қарсы күрес тәсілдері сараланды. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар қорытындыланып, болашақта қолға алынуы тиіс шаралар бекітілді. Жалпы, мұндай шара Алматы шаһарында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Республикалық деңгейде өткен жылдан бастап қолға алынған конгрестің екіншісі үстіміздегі жылдың 14 наурызында Астанада өтті. «Алматы – үлкен қала, бұл жерде қоғам өте жақсы дамыған, сондықтан, біз Алматы қаласында да дәл осындай конгресті өткізу туралы шешім қабылдадық. Бүгін Алматыда өтіп жатқан конгреске Астана қаласы бойынша агенттіктің департамент директоры, сонымен қатар, агенттіктің жанындағы арнайы мониторингтік топтың төрайымы қатысып отыр. Бүгінгі конгресте біз қоғам тек мемлекеттік органдарға ғана қарап отырмай, өздері бастамшылықты қолдарына алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жасауы керек», – деп айтып өтті Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қызметтер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Департамент басшысы Айгүл Байханова. Бұл конгресті ұйымдастырудағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оның алдын алу жүйесіне азаматтық қоғамды кеңінен тарту. Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары тоқтаусыз жүргізіліп келе жатқанымен, мемлекет қазынасына қол сұғатындар саны азаймай отыр. Жиынға арнайы келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин осылай деді. «Жемқорлықпен күресті мектеп қабырғасынан бастадық. Бұл іске 950 мыңнан астам мектеп оқушылары тартылып отыр. Олар «Адал ұрпақ» деп аталатын еріктілер ұйымына мүшелікке қабылданып, жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қолға алуда. Бұған қоса, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан арнайы мониторингтік топ құрылып, іске кірісті. Бұл топтың құрамына елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылды. Ерекшелігі сол, топтың құрамына бірде-бір мемлекеттік қызметкер тартылған жоқ. Себебі олардың «көз қысты, бармақ басты» әрекеттеріне жол бермеу керек. Мысалы, сіздер де осы топтың белсенді мүшесі бола аласыздар. Топ мүшелерінің қай-қайсысы да кез келген министрмен, мемлекеттік қызметтегі шенеуніктермен бетпе-бет жүздесіп, шындықты ашық айта алатын азаматтар. Таяуда осы топ мүшелері еліміздің аймақтарын аралап, облыс аумағында тұратын қарапайым тұрғындармен жүздесіп, пікір алысып қайтты. Міне, енді Алматыға келдік. Мұндағы мақсат – жемқорлықтың жолын кесу мақсатында ауылда, аудан мен қалаларда тұратын қарапайым тұрғындарды осы шараға батыл тарта отырып, бірлесіп жемқорлықпен күресу. Сөйтіп, жемқорлықпен күресте қоғамның әрбір мүшесінің санасын қалыптастырып қана қоймай, оларды мемлекет дамуы үшін маңызды іске тартуды көздедік», – деді Арман Бердалин. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігініӊ Алматы қаласы бойынша департаментініӊ төрайымы Айгүл Байханованың айтуынша, конгресс сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бейжай қарамайтын және оған өз үлесін қосуға ниеті бар жандардың барлығын топтастыруды көздейді. Конгресте белгілі болғандай, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің заң дайындаушы органы Мәжіліске елімізде қолданылып жүрген 9 заңға өзгерту енгізу туралы ұсыныс жасаған. Бүгінде сол ұсыныстардың төртеуі жүзеге асырылып үлгерді. Арман Бердалин ұсынған деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың бес айында мемлекеттен ұрланған 3,5 млрд теңге бюджетке қайтарылған. Алматы қаласында да жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы Ержан Ибрагимовтың келтірген статистикалық деректері дәлел. Мысалы, Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты 54 қылмыстық іс анықталып, оның 40-ы сотқа жіберілді. Осының нәтижесінде мемлекеттік бюджеттен ақша жымқырған 18 адам жауапқа тартылды. Сөйтіп, мемлекет қазынасына 170 млн теңге қайтарылды. Сонымен қатар, Ержан Ибрагимов жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға берілетін сыйақы мөлшерінің артқандығына тоқталды. «Аса ауыр емес қылмыстар үшін берілетін марапат 40 АЕК мөлшерінде. Ал орташа деӊгейдегі ауыр қылмыстар үшін 50 АЕК мөлшерінде , ауыр қылмыстар үшін 70 АЕК дейін марапат тағайындалады. Ал аса ауыр қылмыстар туралы хабарлаған адамға 100 АЕК мөлшерінде сыйақы табысталады», – деп атап өтті Ержан Ибрагимов. Жиын соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин биыл елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейінің 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға төмендегенін атап өтті. Мұны халықаралық сарапшылар да растайды екен. Мәселен, Transparency International рейтингісі бойынша еліміз 31 ұпай жинап, сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдер қатарынан табылды. «Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда қоғамның рөлін күшейтуге және сыбайлас және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлкен мән беріп отыр. 2017 және 2018 жылдары ұйымдастырылған азаматтық бастамалардың съездері жемісті прогрестің жарқын үлгісі бола алады. Оның жұмысына азаматтық сектордың барлық деңгейлері мен категориялары, сонымен қатар, ауылдық және республикалық деңгейлердің әр түрлі санаттары қатысады. Бұл мәселеге бейжай қарамайтын азаматтар өздерінің бастамасымен қоғамдағы проблемаларды жоюға көмектеседі және өз шешімдерін ұсынып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттырады», – деп қорытындылады сөзін Арман Бердалин. Шынында да, сыбайлас жемқорлықпен бүкіл ел-жұрт бірігіп күрессе, нәтиженің оңды болары сөзсіз.