Гуманизмді айтқанда шашалатындар неге көбейді?

Гуманизмді айтқанда шашалатындар неге көбейді?

Гуманизмді айтқанда шашалатындар неге көбейді?
ашық дереккөзі
Біздің жыл санауымызға дейінгі 4 жыл мен біздің дәуіріміздің 65-жылдары шегінде өмір сүрген Рим философы кіші Анней Луций Сенеканың: «Барлығы да дұрыс тірлік кешуді емес, бар болғаны ұзақтау өмір сүрудің қамын жейді; шындығына келсек, ұзақ өмір сүру ешкімге бұйырмаған нәрсе, ал дұрыс тірлік кешу бәріне де оп-оңай» деген терең мағыналы ғибраты жетіпті ықылым замандардан. Иә, ұзақ өмір сүру мен үлгілі өмір сүру мәселесі адамзатты сандаған ғасырлардан бері мазалап келе жатқан күрделі мәселе. Өкінішке қарай, осынау ғұмырлық жайт қазір тек идеалистер мен философтардың пікірталас тақырыбына ғана айналған сияқты. Әйтпесе, әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі өз таңдауларын жасап, қалайда ұзақ өмір сүрудің (дәурен құру) барлық амалын жасап жүр. Яғни, барлық бай-бақуатты елдер қандай жол, амал-айламен болса да бір-бірінен үстем түсуге, шектеулі идеологиясы мен өз принциптерінің төрткүл дүниеде мейлінше кең таралуына жанталаса күш салып келеді. Осылайша, мемлекет қана емес, қоғамның өзі де дұрыс тірлік кешу деген абстрактілі әрі қарапайым пендені нағыз адам қатарына қосатын қасиетті құндылықтарды соңғы қатарға ысырып қоярына күмән жоқ. Мұндай жағдайда адамзаттың талай-талай озық ойлы өкілдері арман еткен, қара күңгірт кезеңдерде адамдарға жарқын шұғыласын шашсын деп тілеген гуманизм идеясы мен ізгілік дәуірі келмеске кетіп, адамзат атаулы ешқашан қол жеткізе алмайтын қиялға ғана айналған сияқты болып көрінері де күмәнсіз. Өткен аптада, 14 маусым күні Мәскеудегі «Лужники» стадионында футболдан ХХІ әлем чемпионатының шымылдығы түрілген салтанатты кеште 78 мың жанкүйер және арнайы шақырылған құрметті қонақтардың алдында құттықтау сөз сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин қысқа ғана мәтінді оқи келе «гуманисткой... уху-уху, егх-м... гуманистических начал» – деп, қақалып-шашалып-ақ қалғаны. Күтпеген жерден тамағы құрғап, жөтел қысқандықтан емес. Осы тұста орыс халқының «Знает кошка, чьё мясо съела» деген терең мағыналы сөзі талайлардың тіл ұшына оралған. Қырым мен Донбасс жайы қақалтып-шашалтпай қойсын ба? Гуманизм сөзінің кең аясына ізгілік, адамшылық, әлсізге жанашырлық, қан төкпеу, өзгенің құқығын құрметтеу, әділдік, әлсізді қорғау, тағы да осы сияқты адамзатты асқақтататын барша асыл қасиеттер сиятыны белгілі. Бірақ Батыстың дамыған мемлекет басшыларының көпшілігінің лексиконынан бұл ұғым талайдан бері түсіп қалғаны қамықтырады. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап өздерін адам құқығын қас-қақпай қорғаушы, ізгілік пен жақсылықтың Құдай жаратқан жұмақ мекені деп санауға әбден бой үйретіп алған әрі әлемнің өзге бөлігіндегі барша халықтарды осыған еріксіз иландыруға күш салып келген Еуропа да кейінгі жылдары жүрісінен жаңыла бастағандай. Әлде расымен де Еуропа орта ғасырлардан бері адамзат философиясының ең биігі саналып келген гуманистік идеялардан біржола бас тартуға көшкені ме, әйтеуір, өткен аптада қара құрлық – Африкадан қашқан босқындар аузы-мұрнынан шыға тиелген «Аквариус» кемесінің тағдыры Еуропаның кейбір елдерін жүз шайыстырып тынды. Дипломатиялық қарым-қатынастарын үзе жаздады. 9-10 маусымда 600-ден астам босқындар тиелген шағын ғана «Аквариус» кемесі жал-жал толқындар тулаған Жерорта теңізін кесіп өтіп, Италия жағалауына тұмсық тіреп, зәкір тастаған-ды. 200 жолаушыға арналған «Аквариуста» әдеттегіден үш есе көп адам сығылыса тиелгендіктен ернеуіне дейін суға батқан кеменің кез келген сәтте құрдымға жұтылып, һарап болуы мүмкін болатын. Италия жағалауына өліп-талып жеткен босқындар Африканың жағдайы ең қиын қияндағы түкпірлерінен қашқан бейшаралар, көбісі өмірлеріне шын қауіп төнгендер мен жас балалар. Олардың көбі 1 жыл бойы қара құрлықты жаяу-жалпылай жүріп кесіп өтіп, теңіз жағалауына жадап-жүдеп жеткендер. Қараңғы түнде қу жандарын шүберекке түйіп, қалтылдаған резіңке қайыққа мініп, көзге түртсе көргісіз түнекте түпсіз