Болашақ зейнетақыңызды бүгіннен жоспарлаңыз

Болашақ зейнетақыңызды бүгіннен жоспарлаңыз

Болашақ зейнетақыңызды бүгіннен жоспарлаңыз
ашық дереккөзі
Болашаққа жиі көз тігіп, зейнет жасындағы жағдайымыздың қандай боларын алдын ала білгіміз келетіндігі рас. Амал нешік, болашақты дөп басып болжау мүмкін емес. Бірақ күйзелуге негіз жоқ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірге болашақ зейнетақыңыздың болжалды мөлшерін қазірден бастап есептеуге болады. «Маған мұның қажеті не, зейнет жасына дейін әлі талай жыл еңбек етуім керек». Кешегі студент, ал бүгінде еңбек жолын жаңадан бастап келе жатқан  жас мамандардан осындай сөздерді жиі естиміз. Қазақстанда 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейді, яғни болашақ зейнетақының мөлшері жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың сомасына тікелей байланысты. Еңбек қызметі барысында болашағыңызға неғұрлым көп қаражат жинасаңыз, құрметті демалыстағы өміріңіз де соғұрлым жайлы бола түспек. Сондықтан тұрғындар арасында жеке зейнетақы жоспарларын құру мәдениетін қалыптастыру үшін Қор сайтында зейнетақы калькуляторы орналастырылды. Енді әрбір азамат алдағы өмірін жоспарлау үшін калькулятордың көмегімен болашақ зейнетақысының мөлшерін есептей алады. Калькуляторды пайдалану өте оңай. Бұл үшін www.enpf.kz сайтының «Элек­трондық қызмет көрсету» бөліміне кіріп, «Зейнетақы калькуляторы» нысанын басу керек. Мұнда «Болжамды зейнет­ақы калькуляторы» (болашақ зейнеткерлерге арналған) және «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы»  (зейнеткерлерге арналған) орналасқан. Бұл ретте болжамды зейнетақы калькуляторын таңдай отырып, ондағы тиісті жолақтарға туған күнді, еңбек өтілін, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін, зейнетақы жинақтарының қазіргі сомасын және соңғы кездегі орташа жалақы мөлшерін енгізіп, сондай-ақ, жынысты белгілеп, «Есептеу» түймесін басу қажет. Егер зейнетақы калькуляторына Жеке кабинет арқылы кіретін болсаңыз, ондағы жолақтар автоматты түрде толтырылады. Калькулятор зейнетақыны үш сценарий: пессимистік, реалистік және оптимистік сценарий бойынша лезде есептеп береді. Қорытынды сома  бірнеше құрамдас бөліктен: ортақ зейнетақы, базалық зейнетақы, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы және (егер бар болса) ерікті зей­нетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақыдан тұрады. Сондай-ақ, калькулятор жинақ сомаңыздың қанша жылға жететіндігін, зейнеткерлікке шығар сәттегі болжалды жалақыңызды және ауыстыру коэффициентін (зейнетақының соңғы жалақымен салыстырғандағы пайыздық үлесі) есептеп береді. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) стандарттарына сәйкес ауыстыру коэффициенті соңғы жалақының кем дегенде 40 пайызын құрауы тиіс. Әрине, барлығымыз да құрметті демалыстағы өмір сүру деңгейінің белсенді еңбек қызметі кезіндегі өмір сүруі деңгейінен төмен болмағанын қалаймыз. Ал бұл үшін Қорға зейнетақы жарналарын уақытылы және толық көлемде аударып отыру қажет. Сонымен қатар жеке зейнетақы шотының жай-күйін, жарналардың тұрақты аударылуын үнемі қадағалап отырған абзал. Және ең бастысы – еңбек қатынасын заңдастырып, жалақыны «конвертпен» емес, ресми түрде алуға күш салу керек. Сондай-ақ, мүмкіндігінше ерікті зейнетақы жарналарын аударып тұрған жөн. Егер осы шарттарды орындайтын болсаңыз, зейнет жасындағы өміріңіз берекелі бола түседі және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл жолда Сізге көмектесуге қашанда дайын.  

«БЖЗҚ» АҚ

Алматы қалалық филиалы