теңізге ескек салған босқындарды халықаралық «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының мүшелері апаттан құтқарып, «Аквариусқа» тиеген. Осылайша, бұл кеме халықаралық дау-дамайдың себепкеріне айналды. Арып-ашқан заңсыз мигранттарды қабылдаудан Италия да, Мальта да бірден мізбақпастан бас тартты. Тіпті, көрші екі ел осы жағдайға байланысты көкайыл әйелдердей керісіп, сөзге келіп үлгерген. Итальяндар: «Біз бұл кемені де, бұдан былай заңсыз мигранттарды да қабылдаудан бас тартамыз. Керек болса, қару қолдануға дайынбыз. Бұдан былай адамдарды контрабандалық жолдармен тасымалдайтын бандиттік топтардың арам жолмен баюына жол бермейміз», – деп қатаң ескертті. Тіпті, соңғы жылдары Апенин түбегіндегі тарихы терең елде 32 мың заңсыз эмигрант тұрақтанып қалғанын қапаланып, қайғы жұтып жеткізді. Бармақтың басындай Мальта тіптен тіксініп шыға келсін. «Титімдей аралымызды шыққан тегі белгісіз әлдекімдерге, қаңғыған келімсектерге таптата алмаймыз», – деген мәнзелде ауыр-ауыр сөздер айтып, ресми Римнің бетін аямай тырнаған. Қалыптасқан жағдайға Париж наразылығын танытып, ел президенті Эммануель Макрон арағайындық жасағысы келген-ақ еді, бірақ Мальта мен Италия Макронның сөзін құлағына да қыстырған жоқ. Макронның бұл іске төтеннен араласатын жөні де бар: Жерорта теңізінің құшағынан босқындарды құтқарған «Аквариус» кемесінің командасы түгелдей Франция елінің азаматтары. Бірақ босқындарды Франция жағалауына емес, Италия жеріне жеткізуінің астарынан да ілік іздегендер аз бола қойған жоқ. Адам неге босқын атанады? Туған жері, жұмақ өлкесін тастап, бала-шағасын арқалап қашқандар бақытты басқа жақтан іздейтіні қалай? Ал «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған африкалықтардың қазіргі халін жеңілдету үшін не істелуі керек? Рас, қазақта «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген мәні терең сөз бар. Ендеше, өз өмірі, балаларының болашағы үшін бай, қуатты елдерге көз сүзетін жандарды қалай кінәлауға болады? Өмір үшін туған жерінен безгендерді қалайша заңсыз мигрант дей аласыз? БҰҰ-ның мәліметінше, 2018 жылдың басынан бері буырқанған Жерорта теңізін 35 мың адам кесіп өтіп, 800 адам теңіз суына батып, мезгілінен бұрын ажал құшқан. 2015-2016 жылдары Еуропа елдеріне ағылған босқындардың мыңдаған балалары құпия жағдайда жоғалып кеткені тағы бар. Еуропа есінен жаңыла бастағандай. Адам құқығын сыныққа сылтау ететін кәрі құрлықтағы кейбір елдер – Венгрия, Чехия, Австрия, Словения бұдан былай бейшара босқындарды табалдырығымыздан аттатпаймыз деп отыр. Есесіне, соңғы жылдары Түркияда шариғатқа қайшы деп, гейлердің шеруін өткізуге тыйым салған Реджеп Тайип Ердоғанды жауыз, адамдыққа жат диктатор етіп көрсетуді, БАҚ-тарда барынша жамандауды жолға қойып алғандары аңғарылады. Мьянмада миллиондаған мұсылман рохинджалар аяусыз қуғынға түсіп, босып, талайы жасырын жағдайда өлтірілген соң, Ердоған бейбіт халықты қорғау үшін бұл елге әскер кіргізетінін мәлімдегенде еуропалық саясаткерлердің талайы Түркия президентін қантөгіске құмар жан, соғысқұмар деп айыптағаны белгілі. Сонда Мьянма мұсылмандары және Африка құрлығынан қашып шыққан босқындардың өмірін әлдебір шизиктер мен гейлердің, көгілдірлердің өмірінен құнсыз болғаны ма деп жаны күйзелетіндер аз емес. P.S. Сейсенбі күні АҚШ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан шығатыны туралы мәлімдеді. Бұл туралы Вашингтонның шешімін АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жариялады. «АҚШ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан ресми түрде шығады. Әйткенмен, АҚШ-тың бұл қадамы адам құқығы саласындағы міндеттемелерінен бас тартуды білдірмейтінін айтқым келеді», – деді Хейли. Оның айтуынша, Вашингтон мұндай шешімді өткен жыл ішінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне реформа жүргізуге шақырған талпыныстары «елеусіз қалып, еш нәтиже бермеген соң» қабылдаған. «Біз мұндай қадамға өзге мүдделер үшін адам құқықтарын мазаққа айналдырған екіжүзді ұйымның құрамында қалуға төзбейтіндіктен барып отырмыз», – деп мәлімдеді ол.

Жаңабек ШАҒАТАЙ